Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасз ету мақсатында 4 жұмысшы тобы құрылған. Оған тиісті құзырлы органдардың өкілдері кірген.
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалаға қарасты Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов айтып берді.
- Аудан аумағыдағы Shymkent Plaza, Mega Planet, ЦУМ және Береке атты 4 ірі сауда орталықтары жабылған. Ал, Акбар және орталық қырғы базарлардың жұмыс істеу уақыты шектелсе, Дархан базары толық жабылды. Жұмыс істеп тұрған базарлардың аумағында күніне 2 рет дезинфекция жасалуда. Сондай-ақ, базар әкімшіліктері саудагерлер мен келушілердің медициналық бетперде мен қолғап киюін және қолды антисептикалық өңдеуден өткізуін қадағалап отыр, - деді Ғабит Патшаханұлы.
Қазіргі таңда аудандағы 12 кәсіпкерлік нысандары дене қызуын өлшегіш контактісіз тепловизормен қамтылған. Бүгінгі таңда барлық кәсіпкерлік нысандарды осындай құрылғылармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
Аудан әкімінің айтуынша, 45 кәсіпкерлік нысаны өз еркімен жабылды. Ал, шектеулерді ескермеген және санитарлық талаптарды орындамаған 175 кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған 5 азамат 3 тәулікке қамауға алынған.
Шымкент