• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Наурыз, 2020

Елімізде микроқаржы ұйымдары, ломбардтар және онлайн-кредиторлар жаппай тексеріледі

195 рет
көрсетілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының, ломбардтардың және онлайн-кредиторлардың заңнама талаптарына сәйкес келуі, қаржы пирамидасының белгілерін және заңсыз банк қызметін анықтау тұрғысынан ломбардтарды тексеруді бастайды.

Тексерулер наурыз – маусым аралығында микроқаржы ұйымдарының барынша көп саны шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өтеді. Бұл тексеріске 1100 ломбард қамтылады (бұл республика бойынша жалпы санынан 50%-дан астам), оның ішінде сәуірде – 424, мамырда – 323, маусымда – 353. Сонымен бірге шамамен 50 онлайн-кредиттеу субъектісі және 200-ге жуық микроқаржы ұйымдарының субъектісі тексерілетін болады.

Бірінші кезекте тексеруші топтар Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы тапсырмасын орындау тұрғысынан тексеру жүргізеді.

Тексеруге кірісті жылыстату және терроризмді қаржыландыруға, қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қарсы іс-қимыл, борыш жүктемесінің коэффициентіне, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мөлшеріне және микроқарыздар бойынша шекті сыйақының мәніне, сыйақыны, айыппұлдар мен өсімпұлдарды дұрыс есептеуге,  микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігінің тәртібіне қойылатын талаптар бөлігінде заңнаманы сақтау туралы деректер де тексеріледі.

Заңнама талаптарының сақталмауы, қаржы пирамидасының және заңсыз банк қызметінің белгілері анықталған жағдайда ұйымдарға қызметін тоқтатуды қоса алғанда, заңсыз қызметі үшін жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады.