Коронавирустың салдарынан көп шығынға батқан Туриннің «Ювентусы» өз командасының бас жұлдызы Криштиану Роналдуды сатуы мүмкін.
Қазіргі кезде шет мемлекеттердің көптеген бұқаралық ақпарат құралдары дәл осындай хабар таратуда. Сан мәрте әлемнің ең үздік футболшысы және қарт құрлықтың ең үздік сұрмергені ретінде танылып, басқа да көптеген атақтарды иеленген даңқты португалиялық шабуылшы 2018 жылы Мадридтің «Реалынан» Турниннің «Ювентусына» ауысқан еді. Сол кезде Криштиану Роналдудың трансферлік құны 112 миллион евроға бағаланды. 35 жастағы шоқ жұлдыз Италияның А сериясында да жасындай жарқырады. Биылғы маусымда өткен түрлі турнирде 32 рет жасыл алаңға шыққан ол 25 голдың авторы атанып, төрт рет нәтижелі пас берді. Талай маңызды матчтарда өз командасын алға сүйреп, жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты.
Коронавирустың кесірінен әлемнің өзге де футбол клубтары секілді «Ювентус» та мол шығынға батты. Алдағы уақытта олар Роналдуға бұрынғы жалақасын төлей алмауы да әбден мүмкін. Қазіргі кезде туриндік клуб тек айтулы футболшы үшін ғана жылына 31 миллион евро мөлшерінде қаражат жұмсайды екен. Сол себепті де олар 35 жастағы португалиялық сұрмергенді сатып жіберуі де мүмкін.