Еліміздегі карантин режимі мәдени мекемелердің жұмысын тоқтатқанымен, халықтың өнерден қол үзіп қалмауы үшін бірқатар өнер ошақтары өз көрерменін қашықтықтан-ақ ән-жырмен сусындатып отыр. Айталық, Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы өзінің тыңдармандары үшін онлайн концерттер қоюда.
Әлеуметтік желідегі ұйымның Instagram және Facebook ресми парақшалары арқылы тікелей эфирде 30 - наурыз күні Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртістері Жігер Саханов пен Жаннат Рақметованың концерті өтті.
Бүгін, яғни 31 - наурыз күні Қазақстанның мәдениет қайраткері Ержан Алимбетовтың "Күй сөйлесін" концерті желі арқылы көрерменге жол тартты.
Игі шара алдағы күндері жалғаса бермек. Тыңдармандар сәуірдің 4 күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің солисі Игорь Благодарныйдың, 12 - сәуір күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжан Үзенбаеваның (фортепиано), 15 - сәуір халықаралық байқаулардың лауреаты Еркебұлан Сапарбаевтың (скрипка) концертін тамашалай алады. Басталуы 17:00-де.