Ақтөбе аймағында адам баласының балалық шағын бақытты етудің барлық бағыттары белгіленген. Мұндай әкелік қамқорлық олардың жан-жақты өсіп жетілуіне ықпалын тигізуде. Осы өңірде тұсауы кесілген «Baqitty bala» атты балалардың ашық вокалдық фестиваль байқауы - «Бұлақ көрсең, көзін аштың» басты көрінісі. Қазіргі кезде дәстүрге айнала бастаған жас жеткіншектердің ән сайысы өңір брэндіне айналып келеді.
Таяуда облыс әкімдігінің және Димаш Құдайберген мен оның ДимашАли продюсерлік орталығының қолдауымен өткізілген екінші фестиваль-байқау мәреге жетті. Оған қатысуға әлемнің тоғыз елінен 500-ден астам өтініш түсті. Соның ішінде қазылар алқасы үш ай уақытын сарп етіп, жиырма баланы іріктеп алды. Ұзақ уақытты талап еткен таңдау оларға оңай тимеген секілді. Бұл жөнінде Ресейдің еңбек сіңірген әншісі, композитор Владимир Эзеров «қалай дегенде де байқаудың жоғары талаптары орындалуы тиіс. Осы орайда қазылар алқасының мүшелері вокалдық қабілеттері мол, бірінен бірі өткен балғын таланттарды дұрыс таңдап, өз міндеттерін адал атқара алды» деген тілегін білдірді.
Осы орайда қазылар алқасының мүшелерінен шеттерінен шоу индустриясының жілік майын шағып ішкен әлемге танымен жұлдыздар екені балалар фестивалінің көркемдік деңгейін көтере түскені кәміл. Сондай-ақ Украинаның танымен әншісі Аида Николайчук пен әйгілі «Голос» теле-жобасының жүргізушісі, грузин орындаушысы Ниницно Беладзе тәуелсіз өкіл ретінде шақырылған. Сараптамалық топ құрамындағы Евгений Евзеровтың де атағы бір басына жетеді. Аталған құрамға елімізден Димаш Құдайбергеннің соунд-продюсері және музыка көркемдеуші Ерлан Бекчурин, танымал әнші-композитор Ұлықпан Жолдас және Димаштың ұстазы, оның дара талантын әлемге таныта білген өнер иесі Марат Әйтімов енгізілген.
Олардың қай-қайсы да конкурстық өтінімдер сапасының жақсарғаны және жас орындаушылардың вокалдық деңгейі өскені жөніндегі ортақ ой-пікірге келіп отыр. Олардың арасында халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген жас ұландардың да мол екені «Baqitty bala» бәсін биіктете түседі. Іріктеу кезеңінің басты қорытындысы Димаш Құдайбергеннің артынан ерген талантты іні-қарындастары бар екенін көрсетіп берді деуге болады.
Байқау қорытындысында астаналық Әйгерім Тілеубек пен Ресейдің Түмен қаласынан келген жас дарын Ислам Балкоев бас жүлдеге ие болып, әрқайсына бір миллион теңге сыйлық берілді. Ал бірінші орын Ресейдің Тула қаласынан келген Мария Панюкова мен алматылық Нұрлыбек Сапарбайдың еншісіне тиді. Айта кетерлік мәселе, бас жүлдені иеленген Ислам Балкоев Ресейдің «Первый канал» телеарнасынан көрсетілетін «Голос Дети» телевизиялық жобасынан көпшілікке танымал екені мәлім. Ол байқауда екі ән орындады. Оның бірі - «Моя Ингушетия». Ислам байқауда жеңімпаз болғанына қуанышты екенін жасырмады.
Фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде сахнаға бүгінгі қазақ өнерінің жас қыраны Димаш Құдайберген көтеріліп, байқауды ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың бәріне сәт-сапар тілеп, жылы ықыласын білдірді. Әрі көпшіліктің сұрауы мен тілегі бойынша ән шырқады. Сондай-ақ осы күні айрықша талант иесі - Шалқар қаласында электр қуатына соғылып, екі қолынан айырылып қалған Дамир Фатхулинмен кездесіп, оған материалдық қолдау көрсетті. Сөз соңында «Baqitty bala» ашық балалар вокалдық-фестиваль байқауы жас толқынның үлкен сахнада өнер көрсетуіне жол ашатын және қанаты қатаюына көмегін тигізетін өнер сайысына айналып келеді демекпіз.
АҚТӨБЕ