• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Таным 01 Сәуір, 2020

Архивтерде алуан түрлі дерек бар

198 рет
көрсетілді

Өңірдегі Мемлекеттік Архив қызметінің мәліметінше, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерге шақырылғандар жөнінде мәліметтер еліміздің Қорғаныс министрлігіне қарасты департамент архивтерінде сақтаулы. Сондай-ақ Ресейдегі Подольск қаласы Орталық архивіне сұрау салуға болады.

Архив басшысының орынбасары Қаншайым Мақажанованың айтуынша, бүгінде интернет жүйесінде Подольск қаласындағы архивтің үш жобасы жұмыс істейді. Біріншісі, қаза болған және хабарсыз кеткендер туралы «Мемориал» мәліметтер жинағы. Екіншісі, соғыстан аман-есен оралғандар мен қаза болғандар жайлы құжаттардың электрондық бөлімі. Үшіншісі – «Память народа» порталы.

– Ресей Қорғаныс министрлігінің Ор­талық архивіндегі іздестіру жұмысы ба­­ры­сында біз соғыста қаза тапқан 116 жер­­­лесіміздің есептік-тіркеу құжаттарын тап­тық. Біздің архивте соғысқа қатысқан адамдардың өмірі туралы, басқа да құ­жаттарының жиынтық коллекциясы жасалды. Бұл жиынтық құжаттарда майдан шебінен жазылған хаттар, есте­ліктер, фотосуреттер, марапаттау құжат­тары сақталған, – дейді Қаншайым Мақа­жанова.

Жергілікті архив қызметкерлері Ресей­дің Орталық архивіндегі іздестіру жұ­мыстары барысында Павлодар өңі­рінен аттанып, Кеңес Одағының Батыры атанғандардың марапатталу қағаздарын тапқан. Олардың арасында Қ.Қамзин, К.Семенченко, И.Скляров сынды үш батырдың жеке өмірлері, Даңқ ордені иегерлерінің марапатталу қағаздары, әскери бөлімдердің осы жоғары марапатқа ұсыну жөніндегі бұйрықтары сақталған.

– Ертіс аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанған жерлесіміз Қабыш Көктаев туралы ақпарат табылды. Негізі Қ.Көктаев Кеңес Одағының Ба­тыры атағына 1944 жылдың 9 тамы­зында, 1945 жылдың 4 ақпанында екі рет ұсы­нылған. Рота командирі Қ.Көктаевтың Польшаны жаудан азат етудегі, Германия жеріндегі көрсеткен ерліктері жазылған, – дейді Қаншайым Мақажанова.

Ал даңқты жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдинге қатысты деректерде 100-ші жеке атқыштар бригадасының, 1-ші ат­қыштар дивизиясының құрамындағы Ә.Баймолдиннің аты-жөні, тегі жазылған бұйрықтары, қазаға ұшыраған офицерлік құрамды есепке алу әліпби кітабы анық­талыпты.

Бүгінде Ресейдің Ржев қаласында қазақстандық 100-ші және 101-ші ұлт­тық атқыштар бригадаларының жа­уын­герлеріне арналған мемориалдық кешен бар. Онда 10 мың қазақстандық жа­уынгердің аты жазылған.

Ал 31 керекулік жауынгер Кеңес Ода­ғының Батыры атағын алса, 8 жауынгер үш дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды. 

 Ресми деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа біздің өңірімізден 46 мыңнан аса адам аттанған. Соғыста қаза болғаны, хабарсыз кеткендері қан­шама, 11 мың жауынгер әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен деп саналады.

Осы күнге дейін үміттерін үзбей, сар­ғайған сағыныштарын жүректе сақтап атасын, әкесін, ағасын іздегендер қарасы азаяр емес. Өздері өмірде болмаса да, архивтерде деректері сақталғаны – көңілге медеу.

Жалпы, облыстық мемлекеттік архивте жергілікті әскери комиссариатқа өз еріктерімен майданға аттануға сұ­ран­­ған азаматтардың өтініштері де сақ­талған. Соғыстың алғашқы айларында 600-ге жуық өтініш түскен. Облыстық Қор­ғаныс департаментінің деректеріне сү­­йенсек, 1941 жылдың маусым, шілде айла­рын­да шақырылғандар мен өз қалауымен сұ­ранып барған майдангерлер осы 314-ші атқыштар дивизиясының құрамына ен­ген. Біздің жерлестеріміз 858-ші артиллерия полкінің, 590-шы жеке сапёр батальонының құрамына алынған.

Қаншайым Мақажанова айтқан Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық ар­хиві қорынан 314-ші атқыштар дивизиясының соғыс жолдары, әскери сипаттамасы, майдан жолы, оперативтік мәліметтері, майдан шебінен жеткізілген хабарлары, бұйрықтары, дивизияның майдан жолы бойында қаза болғандардың жерленген орындарының жобасы секілді құжаттар табылған. Бұл құжаттардың сканерлік көшірмелері жасалынды.

Сонымен қатар облыстық мемлекет­тік архивте Финляндия Ұлттық архи­­вінен алынған деректер де бар. Яғни 1939-1944 жылдары тұтқынға түс­кен 63 мың адамның құжатының іші­нен 289 қазақстандықтың есептік кар­точ­каларын тапқан. Олардың 43-і павлодарлық. Фашистік лагерьлердің азабын көрген тұтқындардың тізімі, анкеталары, естеліктері, өмірбаяндары, фотосуреттері, ақталу жөніндегі анық­тамалары сақталған.

– Соғыстан оралмаған жерлестеріміз туралы «Боздақтар» кітабының 6 томын дайындап, жарыққа шығардық. Кітап Подольскідегі Ресей архивінің мә­ліметтері негізінде жазылды. Із­деу­шілер хабарсыз кеткендер туралы мә­ліметтерді осы кітаптардан да іздес­тіре алады. Құрас­тырушылар үшін «Боздақтар» кітабын шығаруда мәлімет жинау, іздестіру жұ­мыстары оңай болған жоқ. Соғыста 556 жауынгер қаза тапса, 549-ы хабарсыз кет­кен. Неміс және фин тұтқынында қаза тапқан 22 павлодарлықты, хабарсыз кеткен 128 офицер мен 1259 қатардағы жауынгер туралы ақпараттарды қостық, – дейді облыстық мұрағат қызметкері Халел Әкімханов.

Концлагерьлерде тұтқында болған, партизан жасағы және польшалық әске­ри құрамалар құрамында соғысқан пав­лодарлық жауынгерлер туралы мәлі­меттер кітаптарда жарияланды.

Сонымен қатар, жаудың лагерьлерінде тұтқында болған, Қиыр Шығыста Квантун әскерлерін талқандауға қатысқан партизан отрядтары мен поляк әскери құра­маларының сапында соғысқан 5 мың­нан астам павлодарлық жауынгер туралы анықталған деректер қосылыпты.

Жергілікті архив қызметкерлері енді Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына арналған осы архивтік құжаттарды ғылыми жүйеге енгізіп, зерттеушілерге тапсырмақшы.

 

Павлодар облысы