Жасырып-жабулайтын несі бар, Сталиннің соғыс жылдарында да қазақтарға іші жыли қоймағаны анық. Мұны Бауыржан Момышұлының майдан жорықтарында көрсеткен ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмағанынан да аңғаруға болады.
Майдангерлермен мейлінше ресми сөйлесіп, сыр суыртпақтап талай сырластық қой, олар қан-қасап соғыстың қиямет ауыртпалықтарынан бөлек, мұсылман қауымына жасалатын қиянаттарды там-тұмдап айтып қалатын. Сонда да өздерінің өжеттілігі, сауаттылығы, алғырлығы, батырлығы арқасында әскери бөлімдердің басшылық құрамында болғандар көп-ақ. Солардың бірі бұрынғы Шымкент облысы, Бөген ауданы, «Қарааспан» кеңшары, Ленин бөлімшесінде дүниеге келген Әбдіраш Назарбеков еді.
Әбдіраш Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, Амангелді атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп жүрген кезінде соғыс өрті бұрқ етті. Жас ұстаз өзі сұранып Отан қорғауға аттанды. Солтүстік-Батыс майданында 161-гвардиясының атқыштар взводына келіп түсті. Ерлігімен көзге түскен ол осы взводқа командир болып бекітіледі. Көп ұзамай Солтүстік-Батыс Прибалтика майданында екпінді Кеңес Армиясының «айыптылар батальонының» командирі болып жоғарылайды. Әбдірашты «штрафбаттың» командирлігіне тағайындағанға дейін оны жан-жақты тексеуден өткізген еді. Әрине бірінші кезекте Отанға, партияға адалдығы сынақтан өтті. Сондай-ақ Әбдіраштың педагог болғаны да ескерілген еді. Ал батальон бірыңғай сотталғандардан құралды. Айыптыларды соғыс кезінде үнемі алдыңғы лекте ұстады. Қашанда желдің өтінде, жаумен бетпе-бет жүретін, соғысу тәсілі де анағұрлым ауыр, құрамы тіпті күрделі батальонды басқару анау-мынау командирге тапсырылмайтыны да белгілі. Міне, осындай бітімі бөлектеу батальонды қазақ ұланы басқарды.Басқарып қана қоймай, небір кескілескен ұрыста шығынсыз жеңістерге жетіп отырды. Басқыншылардың небір тегеурінді шабуылдарына тойтарыс берілді. Айыпты болса да асыл іс тындырып жүрген жауынгерлер қайтпас қайсарлығы, өршіл өжеттілігі, темірдей төзімділігі бар командирлеріне сенді. Сондықтан да талай темір қоршауларды талқандап шығып, Кеңес Армиясына қайта қосылып отырды. Міне, сондықтан оған Александр Невский ордені берілді. Қазақ жауынгерлері арасында мұндай марапатқа ие болғандар некен-саяқ. Мұндай марапат қолбасшыларға ғана беріледі. Әбдіраш Назарбеков мұнан соң да Қызыл Жұлдыз орденін омырауына тақты.
Командир түптеп келгенде жауынгерлердің ұстазы. Ол жауынгерлерге тәрбие жұмысын тиянақты жүргізе білгендігінен де шығар, үнемі алғы шепте жүретін жауынгерлер бір адым да кері шегінбеді. Оларға шегінуге рұқсат жоқ та еді. Тек қана «Алға!» деген ұранмен атой салған айыптылар өлімнен қорыққан жоқ. Бәлкім, бойларында кінәмізді қанмен жуамыз деген бір сенім болған шығар.
Бірде орман ішінде кескілескен ұрыс жүріп жатты. Сол шайқаста Әбдіраш ішінен жараланып, бүк түсіп жатып қалды. Немістер болса өкшелеп қалған еді. Алайда жаралы командирін көрген екі жауынгері оны өздерімен бірге ала кетті. Одан әрі жауынгерлерге тамақ әкелген арбаға тиеп жатқаны есінде. Ал көзін ашқанда Пермь (бұрынғы Молотов) қаласындағы 1324-ші әскери госпитальда жатқанын бір-ақ білді. Әскери хирургтер оның ішіне ота жасапты. Әбдірашты олар қайтадан майданға жібермеді. Соғыстың бітуіне небәрі төрт ай қалғанда елге қайтарылды.
Майдангер елге оралысымен мектебіне жол тартты. Арыс қаласында С.М.Киров атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,мектеп-пансионат, мектеп-интернат меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Халық ағарту ісінің дамуына елеулі үлес қосып, білім саласында ұзақ та сапалы қызмет атқарғаны үшін Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ә.Назарбековтың ерлігі мен ерен еңбегін мемлекет бейбіт заманда да ұмытқан жоқ. Жеңістің 20,30 жылдығы кезінде шығарылған медальдармен марапатталды. Сондай-ақ «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл» медалінің иегері, «Еңбек ардагері» атанды.
Әбдіраш Назарбеков 1982 жылдың 2 шілдесінде Байырқұм елді мекенінде өмірден өтті. Жарықтық көзі тірісінде соғыс туралы шешіліп көп сөйлемеуші еді. Майдан даласында үнемі ең жауапты да ауыр аймақтар мен шептерге жіберілетінін ғана там-тұмдап айтатын. «Айыптылар батальоны» деген таңбасы бар олардың қаншама көзсіз ерліктері еленбей қалды. Ал соның өзінде Әбдіраш Назарбековке Александр Невский орденін табыстамауға басқа шара қалмағанын батырдың жанкешті жаужүректілігінен іздегеніміз абзал.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
журналист