Халықаралық нарықтағы ең ірі инвестициялық банк саналатын «Goldman Sachs» банкінің сарапшылары «бүкіләлемдік тауар биржаларында мұнай енді бұрынғыдай болмайды, одан әрі арзандайды» деген қорытынды айтты.
Банк сарапшыларының мәлімдеуінше, мұндайда жеңіл өнеркәсібін дамытып алған елдерге әсер етпейді. Керісінше, бұл елдердің табысты дәурені орнайды. Мұндай елдердің санатында Қытай, Үндістан, Түркия, Бразилия, АҚШ, Италия, Индонезия елдері көш бастап тұр. Экономист Жарас Ахметов арзан мұнай көптеген мүмкіндікке жол ашатынын тілге тиек етіп өтті. Қытай, Сауд Арабиясы, АҚШ сияқты мемлекеттер киім тігетін жіптен бастап матаға дейін мұнайдан алатын технологияның тілін меңгеріп алған. Әлем халқының киім-кешекке деген қажеттілігінің 70 пайызын қанағаттандырып отырған Қытайда жеңіл өнеркәсіпке қажетті талшықтардың барлығы мұнайды химиялық синтездеу арқылы алынады.
Коронавирустан қалжырап шыққан Қытайдың қазіргі ЖІӨ 13 триллион АҚШ долларына жуықтаған.
Әлемде экономикасы мұнайдан түскен түсімге байланған елдердің бірі Венесуэла өкіметі бюджетіне түсетін түсімін мұнай бағасы «80 доллар болады» деп сәйкестендіріп қойыпты. Қазір бұл ел дағдарыста. Мұнай бағамының түсуінен Данияның ұлттық валютасы 40 пайызға құнсызданып кеткен. Ал Норвегияның ұлттық валютасын 20 пайызға құнсыздандырды.
Сондықтан мамандар ендігі бағыт шикі мұнай емес, мұнай қалдықтарымен жұмыс істеуге бағытталу керектігін айтып отыр.
Мұнайдан алынатын синтетикалық талшықтарды қосу арқылы Италия былғары етіктерін әлемдік брендке айналдырды.
Қытай 1 тонна жүнге 100 грамм мұнай-химиялық талшығын қосып мата алатынымен әлемді таңқалдырып отыр.
Бізде шикі мұнай да көп, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты шикізат та баршылық.
Мамандар өндірістің бұл сегментін дамыту үшін Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс екенін айтады. Мұндай жүйе мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады.
Осы ретте экономист Жарас Ахметов Қытайдың өткен аптадан бастап мұнай сатып алуға кіріскеніне назар аудару қажеттігін айтады. Арзан мұнай ҚХР үшін жеңіл өнеркәсіпті дамытудың қосалқы мүмкіндігі. Алдағы бес жылда біз көрші елдің жеңіл индустриясы ғарыштық жылдамдықпен дами бастағанына куә болатын боламыз. «Сондықтан елде мұнай қоры бар кезде оны тиын тебенге өткізбей, одан өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік беретін синтетикалық талшықтар өндіре бастауға көңіл бөлу керек. Бұл химия кластерін дамытудың алғы шарты болады» дейді Жарас Ахметов.
Ауыл шаруашылығының мамандары болса, «бізде бәрі бар, мақта бар, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндік мол» деген пікір бос қиял екенін айтады. Қазақстанның жерін сауықтыратын бағдарламаның жобасын дайындайтын кез келді.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ бидайының сортын тәжірибе ретінде Канадада екті. Нәтижесінде жоғары сұрыпты керемет бидай дақылы өсіп шықты. Ал бізде тура сол дақыл ондай нәтиже көрсетпейді» дейді Жарас Ахметов.
Жарас Ахметов бұл тек бидайға ғана емес, мақта немесе мал терісіне қатысты да осы пікірді айтуға болатынын айтады. Оңтүстік өңірлерде өсетін мақтадан сапалы мата дайындау мүмкін емес, Себебі мақта дақылы тек 90 күнде ғана пісіп-жетіледі. Сол кезде ғана одан сапалы мата дайындауға болады. «Сәуірдің аяқ жағында егілген мақта қыркүйек айында толық пісіп жетілмейді. Сосын оны химиялық дәрі-дәрмек шашып, көсекті жасанды түрде ашып, мақта жинауға кіріседі. Бұдан кейін одан қандай сапалы өнім күтуге болады. Сол себепті 40-50 күнде пісіп жетілетін мақта сортын дайындамайынша, жеңіл өнеркәсіпті дамыта алмаймыз» дейді Жарас Ахметов.
Ал ауыл шаруашылығың маманы, кәсіпкер Сайлау Тотықов осыдан бес-алты жыл бұрын ҚХР-дегі Гуонжоу аяқ-киім тігетін фабрикасының диллерімен танысып, тері-терсек өткізіп, бизнесін бастамақ болғанын айтады. Алғашқы 2 тонна теріні Қытайға жіберген. Ал ҚХР-дегі аяқ киім тігетін фабриканың сарапшылары қазақ жерінен барған теріні қабылдамай, төмен бағамен басқа салаға жіберу керектігін сұрайды. Себебі қазақ малының терілері тереңдете өңдеуді қажетсінбейтін аяқ киім түрлерін дайындауға ғана жарайды екен. Себебі қазақ жерінде өскен мал терісінің сапасы өте нашар, әрі қырық жерден шұрқ тесік болып шыққан. Ал сапалы етік дайындауға дені сау мал терісі керек екен. Ал сапасыз тері өндірістік жағдайда іріп, басы бірікпейтін көрінеді.
«Үкімет ауыл шаруашылығына көңіл бөлмейді деп айтуға болмайды. Бөлініп жатыр. Бөлінген қаржының жемқор шенеуніктерден қалғаны да ауылды дамытуға жетер еді. Бірақ біз ауылды дамытуды жерді сауықтырудан бастауымыз керек» дейді Сайлау Тотықов.
Қос маманның пікірі де қисынды. Себебі тәуелсіздік тарихында жерді сауықтыру мақсатында бағдарлама қабылдады дегенді естіген жоқпыз. Бұл ұсынысты тиісті орындар қаперге алса, әлі де болса кеш емес...