1.Әндеріміз қайда кетіп барады?
Туғанына 175 жыл толуы тойланып жатқан Абай Құнанбайұлының: «Әннің де естісі бар, есері бар...» дегеніндегі «есер» ескірмей-ақ қойды. Театр сахнасынан да, теледидар экранынан да, радио арналарынан да «мен-мұндалап» шыға келеді. Мұхиттың арғы-бергі жағындағы елдердің «жұлдыздары» айтып жүрген, әннен бұрын тақылдақ-бақылдақ тақпаққа ұқсайтын жұлқынды, қышқырынды әуенсымақтар біздің «жұлдыздардың» да біразын «баурап алды». Ал жын соққандай құтырық бисымақтары біздің бишісымақтардың талайын ұйқы-күлкіден айырды. Ол «өнеге» бізді іздеп тура келген жоқ, алайда Ресейге жеткен жерінде бас салған еліктегіш-солықтағыштарымыз «ұстаздарынан» асып түспесе, қалып қоймады. Соның бір мысалын, теледидардың көмегімен ресейлік эстрада сахналарының түп-төрінен байқап жүргеніміздей, біздің елордадағы, Алматыдағы сахналардың «көркемделуінен» көрудеміз. Электр қуатымен құбылып, құбыжықтанып, алас-күлес, алқын-жұлқын, айқыш-ұйқыш аударылып, төңкеріліп, дөңгеленіп, ұшып-қонып, көшіп те жатқан сапырынды көріністер. Залды әрі-бері осқылап тұрған электршамдар көзіңді бұлдыратады. Одан беріде, сахнада, әнді сүйемелдеуші аспаптардың даңғыр-дұңғыры, арсыл-гүрсілі, шаң-шұңы әнші даусын анық естіртпейді. Солардан мезі болып, ән-күй тыңдап та, би көріп те мәз бола алмадым да, тұрақ-мекенім Алматының театрларына баруымды шектедім.
Бірде осы жайтты әңгімелей қалғанымда тәжірибелі кардиолог-дәрігер көршім Сырым Қалиұлы: «Біздің бөлімшеге келіп қаралып жүргендердің арасында жүрегіне, жүйкесіне салмақ түскендер көбейіп барады. Кейбіреуі кеше театрға, концертке барғанын, оркестрдің тарс-тұрс, қаңғыр-құңғыры басын әңкі-тәңкі еткенін айтады. Өткен аптада екеуін ауруханаға жатқыздым» деді.
Жас журналшы кезімде айқай-шудың адамға зияны жөнінде мақала жазуды ойлап, сол ыңғайдағы бірнеше кітапты оқығаным бар. Бір ғалым тәжірибе үшін жүк машинасын шөптесін далада жүйткітіп келе жатып қалт тоқтата қойғанда, 3 метрге жуық маңайындағы шөптердің, гүлдердің машина тежегішінің қатты қажалыс-шиқылынан бұйыға, бүрісе қалғанын жазыпты. Екінші ғалым арнаулы сынау цехында ұшақ моторын іске қосып, жанына бос қаңылтыр шелекті қойып кеткен. 2 сағаттан соң барып қараса шелек үгітіліп қалыпты.
Біздің үлкен-кіші оркестр атаулымыз да тыңдаушыларды шексіз даңғазалығымен шаршатуда. Әнді сүйемелдеуші аспап атаулылары үздіксіз дүңкілдеп, таңқылдап, тоңқылдап, жүйкеңді жұлқылайды. Соларға жем бола бермей, радиоарналарға бет бұрайын деп ұйғардым да, ұстап жүруге ыңғайлы шағын ғана радиоқабылдағыш сатып алдым. «Бала күнімізден таныс әндерді «Шалқар», «Қазақ радиосы», «Ретро FM» деп аталатын арналардан таба аласың, тек жалықпай ізде», деді бажам. Іздеуге кірістім. Ескі әндердің бірнешеуін тыңдап рахаттандым.
Әйткенмен, ол арналар да «заманауи талапқа» бейімделе бастаған ба, қалай, ертеңінде кешкісін біреуінің түймешегін басып едім, Кенен Әзірбаевтың «Бозторғайы» айтылып жатыр екен. Сөздері орнында, тек әуені ауытқып-ауытқып кетеді. Кенекеңнің мұңы жоқ, көңілді қалжың-қылжақ бар. Солайша «жаңартылып» кете берсе, Кенекеңнің «жерге қонбай шырылдаған бозторғайы», көп ұзамай жеңілтек қарлығашқа айналар-ау!.. Ал одан кейін басталған тапырықты тақпақ-әннен құтылуға асықтым. Ағаш қазықты ағаш балға-балтамен ұрып тұрғандай дүңкіл-дүрсіл, таңқ-тоңқ мәжбүрледі. «Ағаш қазық қағу» үдеп барады.
«Жаңартылып» дегенде бізде соңғы кезде «әнді өңдеуші сазгерлер» көбейгенін меңзеп отырмын. Мәселен: Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Жәнібек Кәрменов басқа да әйгілі әншілеріміз айтқан «Дударайға» бүгінгі «Дударай» шала-мала ұқсайды. Бірде аталған арналарды іздеп отырып: «Ду-у-у-у-да-а-ри-и... Ду-дари... Мәриямның айт-қан сө-зі... Ду-дар...» деп әлде ызыңға, әлде сыңсуға ұқсас әлсіз, үзік-үзік дауысты естідім. Содан кейін әннің екінші шумағы көтеріңкі үнмен айтылып, қайырмасы үш рет қайталанып, әлгі ызың мен сыңсу қайталанды. Еріксіз таңдандым. «Жаңа» әуен, сірә, «ән өңдегіш сазгердің маңдай тері» шығар. Солардың «ұқтыруынан» болар, кейбір «жұлдыздарымыз», халық әндерін, Біржан мен Ақан, Мұхит пен Естай... әндерінің басталу, басқа да кейбір тұстарын демінің жеткенінше үздіге созып, авторларының «қателіктерін түзетеді».
Әлбетте бір ән басқа арналарда да айтылады. Біреуінде түпнұсқасы, яғни көпшілікке аян дұрысы, ал екіншісінде – мына айтылғандай бұрысы. Бұған қосарым: әннің сөздері құбылтылады. Өнер кестесінде «Дударай» бар әншілердің бірі: «...Орныңа орыс, қазақ таласып жүр» деп дұрысынан жаңылмаса, екінші әнші: «Орныңа өңшең жаман таласып жүр» деп бұра тартады. «...Қор болып сүймес жанға кеткенімше» мен «...Қор болып бір жаманға кеткенімше» де бәсекелі.
Бірде «Құстар қайтып барадыны» (Н.Тілендиев) тыңдадым. Өкініш-сағынышты баяу қоңыр үнмен айтылуы шарт әуенді әнші жігіт жігерлене айтып тұр екен. Қайырмасын аузынан жалын атқандай ахылап екі рет қайталады. Оны сүйемелдей тоңқ-тоңқ еткен тұрпайы бір дабыс «...құлақтан кіріп, бойды...» тітіретті. Шыдай алмай, басқа арнаны іздедім: Ақан серінің «Балқадишасы» кездесті. Естуіме бұйырған бөлігінде түпнұсқада жоқ: «жұлдызым, шолпаным, жарығым, қарағым, жанарым, жаным Балқадиша» деген жылтырақ сөздерді тықпалап қойыпты. Кім? Неге?..
Жүсіпбек Елебековтің орындауындағы түпнұсқада:
«Кетті» деп Балқадиша естігенде
Құшақтап құс жастықты жылағаным, – болса, оны:
«Кетті» деп Балқадиша естігенде,
Тауында Жыландының құшақтап қара жерді, еңіреп жылағаным,
еңіреп жылағаным, жаным Қадиша!», – деп, немесе:
«Құшақтап құз-жартасты жылағаным»,
– деп «жаңартқан». Ақаңның нала-мұң, шарасыздық раймен баяулатып айтқан әні керісінше орындалды. Апырым-ау, әннің де, оның өлеңінің де түпнұсқасын бүлдіру қайдан шыққан «өнер»?
Теледидар экранынан жиі көрінетіні – жастарды еліктіргіш, желіктіргіш есер әндерді сүйемелдеуде «музыкалық қосымша күшейтудің» қолданылуы. Соның «қуатымен» шетелдік, ресейлік, өзіміздің телеарналардың талайын жалаңаштың аз-ақ алдындағы қиралаңдаған, бұралаңдаған, шалқақтаған, еңкейген, тоңқайған, секірген бишісымақтардың жаулап ала бастағаны. Ал театрдағы ондай «құбылыста» залдағы көрермен жастардың көбі орындарынан қол соға ұшып тұрып, теңселе «тамашалайды».
«Теледидар экранынан» дегенде өкінішпен айтарым: әу баста концерттері аттарына сай нағыз қазақы, мәдениетті мәнерімен қуантқан «Гәкку», «Той-думан» арналарымыз да енді (тегі «Музыка» деген арнадан жұқса керек) опыр-топыр, астан-кестен би жарысына қатысатын болыпты.
Өткен аптада радиоарнаның бірінде сұхбаттасушы бір сазгердің: «Құдайға шүкір, заман түзелді, шетелдерден музыкалық небір жаңа аспаптарды алдыра алатын болдық, эстрадамыз сол заманауи аспаптармен жабдықталуда» деп масаттана сөйлегенін естідім. Меніңше, сол аспаптарды қазағымша «дүңкілдек, тоңқылдақ, торсылдақ...» деп атау керек.
«Бір сазгер, бір арна, бір әнші» деп «жұмбақтап» жазғанымды байқаған шығарсыздар. Оның себебі: радиоконцертті жазудан қолым босаған сәттерде іздеймін де, көбінесе орта тұсына кезігіп, жүйкеме ши емес, қурай жүгірте бастағандарында жауып тастап тыншимын. Оның үстіне арналардың көбінде: ән-күй жазылған таспалар пойыздың вагондарынша тіркеле салады, авторлары аталмайды. Аталды дегеннің өзінде сазгердің аты-жөні айтылып, ақын жайына қалады. Бұл сөзіме илана қоймағандардан өтінерім: уақытыңыз болса, радиоарналарымызды 2-3 кеш бойы «аралап» байқағайсыз.
Ал «жаңа» әндердің бірсыпырасы түрлі-түрлі шүберектердің қиықтарынан жасалған құрақ төсеніш сияқты. Бір тұсы бұрынғы анау әнге, бір тұсы мынау әнге ұқсайды. Жиендік-ау. Соны аңғартпау үшін бе немесе сазгер мен өңдеушінің «жетістігі» ме, әйтеуір, кейде ол құрақ әндердің екі тармақты қайырмасы былай тұрсын, төрт тармақтысын да 3-6 рет жөпелдете айтып, жеке бір сөздерін 10 шақты рет екілене қайталайды. Одан соң қайран қалатыным: соңғы кездегі жаңа әндердің басым көпшілігінің мән-мазмұны кездесе алмай, тіпті сөйлесе алмай, сөйлесе қалса, түсінісе алмай жүрген екі ғашықтың нала-зары. Әнге сөз жазатын ақындар сондай күй кешіп жүр ме, әлде «заманауи хал» сондай ма?
Ал «эстрадамыз сол аспаптармен жабдықталуда» деп шіренген сазгер рас айтты. Көпдауысты әнді (хорды) ғана ма, тіпті жеке орындаушы әншіні сүйемелдеуші оркестрлеріміздің кемінде 90 пайызында: домбыра, қобыз, сырнай қолданылмайды. Ол неліктен? Кешегі қазақтың бұл көне ұлт аспаптары бүгінгі қазақтарға «заманауи» болмай қалғаны ма?
Осынау сұрықсыздықтарды мәдениет саламыздың шаруасын реттеу міндеті жүктелген министрлердің кешегісіне де, бүгінгісіне де жеке хаттай да, газеттегі мақала етіп те жеткіздім. Кеңес кезінде Мәдениет министрлігімізде «Көркемдік кеңес» болғанын, ешбір ән, би, күй, пьеса да оның шешімінсіз сахнаны маңайлай алмағанын, сол дәстүрді жандандыру қажеттігін айттым. Жым-жырт. Езуіндегі көбігі құрғамайтындар албаты жамандап жүрген Кеңес кезінде келіп түскен арыз-шағым хаттарға, баспасөз сынына бір апта ішінде жауап қайтаратын тәртіп болып еді, ал бүгінде ол жоқ, тегі шенеуніктер бас-басына тәуелсіздік алса керек.
2. Қазақтың қызы көп, тек қазақ қыз аз
«Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деген ғой қазекем. Қалт айтпағанына дәлел жетіп артылады. Көне дастандарымызда, кешегі-бүгінгі ғасырларда қымбат жаратылысты қыз шіркіннің сұлу бітімін сүйіне, қызыға, құмарта жырламаған жырау, ақын жоқ шығар: қара жібектей шаш... білектей бұрым... қарлығаштың қанатындай қиғаш қас... қарақаттай, мойылдай қара көз... ақ маңдай... оймақ ауыз... үлбіреген қызыл ерін... аққутөс... қыпшабел... мінсіз мықын... – құлынмүсін!
Махаббат жыршыларының бұрынғы-кейінгісін тізімдемей-ақ, Абайға тоқталсақ, ғашықтық мәнді небәрі бес-алты өлеңінде бейнеленген қыз келбеті көңілімізді көктем-жаз етпей ме?!. Жүрегіндегі сүйіспеншілік сәуле-сезім ояна бастасымен «Айттым сәлем, қаламқас» пен «Көзімнің қарасын» жаттап алмаған қазақ бозбала-жігіт жоқ-ау! Қазақ қызының нәзік те сұлу жаратылысына тәнті болған Абайдың ғашықтық жырлары ешқашан ескірмейді, ұрпақтарымыздың махаббат әні бола береді.
Замандасымыз, махаббаттың бұлбұлы атанған ақын Тұмаштың – Тұманбай Молдағалиевтің – жігітшілігінің бірінші белесінде ғашық қызы Күлтаймен тіл табысқан сәтін:
«...Екеуміз тұңғыш рет
қосылып айттық
Абайдың «Қаламқасын», елжіреп бір»,
– деп 2011 жылы 76 жасында еске алғаны тегін бе?!
Тұмаштың:
«...Аңсауменен келем жазды,
Күннің бәрі алтын қыздай»,
– дегені ше?!. Бұрын-соңды мұндай теңеу айтылған жоқ. Тұмашқа айтқызған күш – қазақ қызының көркемдігі, ол көркемдікті зерлеген әдепті сөзі, әдемі үні, сыңғырлаған қоңырау күлкісі, биязы жүріс-тұрысы – жан сұлулығы!
Па, шіркін, қазақтың: «қаламқасы... көзінің қарасы... алтын қызы...».
Осыдан он жыл шамасы бұрын қазақтың қызы: шашын шашып тастап, омырауын ашып тастап, қасын қассымаққа айналдырып қырып, көзінің асты-үстін бірі көкпен, бірі жасылмен бояп, тіпті жиегін қарашеңберлеп, кірпігіне ұзын қайқы кірпік жалғап, ернін шиқандай етіп шыға келді. Бірінің беті сопақ, бірінің жүзі дөңгелек болса да, құдды бір қалыптың кірпішіндей. Іле-шала денесіне жабысқан көкшіл-сұры жарғақ шалбар мен кеудеше киіп, быртиып-тыртиғандары пайда болды. Ол өзгерістері мұхиттың о жағы мен бұ жағынан ресейлік қыз-қырқындар алып келген «заманауи мода» екен. Егде жастағылар сол құбылыстарды ұнатпай таңдандық. Ал енді бірер жылдан соң кеудешенің етегі қысқарып, кіндігі ашық алабелдер ойқастады. Одан кейін жарғақ шалбардың балағы қуыққа ұқсап, не дізе, не жіліншік тұсы ит жұлмалап жыртқандай жалбыр тесікпен «сәнделді». Ал керек болса!.. Мысалы, мен еріксіз ашуға булығып жүріп, көшеде сондай «модашыл» қыздардың қарсы келе жатқан екі тобын тоқтатып: «Қарақтарым-ау, шырақтарым-ау, мына сиықтарың не? Ешқайсыңа жараспайды да ғой?» дегенімде олар ду күлісіп, жүгіре басып кете барды. «Есті сөз-ау» деп елегені болмады.
Біздің балалық шағымыз пионердің, комсомолдың ғибратты мектебінде өтті. Мектепте сабақ үлгеруімізді қадағалауы өз алдына, сөйлеуіміз, киім киюіміз, демек, бүкіл жүріс-тұрысымыз сынып жетекшіміздің, мұғалімдердің ықпалында болды. Ұқыпты киініп жүрдік. Қыздар боянбады, жылтырақ оны-мұны тақпады, шашын бір бұрым, қос бұрым етіп өріп қояды. Әдемі-ақ!.. Біздің қайсыбіріміз тақырбас болдық, өзгелеріміз шашымызды қысқа, ықшам етіп қидыратынбыз. Сол тәртіптен зиян шеккеніміз жоқ. Ал бүгінде ше? Көбі керісінше. Мәселен, комсомолды алмастырған Жастар ұйымы бар сияқты. Пәлен де түген партияның Жастар қанаты бар деседі. Мемлекеттік, үкіметтік бір жиындар кезінде «Жастар ұйымы өйтті-бүйттіні» естігенім болмаса немерелерім оқыған, шөберелерім оқып жүрген мектептерде болғанымда, шәкірт жастардың тірлік тамырын ұстап, тағдырын бағып, белсене игі іспен шұғылданып жүрген жастар ұйымын көрген емеспін.
«Келешек – жастардікі» дейміз. Қағидалы сөз бар, қажырлы іс шамалы. Осындай ой кешкенімде Америка Құрама Штаттарының қумүйіз саясаткері Аллен Даллестің 1945 жылы: «Американың соғыстан кейінгі Кеңес Одағына қарсы саясатын іске асыру туралы ой» деген сөз-жобасының орыс тіліне аударылған нұсқасын бертінде оқығаным есіме түседі. Онда мынадай көсілу бар-ды:
«...Олардың шенеуніктерін ұр да жық болуға белсене, бірақ біртіндеп, сездірмей ыңғайлаймыз, парақор, тұрақсыз етеміз. Тоңмойындық пен бөстекі сөз бел алатын болады. Адалдық пен әділдік өткеннің қалдығына, күлкіге айналып керек болмай қалады... ұлтшылдықты және халықаралық жаулықты, ең алдымен орыс халқын жеккөрушілікті жымын білдірмей қоздырып, аздыра асқындырамыз. Өйтіп отырғанымызды біреулерінің сезуі, білуі мүмкін бірақ оларды оқшаулап, қауқарсыздыққа ұшыратамыз... Ұрпақтарының бірінен соң бірін шатастырамыз. Оларды бала күнінен, жасөспірім кезінен нысанаға аламыз. Негізгі мақсатымыз – ЖАСТАРЫН әбден адастыру, оларды кінәмшіл керауыз, берекесіз, намыссыз бейбақ ету...».
Ал Джон Кеннеди 1961 жылы АҚШ президенті болып сайланған күнгі сөзінде Кеңес Одағын енді қару күшімен жеңу мүмкін емес, біз оларға қарсы идеологиялық қаруды қолдануға тиіспіз деген-ді.
3.Интернетімізге ие бар ма?
«Кәртәйғанда кәрі боз жорға шығып», компьютер дегенді әжептәуір меңгеріп алдым. Жазуды, оны өшпестей сақтап қоюды, содан соң қайда жіберуді, келген хат-хабарды оқуды үйреніп алдым. Ғажап аспап! «Шіркін-ай, біздің жас кезімізде болғанда ғой!» деп кейде өкініп те қоямын.
Естелік жазуға кірісіп, марқұм кейіпкерімнің фото-суреті қажет болып, оның туыстарына телефон шала бастағанымда жаныма келіп тұрған кенже балам, компьютерші мұғалімім, шаруамды түсіне қойып: «Өйтіп әуре болма, міне, көріп ал, мына түймешекті бассаң, әне анау шықты, интернет оның мынау ашық тұсына керегіңді жазып, айтшы, не керек, кім керек, ашып берейін» деді. Әнуар Әлімжановтың фотолары қажет екенін айттым. Ол жаңа көрсеткен ашық жерге аты-жөнін жазды да: «міне, былай» деп басқа бір түймешекті түртіп қалып еді, компьютердің экраны суретке толып кетті. 60 шақты фото. Қуана іздей бастадым. Әнекеңнің жиырмаға жуық суретін таптым, қалғаны сықақшы Оспанхан Әубәкіров айтқандай, «көди-сөди». Қайдағы-жайдағы суреттер: тау, дала, гүл, өзен, күресуші балуандар, мысық, машина, тоғай, өзен жағасында, үй алдында отырған әлдекімдер, салт атты біреу, кітаптар, дәптер, қаламсап, жартылай жалаңаш биші қыз-қырқындар, аты-жөндерін білгенім болмаса, өздерін көрмеген шетелдік ақын-жазушылар, әртістер. Бір тұста жауыз Гитлердің фотолары тап болды: әскери киімдісі, жай киімдісі. «Өй! Мына сұмырайдың суреті мұнда неге тұр?!» деген даусым қаттырақ шыққан болар балам келіп: «О не?» деді. Айттым. Ол қолын сілтей салып: «Кімнің суретін іздесең де бәрінде осындай былыққан бірдеңе, андағы жексұрынды да қалдырмайды», деді.
Кейініректе Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин және екі-үш ағамыздың суреттерін іздедім. Бәрінде де әлгі «көди-сөди» нөпір. Қылмиған, жылмиған әйелдер, түксүйген, бақырайған ерлер, шоқиған иттер, сай-сала, жартас, құстар, иттер, Гитлер... Ол қалай? Сурет иесіне бөлінген орынды қайтсе де толтыру керектігі ме? Әлде еріккеннің ермек-мазағы ма? Ол жөнсіздікті кімге айту, жазу керектігін білмедім.
«Интернет желілерінде сайт деген бар, оларға өлең, әңгімелеріңді, мақалаларыңды жіберіп тұруыңа болады, жариялайды, пікір айтылады» дегенді құлағым шалып, сол да жетер деп, екеуімен байланыс орнаттым. Әдеби шығармалар жарияланатын болған соң оқырмандар оларға білген лайықты пікірлерін айтады деп ойладым. Бірер әңгімемді, мақаламды жолдадым. Бақсам, олай емес екен. Орынды ой-пікір тоғысатын, ақыл-кеңес алысатын мәдени орын дегенім керісінше болып шықты. Мысалы, бір мақала жарияланса, оған сайт оқырмандарының бірі «ә» дегенде не оң, не теріс пікір айтса, бітті! Оны біреу қолдап, екеу сынап, ақырында мақала жайына қалып, пікіршілдердің өзара кәдімгі салғыласу жарысы басталады. Кейбіреулер: «Әй, сен топассың!», «Өй, сен ақымақ екенсің!» деп, тіпті анайы сөздермен балағаттайды да. Бүркеншік атпен жазуға ерікті болған соң, аянсын ба, кімнен жасқансын? Сол келеңсіздікті сайт басшылығына айтып едім, олар: «нені жариялауды модераторлар шешеді» десті.
Өйдөйт деге-е-н!.. Бізде интернетіміздің басшысы жоқ екен де, сайттарымыздың басшыларында билік жоқ екен ғой?!.
Осынау бірер сөзіме назар аударатын министрлік бар ма екен, жоқ па екен. Міне, мәселе қайда?!.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ