• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 02 Сәуір, 2020

Тойларымыз алда!

229 рет
көрсетілді

«Жүре берсең, көре бересің» деуші еді. Мұны да көрдік. Жарты жылға да жетпейтін уақыттың ішінде жер-жаһан бір тарының қауызына сыйды да кетті. Баяғы Нұх пайғамбар кемесінің күйіне келдік те қалдық.

Түпсіз-шексіз Галактикадағы мыңдаған жұлдыздың бірі ғана саналатын Күн жүйесіндегі тоғыз планетаның бірі ғана болып табылатын Жер атты ортақ кемеге мінген адамзат керуенінің жолаушылары қазір о бастағы тең жаралған қалпына жақындады да қалды. Миллиардерді де, қайыр­шыны да көзге көрінбейтін, жүр­гені білінбейтін жаумен бет­пе-бет келтіріп, халі бірдей қорғансыз етіп қойған Құдіретке айтар сөз жоқ тіпті.

Құдіретке айтар сөз жоқ. Халыққа айтар сөз бар. Алдыңғы күн­гі кеште сол сөз айтылды. Біз­дің күткен сөзіміз. Мемлекет бас­шы­сының Мәлімдемесі – ерекше кездің ерекше сөзі.

Ел басқарған адамның еңсе­лілігі осындай сын сағатта көрінер еді. Көрінді. Әр нәрсені өзінің аты­­мен атау керек. Бұл сын са­ғат қана емес, бұл – өзінше бір соғыс. Бүкіл адамзат бірігіп алып, ортақ жаумен шайқасып жат­қан соғыс. Қолға жұғылып жүріп-ақ сағат сайын ел-елде, жер-жер­де жүз-жүздеген жандар­ды жұтатын жалмауызбен күн де­мей, түн демей жалғасатын жаһан­­дық айқас. Қазіргі кезеңге тап осылай қарамасақ болмай­ды. Бұл соғыста біз адамзатты, елімізді, халқымызды, туыс­қан­дарымызды, бауырларымыз­ды, ата-анамызды, жан-жарымызды, балаларымызды, немерелеріміз­ді, шөберелерімізді, өзімізді, бізге бір-ақ рет берілер өмірі­міз­ді, көрер күнімізді, жұтар ауамыз­ды қорғап шайқасамыз. Шайқасуға тиіспіз. Шайқаспасақ, шалқамыздан түсеміз. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дертпен мылтықсыз майданда қарусыз қалып қоюға болмайды.

Біздің басты қаруымыз – төтенше жағдайдағы төтенше жауап­­кершілігіміз.

Тоқаевтың Мәлімдемесінен кейін Қазақстанда коронавирус кеселіне байланысты төтен­ше жағ­дайдың дер кезінде жария­лан­ғанына көзіміз жете түсті. Ви­рус­тың жаппай таралуына жол беріл­­мейтініне үміт ояна түсті. Ахуал­­ды бақылауда ұстап отырға­ны­­мызға, ең бастысы алда да ұс­тай ала­тынымызға сене түстік. Осы­­ның өзі – олжа. Сенім – ұлы күш.

Президент қазірдің өзінде әлемнің 177 мемлекетін шарпып үлгерген коронавирус ін­деті­нің бізде де таралуына орай еліміздің барлық өңірінде каран­тинді күшейтуді тапсырды. Сабыр сақтап, түсіністік танытқан туған халқына алғысын айтты. Адам өміріне араша түсіп жатқан дәрі­герлерді бейбіт күннің батырлары атады. Елді дүрбелеңге түспеуге, дүрлікпеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәлімдемесі төтенше жағдай режімінің экономикалық және әлеуметтік салдарын жоюдың жолдарын нақты нұсқауымен, кейінге қалдырмайтын мәселе­лерді шешіп беруімен де құнды.

Негізгілерін атап-атап айтып көрейік.

Індетпен күрестің алғы шебін­де, өз денсаулығын тәуекел­ге тігіп жүрген ақ желеңді жандарға үш айға дейін қосымша үстемеақы төленетін болып отыр. Оның алды айына миллион теңгеге дейін баратыны бұдан бұрын айтылған.

Зейнетақы да, жәрдемақы да, атаулы әлеуметтік көмек те ин­фляцияға сәйкес индекс­телінетін болды. Бұл мақсатқа 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлін­гелі жатыр. Ең төменгі жалақы мөлшеріндегі көмек ендігі жерде өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге де көр­сетіл­мек­ші. Жалпы, еліміз бойын­ша 3 мил­лионға жуық адам­ға қолдау жасал­мақшы. Бұл айтуға ғана оңай. Біздегі 18 мил­лион халықтың шамамен 10 миллиондайы ересектер десек, еңбек етер жастағы әрбір үшінші адамға қосымша қаражат беріледі. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді.

Президент көктемгі егіс нау­қанына қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Диқан­дарға жанармайды жеңіл­дікпен сату ойластырылатынын айтты. Коронавируспен жағаласып жүріп, егістің уақытын өткізіп алсақ немесе осы істі қалай болса солай ұйымдастырсақ, онда жағдайымыз шындап қиындауы мүмкін еді. Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық мәселе.

Осы күрделі кезеңде эконо­ми­каның ең көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілері алты айға еңбекақы қорынан төлене­тін салықтан босатылғалы отыр. «Кәсіпкерлерге көмек көрсетуі­міз керек. Өйткені олар – экономи­камыздың тірегі», деді Тоқаев.

Президенттің «Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек» деген сөзіне ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Ви­рус мемлекеттің мығымдығын сынаққа салып жатыр. Мысалы, алдымен Қытайды сынаққа салып еді, Қытай сынақтан абыроймен шықты. Алысып, арпалысып жүріп, ақыры індетті жеңді. Қалай жеңді? Тек экономикасының нық­тылығымен, медицинасының мық­тылығымен жеңген жоқ. Ең ал­дымен мемлекетшілдік дәс­­түр­дің даралығымен, елдік сана­­ның саралығымен, халық­тың тәртіптілігімен, сақтығы­мен, жинақылығымен, жауапкер­ші­лігімен жеңді. Бірлігімен, ел­дігімен жеңді. Жөн сөзге көне­тін, мемлекетіне сенетін халық екенін көрсетті. Солай етсек шы­дамдылық, төзімділік және жауап­кершілік танытсақ, қазақы бей­қамдықтан құтылсақ, сақтанғанды сақтайтынын ұғынсақ, бұл індетті біз де жеңеміз. Бұл міндетті шешу оңайға түспейді деп айту тіпті жеткіліксіз, қиынға түседі деп айту да жеткіліксіз, бұл міндетті шешу бізге өте қиынға түседі. Бі­рақ өте қиынға түседі деген сөз шешіл­мейді деген сөз емес. Өте қиын­дықпен шешіледі деген сөз. Сол қиындықтарға шыдас берсек бол­ғаны. Мың өліп, мың тірілген халқы­мыз шыдас беруге тиісті. Шыдас береміз де, жеңеміз де!

Мәлімдемені теледидардан  жария еткендегі Қ.Тоқаевтың тас­түйін отырысы, әр сөзін шегелеп айтқан шешімді келбеті осылай боларына сендіре түседі.

«Басты тойларымыз әлі алда» деді Президентіміз.

Айтқаны келсін!

Айтқанын келтірейік!

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты