Адамзат баласын алаңдатқан коронавирус пандемиясы барлық ел үшін үлкен сынақ болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын-қыстау кезеңде азаматтарымызды, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында үлкен бастамаларды қолға алды.
Нақты Мәлімдемеге тоқталатын болсақ, ең алдымен, бұл – бүгінгі жағдайда туындап отырған әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастама. Кәсіпкерлікке, шағын және орта бизнеске демеу шаралары десек те болады. Онымен қоса Мәлімдемеде жастардың да мәселесі шет қалған жоқ. Бәріміз жақсы білетіндей, еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалалары карантинге жабылып, көптеген кәсіпорындар мен мекеменің жұмысын тоқтатуға тура келді. Оның ішінде жастар да жұмыссыз қалды. Осы қалалардың әкімдіктеріне арнайы тапсырма беріліп, жұмыспен қамту орталықтарын дайындау қолға алынатын болды. Осылайша, жастардың, басқа да жұмыссыз азаматтарымыздың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалмақ.
Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индекстеу тапсырылды. Осыған орай, халықтың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың санаты кеңейтілетін болды. Бұған 800 мың адам ілікпек. Бұл пандемия кезінде қолға алынған жақсы бастама деп есептеймін. 800 мың адам – бұл да бір үлкен қауым. Бүгінгідей қауіп-қатер артқан күндерде мемлекеттегі әр адамның жағдайы маңызды.
Биылғы 23 наурызда табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіні туралы да айтылды. Көмек алатын азаматтардың тізімі де кеңейтіліп жатыр. Бұл жұмыссыз қалған халық үшін керек-ақ.
Қиындықтың уақытша екенін бәріміз білеміз. Дегенмен осындай кезде де халықты қолдау, қиын-қыстау кезеңде демеу маңызды. Өйткені індетпен күреске халықтың әлеуметтік жағдайына қамқорлық таныту да кіреді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлессек бұл сынақтан да өтетінімізге сенімдімін.
Геннадий ШИПОВСКИХ,
Мәжіліс депутаты