Ғасырға жүк боларлық ғаламат туындыларымен қазақ өнеріне қомақты үлес қосқан ән мен күйдің алыбы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 1 сәуір күні 95 жыл толды. Осыған орай, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бастамасымен Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі және Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының солистері өнердегі әріптестеріне Нұрағаның әндерін орындаудан эстафета жолдады.
Өмірден көшсе де, көңілден өшпейтін дара дарын иесін өнердегі жолын жалғаған ізбасарлары тебірене еске алды. Айрықша бастаманы алғашқылардың бірі болып бастаған халықаралық байқаулардың лауреаты Фархат Кубиев басқа да қанаттастарын осы эстафетаны жалғауға шақырды. Тілендиев әндерін тамылжыта орындаған өнерпаздардың өнерін желі арқылы тамашалаған тыңдармандар оларға алғысын жаудырып жатыр. Нұрғиса әлемін өнердегі жолдарына бағдаршам деп білетін талант иелері көрермен көңілінде қалықтаған аққу ән өлмесе деп тілейді.
– Тілендиев қазақ мәдениетінің қайталанбас тұлғасы. Оның әні жүрегімізде, күмбірлеген күйлері көңіл төрімізде қатталып тұр. Басты мақсат - елдің рухын, өнерге деген ықыласын ояту, халқымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, төтенше жағдайды еңсеруіне демеу болу. Еліміздің барлық өңіріндегі өнерпаздар бұл шараға қолдау көрсетеді деп сенемін, – дейд Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының баспасөз хатшысы Манар Алиева.
Даңқты сазгердің туған күніне жоспарланған бірқатар шаралар төтенше жағдайға байланысты кейінге шегерілген болатын. Осы орайда, Нұрғиса Тілендиев мұраларын насихаттауда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ауқымды бастамаларды қолға алып отырғанын айрықша атай кеткен жөн. Күз айларында өнер ұжымы ұлы тұлғаның 95 жылдығына арналға үлкен концерт өткіземіз деп жоспарлап отыр.