• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Сәуір, 2020

Диқан дизельді төмен бағаға алады

265 рет
көрсетілді

Еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазіргі таңда кезек күттірмейтін ауыл шаруашылығының өзекті мәселесі – көктемгі егіс науқанын жүргізу мәселесіне де баса назар аударды. Мұның да жөні бар. Өйткені бұл науқан бұрындары өзінің қалыптасқан тәртібі бойынша жайбарақат жағдайда жүргізілетін.

Жылма жыл Үкімет алдын ала көктемгі егісті жүргізуге қажетті жанар-жағармайды алдын ала бөліп, осы істі жүзеге асыруды Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен тиісті операторларға тапсыратын. Көктемгі егіске қатысатын тех­никалардың саны мен дайын­дық деңгейі анықталатын. Мезгіл таяп келгенде Үкімет өзінің бір отырысын осы істердің барысына арнап, дайындық мәселесін тағы бір пысықтап өтетін.

Ал осы тәртіппен салыс­тыр­ғанда биылғы әзірліктің төтенше сипаты басым болып отыр. Өйт­кені әлемді кеңінен шарпыған коро­навирус дерті біздің елімізге де жетті. Осыған орай өңірлердің бір бірімен қатынасына шектеу жа­салды. Экономиканың жүрісі баяулады. «Жығылғанға жұды­рық» дегендей, Қазақстан эконо­микасының негізгі тірегі болып есеп­телетін мұнай секторында әлем бо­йынша әбігер орнап, одан түсетін түсім күрт құлдырады.

Сон­дықтан бұл жағдайдың ауыл шаруашылығы мен мұнай секторы арасындағы көктемгі егіс кезіндегі дәстүрлі қарым-қаты­насқа да әсер етуі мүмкін еді.

Мемлекет басшысының дер кезін­де жасалған мәлімдемесі міне, осы қиын­­дық­тың да алдын алып, бұл жолы да тәр­тіп­тің бұлжымайтынын, кері­сінше көктемгі егіс кезінде ауыл шаруашылығына қолдау шара­ларының нығая түсетінін білдірді. Өз мәлімдемесінде Президент егіс науқанын уақтылы өткізу аса ма­ңызды екенін, оған бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінгенін жет­кізді. «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ арқылы берілетін қаржының үстемеақысы 5 пайыздан аспайды. Осы мақсатқа «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 тең­геге дейін төмендету мін­деті жүк­телді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңіл­дікпен са­тылатын болады.

Көктемгі егіс кезінде ауыл шаруа­шылы­ғы тауарларын өндірушілер АШТӨ үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын тиеп-жөнелту бірінші кезек­те тұрғанын атап өту қажет. Осы ретте Энергетика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасын­дағы алдын ала келісім бойынша дизель отынын тиеп-жөнелту тәулік сайын бақыланып, оған мониторинг жүргізіледі.

АШТӨ үшін дизель отынының баға­сына келетін болсақ, жүргізілетін егін жұмыстары үшін дизель отынына баға ұсынылатын, осының алдында тоннасына 194 мың теңгені құраған еді. Жеткізу мен сақтауды есепке алғанда АШТӨ үшін бол­жамды баға литріне шамамен 180 тең­гені құрауы тиіс, ол жанар-жағармай стан­с­ала­рын­дағы бағалардан 13 теңгеге арзан.

«Энергия көздеріне әлемдік баға белгіленімдерінің төмендеуі аясында көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының бағасы тоннасына 194 мың теңгеден тоннасына 184 мың теңгеге дейін төмендетілді. Жеткізу мен сақтауды есепке ала отырып, АШТӨ үшін болжамды баға литріне шамамен 172 теңгені құрауы тиіс, яғни бұл жанар-жағармай стансаларының бағаларынан 21 теңгеге арзан. Бұл баға наурыз айына ғана ұсынылды, кейіннен АШТӨ үшін дизель отынның бағасы сол кезеңде нарықта қалыптасқан конъюнктураны ескере отырып есептелетін болады» деген-ді  Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев осының алдында өткен Үкімет отырысындағы сөзінде.

Енді Мемлекет басшысы өз мәлімдеме­сінде Үкіметке жанармай­дың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеп отыр. Әрине бұл көктемгі егіске қатысатын диқан қауымы үшін үлкен қуаныш және қалып­тасқан жағдайға байланысты қосым­ша қолдау шарасының іске қосы­ла­тынын білдіреді.

«Қолайсыз ауа райы жағдай­ларын ескере отырып, біздің қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлу туралы өті­ні­шімізді Энергетика министрлігі қол­дады, бұл барлық өңірлердің дизель отынына деген қажеттілігін толық көлемде өтеуге мүмкіндік берді. Қазір­гі уақытта өңірлердің операторлары шарт жасасу және наурыз айына бөлін­ген дизель отыны үшін төлем жасау рәсім­дерін жүргізуде», дейді Ауыл шаруа­шылығы министрі Сапархан Омаров.

Министрдің айтуынша, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шара­­ларды жүргізу үшін республи­ка­лық бюджеттен 70 млрд теңге бюд­жет­тік кредит бөлінді, бұл әдет­тегіден 10 млрд теңгеге көп. Түп­кілікті қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-дан аспайды.

Қазіргідей жағдайда Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына орай жеңіл­­дікті бюджеттік кредиттің жыл­дағыға қарағанда 10 млрд теңгеге артық бөлінуі де осынау қысылтаяң шақ­та диқан қауымы үшін мемлекеттік қол­дау­дың күшейгендігінің бір көрінісі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәлім­демесінде тапсырғанындай, Агроөнер­кәсіптік кешен субъекті­леріне кредит беруді екінші деңгей­дегі банк­тердің кепілдігімен тікелей «Аграр­лық несие корпорация­сы» АҚ арқылы жүргізу жоспарлануда. Кредит беруді одан әрі агроөнер­кәсіптік кешен субъек­тілерін қар­жыландыру үшін өңірлік инвести­циялық орталықтардың кепілдігімен екінші деңгейлі банктер­ді, кредит­тік серік­тестіктерді, өңірлік инвести­ция­лық орталықтарды және микроқаржы ұйымдарын қорландыру арқылы да жүзеге асыру көзделіп отыр.

3 млн гектар егіс алаңын қаржы­ландырумен қамту, 2 400 ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушіге кредит беру жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта 60 млрд теңгеге жуық сомаға 1,6 мыңнан астам өтінім қабылданды. Жалпы дайындық жоспарлы режімде жүргізілуде және көктемгі дала жұмыстарын жаппай жүргізу кезіндегі барлық бағыттар бо­йынша дайындық 100%-ды құрайтын болады», дейді Сапархан Омаров.

Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алқапқа егу жоспарлануда, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп. Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 15,2 млн гек­тарды, оның ішінде бидай алқабы 11,4 млн гектарды құрайды.

«Мемлекет басшысының тапсыр­ма­ларын орындау мақсатында егіс алаңдарын әртараптандыру мен рентабельділігі жоғары дақылдар өн­діруге көшу жұмыс­тары жалғасуда. Мә­селен, майлы дақыл­дардың болжамды ал­қабы 3 млн гектарды құрайды, бұл өтк­ен жылғыдан 122 мың гектарға көп. Көк­өніс-бақша дақылдары мен картоп алқабы 19,3 мың гектарға, азық­тық да­қылдар алқабы 309 мың гектар­ға ұл­ғаяды. Техникалық дақылдар (қант қы­зыл­­ша­сы, мақта, темекі) алқабы 132 мың гек­тарды (18,6 мың гектарға кем) құ­­­рай­­ды», деді Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаров.