Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев діни бірлестіктерге мерекелік діни рәсімдерді онлайн режимде өткізуді ұсынды.
«Сәуір айында біздер үшін маңызды бірқатар діни мейрамдар келе жатыр. Олар – Ораза, проваславтық және католиктік Пасха, яһудилік Песах және тағы да басқалар. Сөзсіз, олардың барлығы көптеген азаматтар үшін үлкен маңызы бар. Біз дін ұстанушы азаматтарымыздың діни сеніміне зор құрметпен қараймыз. Алайда, коронавирус індеті барлық адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруде. Сол үшін көптеген елдер эпидемияға қарсы бұрын соңды болмаған шектеулер енгізуде. Вирус таралмауы үшін адамдар жиналатын барлық шараларға, оның ішінде діни шараларға да уақытша тыйым салынады. Себебі, бұл діни шаралар кезінде адамдар ғибадат орындарына барып, туыстары мен жақындарымен жиналады. Бірге мазар басында барады, одан да басқа әртүрлі мәдени көпшілік іс-шаралар болады. Сол үшін қазіргідей күрделі уақытта ең басты мәселе – адамның денсаулығы мен амандығы»,- деді Дәурен Абаев.
Министр, мерекелік іс-шараларды онлайн өткізуді ұсынды.
«Ешқандай дін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенді мақұлдамайды.Осы ретте барлық діни және этномәдени ұйымдардың басшылары мен азаматтарды түсіністік танытуға шақырамыз. Діни мейрам кезінде карантин режимін сақтауды сұраймыз. Діни бірлестіктер мерекелік діни рәсімдерді онлайн режимде өткізуді ұсынамыз»,- деді Дәурен Абаев.