• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған тағы 17 дерек анықталды

422 рет
көрсетілді

Бүгінгі күнге Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың тағы 17 дерегі тіркелді. Өңірде қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 28-ге жетті. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов күшейтілген санитарлық-эпидемиялық бақылау шараларының нәтижесінде ауырған адамдар дер кезінде анықталып, карантинге орналастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар, барлық жағдайлар сырттан келген және олармен байланыста болған адамдар қатарынан анықталып отыр екен.

Атап айтсақ, ағымдағы жылы 3 сәуір күні «Әулие-Ата» әуежайына Дели-Тараз бағытындағы ұшақ келіп қонған болатын. Енді бүгін 4 науқас Үндістан елінен келген рейстің жолаушылары болып отыр. Жолаушылардың барлығы да ұшу жолағынан тікелей арнайы автобустарға отырғызылып, медицина және полиция қызметкерлерінің бірге жүруімен карантиндік стационарға жатқызылған. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша 1984, 1996, 1998 және 2000 жылдары туған 4 жолаушыдан коронавирустық инфекция анықталған. Сондай-ақ, Қордай ауданында да 3 жағдай тіркелді. Карантиндік стационардағы 1975 және 1982 жылы туған екі азамат бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласынан келген науқаспен байланыста болған. Ал, анықталған үшінші науқас 23 наурыз күні «Қостанай-Алматы» бағыты арқылы Қостанай қаласынан келген. Ол 1999 жылы туған.

Сонымен қатар, Марат Жұманқұлов шекара маңындағы өткізу пункттерінде күшейтілген шараларға байланысты Қазақстанға келетін барлық азаматтар, оның ішінде жүк автокөліктерінің жүргізушілері карантиндік стационарға орналастырылуда екенін жеткізді. Өкінішке қарай, мұнда 10 адамнан инфекция анықталған. Оның 4-еуі Қырғызстан азаматы болса, 6-сы Қазақстан азаматы. Бүгінде барлық науқастар инфекциялық стационарға орналастырылған. Олармен байланыста болған адамдарды анықтау және оқшаулау, емделушілердің тұрғылықты жері мен болған жері бойынша дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі Қордай ауданында біраз тіркелді. Жаңа жағдайлардың тіркелуіне байланысты Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен Қордай ауданының аумағында ағымдағы жылдың 6 сәуірінен бастап ерекше талаптары бар шаруашылық және өзге де қызметтерге, сондай-ақ тұрғындар тіршілігіне карантин режімін енгізу туралы шешім қабылданған болатын.

 

Жамбыл облысы