• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2020

Тараз қаласы карантинге жабылады

955 рет
көрсетілді

Тараз қаласының аумағында коронавирустық инфекция індетінің жаңа жағдайларының тіркелуіне байланысты Тараз қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен облыс орталығының аумағында ағымдағы жылдың 7 сәуір күні сағат 00:00-ден бастап карантин режимі енгізіледі. Бұл туралы Тараз қалалық әкімдігі хабарлады.

  7 сәуірден бастап барлық автокөлік құралдарының және азаматтардың қала аумағына кіруіне және шығуына тыйым салынады. Қалаішілік қоғамдық көліктер сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін қатынайтын болады. Ал, медициналық қызметкерлер және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, авариялық-құтқару қызметтерінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, азық-түлік тауарларын, медициналық бұйымдар мен препараттарды, бірінші кезекте қажетті тауарларды тасымалдайтын автокөлік құралдары, Тараз қаласының жедел штабы рұқсат берген тұлғалар мен автокөлік құралдары, тұрғылықты жеріне оралу үшін келетін немесе кететін адамдар және медициналық көрсеткіштер бойынша кететін және келетін адамдардан басқаларына тыйым салынады. Сонымен қатар, адамдардың және жеке көліктің Тараз қаласының аумағында еркін жүріп-тұруына тыйым салынады. Сондай-ақ, жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері жүріп-тұруға, азық-түлік тауарларын, дәрілік препараттарды және медициналық бұйымдарды сатып алуға, медициналық көмекке жүгінуге, мемлекеттік және әлеуметтік көмек алу мақсатында мемлекеттік мекемелерге баруға, күтпеген төтенше жағдайлар және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар кезінде шығуға болады.  Бұл ретте, Тараз қаласының әкімдігі отбасы мүшелерін қоспағанда, адамдардың 3 адамнан артық топтасуына, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз жүріп-тұруына тыйым салынатынын хабарлайды. «Жеке тұлғалардың жүріп-тұруы, оның ішінде көлік құралдарын басқаруды жеке қорғану құралдарын пайдалану кезінде ғана жүзеге асыруға міндетті. Азық-түлік супермаркеттерін, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды, ветеринариялық дәріханаларды, бірінші кезекте қажетті тауарларды сату пункттерін, ауыл шаруашылығы техникасына арналған автобөлшектерді, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөптерді өткізулерді қоспағанда, сауда-ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, барлық азық-түлік емес тауарлар сауда нысандарының, автосалондардың, автоқосалқы бөлшектер сату салондарының, гүл павильондарының қызметі тоқтатылады. Барлық қызмет түрлерін көрсету орындарының, оның ішінде банк бөлімшелері және ломбардтар, «Қазпочта» АҚ бөлімшелері, қонақүйлер, сондай-ақ, дөңгелек монтаждауға арналған жеке тұрған бокстарды (екіден көп емес) қоспағанда, техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметі, үй-жайлардағы балалар ойын алаңдарының, хайуанаттар парктерінің, мұз айдындарының, көрмелердің және қызмет көрсету саласындағы өзге де осыған ұқсас нысандардың жұмысы тоқтатылады», делінген хабарламада.

Ал, мейрамханаларға, дәмханаларға, барларға, асханаларға және басқа да қоғамдық тамақтану нысандарына «тұтынушыларға жеткізіп беру» режимі бойынша сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Меншік түріне қарамастан, мектепке дейінгі балалар мекемелері мен білім беру, дайындық және дамыту орталықтарының қызметі тоқтатылып, халықтың жаппай жиналатын орындарына, оның ішінде саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, алаңдарға, балалардың ойын алаңдарына және қала тұрғындарының өзге де демалыс орындарына баруына тыйым салынады.

Жамбыл облысы