Біріккен күрес әлемі (UWW) әйелдер күресінен дүниежүзілік рейтингті жаңартты. Бір қуаныштысы, үздіктер қатарында Қазақстанның үш өкілі бар.
72 кило салмақтағы Жамиля Бақбергенова 36 ұпаймен үшінші сатыға табан тіреді. Биыл ол Азия чемпионатына алдына жан салмады. Финалдық сайыста Жамиля жапониялық Мэй Шиндоны жеңіп, барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантқан еді.
50 кило салмақта өнер көрсететін Валентина Исламова 30 ұпай жиып, әлемдік рейтингте төртінші орынды иеленуде. Бұл балуан былтыр Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан жалғыз өзі Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында жүлдегер атанды.
76 кило салмақтағы Елмира Сыздықова да төртінші орынды еншілеуде. Қоржынында 44 ұпайы бар қазақ қызы 2016 жылы Рио Олимпиадасында қола медальді олжалады. Биыл ол Нью-Делиде өткен Азия біріншілігінде қола медальді мойнына ілді.