Футболдан Франция чемпионатында өнер көрсететін «Реймс» клубының дәрігері Бернар Гонсалес өз-өзіне қол жұмсады.
60 жастағы азаматтың осындай қадамға баруына себепші болған коронавирус. Қатерлі дертке ұшырағаны белгілі болып, әйелімен бірге карантинге жабылғаннан соң Гонсалес өзіне қол жұмсаған екен. Бұл ақпаратты «Реймс» клубының ресми сайты мен айтулы қаланың мэрі де растап отыр. Өлер алдында ол қолхат қалдырып, барлық жағдайды егжей-тегжейлі баяндап кетті.
– Біз үшін бұл ауыр соққы болды. Бернар 20 жылдан аса бойы «Реймсте» тапжылмай еңбек етті. Ол өз ісіне деген адалдығы және алғырлығымен ерекшеленетін еді. Командамыз қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген сәтте Гонсалес тегін де жұмыс істеуден тартынбады. Ол әркез қандай да игі бастамалардың басы-қасынан табылатын, - деп мәлімдеді «Реймс» клубының президенті Жан-Пьер Кейо.
«Реймс» - Францияның алты дүркін чемпионы, кезінде Еуропа чемпиондары кубогы жолындағы жарыстың финалында екі рет өнер көрсетті.
Қазіргі кезде айтулы команда ел біріншілігінде бесінші орында келеді. 28 кездесуден кейін олар 41 ұпайды қоржынға салып отыр.