Кәсіпқой бокстан кезінде аса ауыр салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған Ұлыбританияның өкілі Леннокс Льюис өзінің спорттық карьерасындағы ең қауіпті қарсылас ретінде америкалық Эвандер Холифилдты атады.
54 жастағы Тұманды Альбион елінің өкілі 1988 жылы Сеуле Олимпиадасының жеңімпазы атанғаннан кейін кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көрді. 1989-2003 жылдар аралығында 44 кездесу өткізіп, 41 рет жеңіске жетті. 32 қарсыласын есінен тандырды. Екі рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді.
Әлемнің абсолютті чемпионының карьерасында мықты қарсыластар көп кездесті. Ол Рэй Мерсер, Шенон Бриггс, Франсуа Бота, Дэвид Туа, Хасим Рахман, Майк Тайсон, Виталий Кличко және тағы басқа дүлдүлдермен жұдырықтасты. Алайда шаршы алаңдағы ең азулы әрі қауіпті қарсыласы ретінде ол Эвандер Холифилдтың есімін атады.
– Қарсыластарымның арасындағы ең қауіптісі Холифилд болғаны рас. Себебі, ол ұзақ жылдар бойы әуесқойлар арасында жұдырықтасып, мол тәжірибе жиді. 1984 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасының жүлдегері атанды. Одан кейін кәсіпқой рингтің көкжалына айналды. Осындай мектептерден өткен Эвандер бокс өнерінің қыр-сырына әбден қанықты. Әрине, ондай мықтымен айқасу кім-кімге болса да, ауыр соғатыны анық, - дейді Леннокс Льюис.
Естеріңізге сала кетейік, қос саңлақ 1999 жылы екі мәрте күш сынасты. Көктемде Нью-Йоркте өткен жекпе-жекте тең есеп тіркелсе, күзде Лас-Вегаста Льюистің асығы алшысынан түсті.