Карантин енгізілген кезеңде тек Алматыда жалпы кәсіпорындардың жұмыскерлерінің саны 266 мың адамға қысқарды. Жеке кәсіпкерлердің 80%-ы өз жұмысын тоқтатқан. Осылайша, алдын ала есептеулерге сүйенсек, карантин кезінде 500 мыңға жуық қала тұрғындары қаржылық келеңсіздікке тап болуда.
Сондықтан төтенше жағдай енгізілген кезеңде Президент Қ.Тоқаев төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға 1 ЖТМ (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлемдер жасауды бастауды тапсырды. Мұндай көмекке жалпы біздің кемінде 1,5 млн азаматымыз жүгіне алады.
Мемлекеттік комиссия өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, жұмысынан айырылғандарды, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарының кейбір топтарын қосып, әлеуметтік төлемді алушылардың санатын арттырды. 3 млн жуық қазақстандық 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдауға ие болады.
Бастапқыда көлемі бір адамға шаққанда айына 42,5 мың теңгені (жалақының төменгі мөлшерін) құрайтын әлеуметтік төлем белгілі бір санаттағы азаматтарға тиесілі болды. Кейін оның тізімі кеңейтілді. Бүгінде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем келесі санаттағы азаматтарға беріледі:
1) жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыскелеріне;
2) карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын, жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген ірі бизнес субъектілерінің жұмыскерлеріне;
3) жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын жеке кәсіпкерлерге (ред. ескертуі: бұрынғы редакциясында «жеке кәсіпкерлерге» болды);
4) жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаларға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
5) «Салық және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің 774-ші бабына сәйкес БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлейтін жеке тұлғаларға;
6) салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын төленген жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) міндетін өзіне алған азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша табыс табатын тұлғаларға;
7) мемлекеттіктен басқа, жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген коммерциялық емес заңды тұлғалар жұмыскерлеріне.
Бұл төлемді карантин енгізілген қалалардағы жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберілген шағын және орта бизнестегі жалдамалы жұмыскерлер ала алады, сонымен қатар мұнда ірі кәсіпкерлік субъектілері, жеке тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жатады. Олар жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар: жеке адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, медиаторлар - олардың еліміздегі саны 2 мың адамнан асады. Бұл сонымен қатар азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша жұмыс істеген 180 мыңға жуық адам.
Бұған дейін әлеуметтік төлем алуға өтінімді жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін, ЖК, ЖТ, БЖТ төлеушілер - өздері үшін бере алатын. Бұл ретте жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде қызметінің шектелуіне байланысты өз жұмыскерлерінің табысынан айырылғанын растайтын құжаттарды, жұмыскерлердің тізімін, жұмыскерлерге жалақысын сақтаусыз еңбек демалысын бергені туралы бұйрықтың көшірмесін ұсынуы тиіс болатын.
Енді төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылу фактісін растайтын құжаттарды ұсыну талабы алынып тасталды.
Бүгінде ешқандай құжат тапсырып керек емес. Тек өтінім тапсырылады. Осы өтінімде барлық себептері, өзінің мәліметтері - толық аты-жөні, ЖСН, карта есебі көрсетіледі. Жұмыс беруші өз жұмыскерлерінің тізімін ұсынады.
Жалдамалы жұмыскерлерге келсек, енді ондай жұмыскерлерге егер оларды жалақысын сақтаусыз еңбек демалысына жіберген болса, коммерциялық емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жұмыскерлері жатады. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне бұл шарт қолданыла алмайды.
Жеке тұлғалар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Бұл жерде төтенше жағдайға дейін ресми жұмыс істегендер мен ресми емес жұмыс істегендер бар. Ресми жұмыс істегендер - ЖК, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар бойынша жұмыс істегендер. Олар егер соңғы 12 айда төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін ең болмаса 1 рет әлеуметтік немесе зейнетақы аударымдарын жасаған болса, бұл төлемді алуға құқылы. Сонымен қатар бұл санатқа бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеген азаматтар жатады.
Ресми емес жұмыс істегендерге келсек, бұл ұсақ жұмыстармен, микробизнеспен айналысқан, бірақ еш тіркелмеген адамдар. Олардың жеке еңбек шарттары жоқ, олар салық, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын жасамаған. Төлем алу үшін олар өз статусын ресмилендірсе жеткілікті, одан кейін ай сайын 42,5 мың теңге ала алады. Ал статусын ресмилендіру үшін ең болмағанда бір рет БЖТ төлеу керек.
Мемлекеттен зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер алатын тұлғалар бұл төлемді алуға үміткер бола алмайды. Бірақ мұндай азаматтар қосымша ақша тауып салық төлеп жүрген болуы мүмкін. Егер зейнеткерлер, мүгедек жандар 16 наурызға дейін қандай да бір іспен айналысып, БЖТ ең болмаса бір рет төлеген болса, онда олар 42 500 теңгені алуға үміткер бола алады.
Декреттік демалысқа шыққан әйелдер. Бала бір жасқа толғанға дейін мемлекет жәрдемақы төлейді, жұмыс істейтін әйелдер әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы алады. Бірақ бүгін баласы бір жастан асқан әйелдер өтінім беріп жатыр. Жағдай жақсы болғанда мұндай аналардың жұмысқа шығуға мүмкіндігі бар еді. Бірақ қазір жұмысқа шығу мүмкін емес. Сондықтан, декреттік демалыста отырған, баласы 1 жастан асқан ана 42 500 теңгені алуға өтінім бере алады, ол үшін алдымен бірыңғай жиынтық төлемді төлеуі тиіс.
Бұл ретте, біреуге сіздің табысыңыздан төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты айырылғаныңызды ешкімге дәлелдеп керек емес, мұны ешкім қайта тексермейді. Өтініш немесе жүгіну Egov порталы немесе арнайы сайт арқылы электронды түрде тапсырылады.