Әлемді шарпыған коронавирус індетінің жаңа дерегі күн санап артып келеді. Өкінішке қарай, бұл аты жаман індет елімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен наурыз айында елімізде төтенше жағдай енгізіліп, қауіпті індеттің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Десе де, коронавирус инфекциясы аз уақыттың ішінде өңірлерге де тарап үлгерді. Наурыз айында індеттің алғашқы дерегі Жамбыл облысында да анықталды.
Індет белгілері Қырғыз, Ресей мемлекеттерінен келген азаматтардан табылған болатын. Бүгінде облыс бойынша шектеу шаралары енгізілген. Облыс орталығы Тараз қаласы 7 сәуірден бастап карантинге жабылды. Өңірде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген десек те, індеттің күн санап көбеюі тұрғындардың да тынышын кетіріп отырғаны жасырын емес. Тиісті мекемелер халыққа барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертулер жасауда.
Биылғы 6 сәуірде Жамбыл облысында індет жұқтырған тағы да 7 жағдай анықталған болатын. Оның біреуі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны екен. Ол өз автокөлігімен Тараз қаласында тұратын ата-анасына келген. Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, қалған 6 деректің бәрі де Қордай ауданынан тіркелген. Індетті жұқтырғандар Қордай ауданының 1958, 1963, 1968, 1971, 1988 және 2001 жылы туған тұрғындары болып шықты. Оларға індет 17 наурыз күні жақын туысын жерлеу рәсіміне келген Нұр-Сұлтан қаласының 30 жастағы тұрғынынан жұққан. Бүгінгі таңда науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау, оларды карантиндік стационарға орналастыру, зертханалық зерттеу үшін талдаулар алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиялық қызметі олардың тұратын және барған жерлері бойынша да дезинфекциялық өңдеу шараларын жүргізуде.
Бүгінде адамдардың бір жерге көп жиналмау керектігі жөнінде талап бар. Расында да, кеселдің күн санап өршіп жатқаны мынау. Алайда топырақты өлім ешқандай жағдайға қарамайды. Жамбыл облысының Қордай ауданында індеттің 6 бірдей тұрғынға жаназа кезінде жұққаны белгілі болып отыр. Мұндай жағдайда адамдар не істеуі керек, енді жаназаға қатысудың мүмкіндігі қалай қарастырылады және өңірдегі жағдайлар бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлға хабарластық. «Ескерту бойынша, бір кісі қайтыс болса, оның жаназасына тек ет жақындары ғана келуі керек еді. Негізі жаназаға көп адам қатысса, күнәсі кешіріледі деген ниетпен бұрын көп адам шақырылатын. Енді мынандай қиын кезеңде көп адам жиналуға болмайды. Өңірдегі имамдардың бәріне де қауіпті індеттің алдын алу үшін мұндай жерлерге адамдардың көп жиналмауын қадағалауды тапсырып отырмыз. Қазір індеттің таралуына байланысты, мешітте де намаз жамағатпен оқылмайды. Азан айтылып болған соң да азаматтарға намазды үйде оқу керектігін айтудамыз. Бірақ жекелеген кісілер мешітте намазын оқи беруіне болады», дейді Қанат Жұмағұл.
Әрбір адамның денсаулығы мен амандығы қымбат. Бұл ретте азаматтардың өздері де қауіпсіздік шараларын мейлінше сақтап, ортақ тәртіпке бағынғандары жөн. Соңғы деректер бойынша, Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 40-тан асып кетті. Әкімдіктің мәліметінше, олардың ішінде Нұр-Сұлтан, Қостанай қалаларынан келген азаматтардан да індет белгілері анықталған. Бұл ретте Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жергілікті тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. «Жамбыл облысы аумағында эпидемиолог мамандар коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында тәулік бойы толассыз жұмыс атқаруда. Бірақ бұл жұмыстар тұрғындардың қолдауларынсыз нәтиже бермейді. Сондықтан да әрбір азаматтың профилактикалық міндеттерді сақтауын өтінеміз. Әрбір тұрғыннан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», дейді аталған департаменттің баспасөз хатшысы Әйгерім Әбдірахманова. Шынында да індетті қарапайым қағидаларды қатаң сақтау арқылы да жеңуге болады. Бүгінгі ушығып тұрған жағдайда әрбір азаматтың карантин талаптарына да бей-жай қарамағаны дұрыс.
Кесел қайдан келеді? Тілсіз жау тұрғындар арасына да үрей салуда. Осы уақытқа дейін коронавирус індеті Қырғыз, Ресей мемлекеттерінен келген азаматтардан анықталғанын айттық. Тағы 3 сәуір күні Үндістан мемлекетінің Дели қаласынан «Әулие-Ата» әуежайына ұшақ келіп қонған болатын. Өкінішке қарай, Делиден ұшып келген біраз адамнан да індет белгілері табылды. Бұл ретте өңірде шекара қауіпсіздігіне әлі де қатаң бақылау қажет. Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі блок-бекеттердің жұмысын сынға алған. «Статистика көрсеткендей, ауырғандардың басым бөлігі біздің облысқа өзге өңірлерден келгендер. Осыған орай блок-бекеттердегі жұмысты күшейту қажет. Мен кейбір блок-бекеттерде болып, ондағы жұмыстардың өте әлсіз ұйымдастырылғанына көз жеткіздім. Көлік пен азаматтардың қозғалысын бақылау нашар жүргізілуде, көбіне салғырт қарауда. Мұндайға жол беруге болмайды. Әсіресе Қырғыз Республикасымен шекарадағы «Қарасу» және «Айша бибі» өткізу пункттерінің жұмысын барынша ширату керек», деді әкім. Бүгінде облыстағы карантиндік режімдегі госпитальда 1190 адам жатыр екен. Ал үй карантиніне 813 адам алынған. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев індет жұқтырғандардың барлығы республиканың өзге өңірлерінде және шетелде болып келгендер екенін айтты.
Бүгінде өңірде індеттің алдын алуға тиісті мүмкіндіктер қарастырылған. Инфекцияның алдын алу мақсатында ел Үкіметінің резервінен Жамбыл облысына медициналық препараттарды сатып алуға 536,9 млн теңге бөлінген. Оған 3 мың экспресс-тест сатып алынған. Сондай-ақ өңірдегі фармацевтикалық фабрикада және шағын цехтарда медициналық маскалар шығарылуда. Бұл да тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен көмек. Қазіргі кезде облыстың Қордай ауданында індетті жұқтыру дерегі көп тіркеліп отыр. Өткенде жаназа кезінде індет жұқтырған 6 адамның да осы аудан тұрғындары болып шыққаны тағы бар. Аудан әкімі Рүстем Дәулетке хабарласқанымызда, ол блок-бекеттердің жұмысын жиі қадағалап жүргенін, ауданда мейлінше қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін жеткізді. Ал мұндай кезеңде дәрігерлердің көмегі де көпке ауадай қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басын қатерге тігіп, науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерді қолдайтынын айтқан болатын. Шынында да медицина қызметкерлерінің еңбегі ерен. Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің инфекциялық жұмыс бойынша орынбасары Серік Жетібаев та індеттің алдын алу мақсатында күресіп жүрген дәрігердің бірі. Оның айтуынша, бүгінде өңірде науқастарды емдеу жұмысына 55 медицина қызметкері жұмылдырылыпты. Олар тіпті үйлеріне де бармай, науқастарды айықтырудың қамымен жанталасып жүр. Дәрігерлер де тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертуде.
Бүгінде коронавирус індетінің алдын алуда мемлекет тиісті жағдайды жасап отыр. Бірақ көпшіліктің көңілін күпті еткен кеселдің ауыздықталар түрі жоқ. Бір ғана Жамбыл облысының өзінде індет жұқтырғандардың саны 40-тан асып кетуі көңілге кірбің салатын жайт. Десе де, әрбір тұрғын қандай жағдайда да шектеу шараларына бағынып, қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, қауіптің сейілетін күні де алыс емес.
Жамбыл облысы