Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының сонау КСРО кезеңінен бері қолданылып келе жатқан үш әріпті TSE коды NQZ болып өзгеретін болды. Бас қаланың бас әуе қақпасының кодын өзгерту туралы мәселені «Egemen Qazaqstan» газеті бұған дейін көтергенін айта кетейік.
«Egemen Qazaqstan» газеті көтерген мәселе тиісті органдардың құлағына жетіп, оған қатысты қандай шаралар қабылданатыны туралы хабарлаған болатын.
Сонымен бірнеше жыл бұрын көтеріліп, ақыры шешімін тапқан жағымды жаңалықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеткізді.
– Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IАТА) 2020 жылғы 6 сәуірдегі арнайы хабарламасына сәйкес, Нұр-сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қолданыстағы TSE үш әріпті кодын NQZ-ке өзгерту туралы түпкілікті ресми шешім қабылданды, – делінген министрліктің Telegram каналында жарияланған ақпаратта.
Былтыр еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен Нұр-Сұлтан және Қазақстанның өзге де қалаларындағы әуежайлар кодын өзгерту жөнінде келіссөз бастаған еді. Сол келіссөз жұмыстары ақыры нәтиже бере бастады деуге болады.
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығына дүние жүзі бойынша халықаралық рейстердің 94 пайызын орындайтын 290 әуе компаниясы мүше екенін айта кетейік.