Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, суармалы жерлердің ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері қаралды.
Алдымен Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов коронавирусқа байланысты елдегі ахуал жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша, бір күнде коронавирус жұқтыру бойынша өсім 13 пайызға жеткен.
– Қазір бүкіл ел бойынша 670 науқас тіркелді. Кеше өсім деңгейі 13 пайызды құрады. 78 науқастың екеуі елордада, үшеуі Алматы қаласында тіркелді. Басқа өңірлерде 73 науқас анықталды, – деді ол.
Министр келтірген мәлімет бойынша, өткен тәулікте өңірлер арасында ең жоғары өсім Ақмола облысында тіркелген. Облыста 6 сәуірде 19 адам инфекция жұқтырған, өсім – 83 пайыз. Екінші орындағы Қарағанды облысында 16 науқас анықталды, өсім – 50 пайыз. Үшінші орындағы Қызылорда облысында жұқтырғандар – 13 адам, өсім – 35 пайыз. Жамбыл облысында 12 жаңа науқас анықталып, өсім 43 пайызды құрап отыр. Жалпы, қазір ең үлкен өсім осы өңірлерде. Бұл дерттен алты адам қайтыс болып, қырық алты адам емделіп шықты.
Құрылысты қаржыландыру кейінге қалмауы керек
Күн тәртібіндегі мәселе «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев баяндады. Ол биыл аталған бағдарлама аясында 15 млн шаршы метр немесе 150 мың тұрғын үй салу жоспарланғанын айтты.
– Мемлекеттік инвестициялар есебінен әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік 38 300 пәтер (2,2 млн шаршы метр) сатып алынады және салынады. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 90 млрд теңге көзделген. Жалға берілетін тұрғын үймен 12 600 отбасыны қамтамасыз ету жоспарланған. Соның ішінде 6 мың көп балалы отбасы, 1 мың жас маман, 5 600 халықтың әлеуметтік осал топтарының санатында кезекте тұрғандар бар, – деді бірінші вице-министр.
Қ.Өскенбаев хабарлағандай, кредиттік тұрғын үй құрылысына 2017 жылдан бастап 207 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат әкімдіктерде револьверлік негізде айналымда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк дағдарыс кезінде құрылыс саласын қолдау және халықты жұмыспен қамту үшін 180 млрд теңге қосымша бөлді. Осы қаражатты алу үшін әкімдіктер облигация шығаруға дайындалып жатыр. Облигация шығару 7 сәуірге жоспарланған, – деді Ө.Өскенбаев.
Белгілі болғандай, еліміздегі 4 өңір (Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай облыстары) облигация сатып алуға дайын. 12 өңірде бұл үдеріс іске асырылуда. Барлығы кредиттік тұрғын үймен 25 700 отбасы қамтамасыз етілетін болады.
– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ағымдағы жылы 49 млрд теңге есебінен көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүгедек балалары бар отбасыларға жылдық мөлшерлемесі 2%-дық жеңілдікті қарыз беруді жалғастырады. Тұрғын үй жағдайларын 5 мың азамат жақсартады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2019 жылдан бастап 49,3 млрд теңге сомасына 4955 қарыз берді, – деді Қ.Өскенбаев.
Бүгінде экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жұмыс орындарын сақтау шеңберінде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы қаулының жобасы әзірленді. Негізгі өзгерістер мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін енгізу бөлігінде қанатқақты жобаны іске асыруға, қаржыландыруды 180 млрд теңгеге ұлғайтуға, 1 шаршы метр үшін құрылыстың шекті құнын арттыруға және кредиттік тұрғын үй бойынша нәтижелер көрсеткіштерін түзетуге бағытталып отыр.
– Отандық құрылысты қолдау кезінде құрылыс индустриясына ерекше мән беріледі. Құрылыс өнімдері нарығында негізгі материалдарға қажеттілік 669 млрд теңгені құрайды. 330 млрд теңгенің өнімі өндіріліп жатыр. Импортты алмастыру жұмысы шеңберінде 33 жаңа жоба іске асырылуда. Осы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін импорттың үлесі 54%-ға төмендейді, – деді Қ.Өскенбаев.
Бүгінде құрылыс саласына және аралас салаларға (құрылыс индустриясы, логистика, сауда, қызмет көрсету және т.б.) шамамен 642 мың қазақстандық тартылған.
Тұрғын үй құрылысының қанатқақты жобасы бойынша қосымша бөлінген қаражат шеңберінде 15 мың жұмыс орны құрылып жатыр. Құрылыс индустриясында 29 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Импортты алмастыратын 33 кәсіпорында шамамен 8 мың жұмысшы еңбек етеді деп жоспарлануда.
– Әсіресе оңтүстік өңірлерде құрылыс маусымы басталды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. Ал кейбір өңірлер кейінірек қаржыландыруды көздеп отыр. Бұл нысандарды уақтылы пайдалануға беруге кері ықпал етеді. Өңірлерді жұмыстарды жеделдетіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз етуді сұраймын, – дейді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.
Оның айтуынша, әкімдіктер облигацияларды сатып, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-дан қаржы алуға әзір болуы тиіс. Алайда өңірлер ұйымдастырушылық мәселелерін әлі күнге дейін толық пысықтап үлгерген жоқ. Өңірлердің айналымында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-дан тұрғын үй салуға тартылған қаражат бар, бірақ олар міндеттемелерін өтеуге тарту туралы өтініш білдірген жоқ. Бұған жол беруге болмайды. Бағдарлама талаптарын мүлтіксіз сақтау қажет.
Суқоймалар жаппай толтырылуда
Жиында суарылатын жерлердің ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі бойынша Геология, экология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров баяндама жасады.
Қазір Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жер бар. Олардың басым бөлігі оңтүстік облыстарға тиесілі. Өткен жылы сол жерлерді суару үшін 12,3 млрд текше метр су жұмсалды. Бұл еліміз бойынша тұтынатын судың 67%-ын құрайды.
Геология, экология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев хабарлағандай, соңғы 50 жылда әлемде суармалы жерлердің көлемі 2,2 есеге артты. Осының арқасында аталған жерлерде гектардан алынатын өнім 40 %-ға өсті. Азия аймағында бұл көрсеткіш айтарлықтай көтерілді. Әсіресе Қытай мен Үндістанның қосқан үлесі қомақты.
̶ Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2050 жылға қарай әлемде суармалы жерлердің көлемі 6%-ға өседі, бұл ретте суармалы жерлерде 1 гектар жердің өнімділігі 38%-ға артады. Сумен қамтамасыз етуді арттыру және қалпына келтіру үшін Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары бойынша көлемі 492 мың гектар суармалы жерде тиісті жобалар іске асырылуда. Олар қаржыландыру көздеріне байланысты 4 бағытқа бөлінген. Жалпы сомасы 274 млрд теңгені құрайды, – деді М.Мырзағалиев.
Министрдің айтуынша, 2022 жылдың соңына дейін 6 785 шақырым канал, 4 суқойма, 4 су торабы, 239 дренаж ұңғыма және 23 мың өзге де су шаруашылық нысандары салынады және қайта жаңартылады.
Барлығы 88 мың жұмыс орны құрылады. Соның ішінде 11 мың жұмыс орны құрылыс кезінде пайда болады. Құрылыс материалдарын өндіру, технологиялық жабдықтар мен техниканы жеткізу бойынша аралас салалардың жұмысын жандандыруға қосымша мүмкіндік туады.
– Ең бастысы, қалпына келтірілген суармалы жерлерді айналымға енгізу барысы ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы жерлердегі ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі жылына 165 млрд теңгені құрайды. Ол өз кезегінде сауда, өнімді қайта өңдеу, мал шаруашылығы салаларына мультипликативтік әсер етеді, – деді министр.
Осылайша, Дүниежүзілік банктің займы арқылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жерді суару үшін инфрақұрылым қалпына келтірілмек. Жобаны іске асыру шеңберінде 47 сорғы стансасы мен 91 шақырым құбыр желісі салынады. 3 мың шақырым канал мен 302 дренаж құдық қалпына келтіріледі.
Геология, экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, биылға арналған гидрологиялық болжамға сәйкес, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында су аз болады деп күтілуде. Соған орай, қазір су қоймалары толтырылып жатыр. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында 205 шақырым канал тазаланған. Сондай-ақ 335 гидротехникалық нысан жөнделіп, 39 шақырым канал бетонмен қапталды.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров суармалы жерлерде егілетін дақылдар құрылымында дәнді масақты дақылдар – 25,6%, азықтық дақылдар – 26%, мақта – 9,3%, майлы дақылдар – 6,6%, күріш 6,2% ауқымды үлеске ие екенін атап өтті.
̶ Қазір суармалы жерлерде негізгі үлес бидай мен арпа сияқты дақылдарға берілді. Көкөніс-бақша дақылдары мен азықтық дақылдарға көшу арқылы алаңдарды әртараптандыру жұмысын жүргізуі қажет, – деді С.Омаров.
Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи ылғал үнемдегіш технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында инвестициялық субсидиялау қолданылады. Бұл тартылған инвестициялардың 50%-ын өтеуге, сондай-ақ фермерлерді оқытуға, америкалық «Valmont» компаниясы салатын демонстрациялық фермалар желісін қолдануға мүмкіндік береді.
Тақырыпты қорытындылау барысында Үкімет басшысы А.Мамин Президенттің Жолдаудағы тапсырмасын негізге ала отырып, 2030 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 1,5 млн гектардан 3 млн гектарға дейін біртіндеп ұлғайту қажеттілігін атап өтті. Премьер-Министр суармалы жерлердің инфрақұрылымын ауқымды түрде кеңейту агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға елеулі серпін беретінін, бұл ел экономикасының құрылымында маңызды секторға айналуы тиіс екенін атап айтты.