Бүгінгі таңда Жамбыл облысының Қордай ауданында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 29 дерегі тіркеліп отыр. Оның ішінде 13 азамат Қордай ауданының тұрғындары болса, 2 азамат Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Сонымен қатар, 1 азамат Қостанай облысынан, 2 азамат Қырғыз Республикасынан келген. Сондай-ақ, 11 адам транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілері болып шықты. Бүгінде барлық азаматтар Тараз қаласындағы инфекциялық стационарға ауыстырылған.
Жамбыл облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша Қордай ауданының аумағына карантин жарияланған болатын. Қазіргі кезде қауіпті індеттің алдын алу бойынша 8 блок-пост орнатылып, тексеру шаралары күшейтілген. Барлық бекеттер қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, жол белгілері орнатылған. Мұнда 100 полиция қызметкері, 16 орталық аурухана, 9 аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері жұмыс атқарады.
Аталған блок-бекеттердің жұмысы аудан әкімінің тікелей бақылауына алынған. Ағымдағы жылы 6 сәуірден бастап аудан аумағында ерекше карантин енгізіліп, жалпы қатынасқа шектеу қойылды. Алайда, ауыл шаруашылығы саласындағы көктемгі егіс дала жұмыстарына жұмылдырылған техникалардың қозғалысына шектеу жоқ.
Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар қалыпты жұмысын жалғастыра береді. Қауіпті індеттің алдын алу мақсатында ауданның барлық ауылдық округтерінде, қоғамдық орындар мен көшелерде күніне екі рет санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстарына аудандық коммуналдық, ветеринарлық қызмет мекемелері мен жеке кәсіпкерлерден жалпы 32 техника тартылған.
Бұдан бөлек, азық-түлік сататын дүкендер мен сауда орындарында үздіксіз залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуі бақылауда.
Ал, аудандағы қайырымды азаматтардың демеушілігімен 469 аз қамтылған отбасына және бюджеттің көмегімен 662 отбасына азық-түлік себеттері таратылған. Сондай-ақ, ауданның 5 жеке кәсіпкері 17 тігіншіні тарту арқылы медициналық маска тігу кәсібін жүргізуде.
Жамбыл облысы