• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Сәуір, 2020

Облыстар көктемгі егін науқанына дайын

499 рет
көрсетілді

Биылғы егін жұмыстары үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 194 мың теңгені құрады. Жеткізу мен сақтауды есепке алғанда шаруалар үшін болжамды баға литріне шамамен 165 теңгені құрауы тиіс. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 387 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Бүгінгі егін алқаптарындағы жұмыстың барысы жайында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтып берді. Белгілі болғандай, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 22,5 млн га құрайды. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың алаңы 15,2 млн га, соның ішінде бидайдың алаңы – 11,4 млн га құрайды.

̶ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында  егіс алқаптарын әртараптандыру және жоғары рентабельді дақылдар өсіруге көшу бойынша жұмыстар жалғасуда. Осылайша, майлы дақылдардың жоспарланған алаңы 3 млн тонна га құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 122 мың тонна га көп. Көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың алаңы 19 мың тонна, азықтық дақылдарың алаңдары 309 мың га құрайды деп жоспарлануда, ̶  деді А.Сапаров.

Сонымен қатар, елдегі тұқым дайындау жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда 2 жарым млн тонна тұқым егілген. Осы орайда облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,3 млрд теңге қарастырылған. Қосымша республикалық бюджет қаражатынан шамамен 29,4 мың тонна тұқым және 838,7 мың дана элиталық көшеттер сатып алуға 2,5 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, 480 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар сатып алуға 23,3 млрд теңге қарастырылған.

Көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 98%-ды құрайды. Бұл ақпаратты облыс әкімдіктері таратқан.

̶ Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау бойынша іс-шараларды жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді. Бұл әдеттегіден 10 млрд теңгеге артық. Соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан аспайды, ̶  деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі.

Қазіргі уақытта егіс науқаны оңтүстік өңірлерде басталып кетті. Осылайша Жамбыл облысында 249,5 мың га немесе жаздық егіс алаңының 67%-ы, Түркістан облысында – 167,5 мың га (25,5%), Алматы облысында – 97,1 мың га (15,6%), Қызылорда облысында - 23,9 мың га (17,6%) алқапта егу жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Субсидиялауды есепке ала отырып, соңғы сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушылар үшін жылдық 6% құрайды.

Бұл шаруаларды тұқым, тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдарымен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.      

Бірінші вице-министрдің айтуынша, карантинге жабылған өңірлерде барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақталған. Шаруашылықтар мен сервистік компаниялар қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен және антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілген.