• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2020

Жезқазған: Жұрттың баласынан қай жері кем?

508 рет
көрсетілді

Айналайын интернеттен канадалық бір оқушының карантин кезінде қат болып тұрған бетпердеге аса қажетті құрал ойлап тапқанын көріп, «Ой, Алла-ай, адам баласының шығармайтыны жоқ-ау, ә!», деп таңдай қаққанымыз рас еді. Былай қарасаңыз қарапайым ғана зат, бірақ қазіргі жағдайда көтеріп тұрған жүгі керемет, енді! Суретті қарасаңыз көзіңіз жетеді: бұл құралдың арқасында күні-түні маскамен жүретін дәрігерлер қауымының құлағы қажалудан құтылатын болды, енді.

Осы суретті көргенде «Елдің баласын қарашы, осындай дүние біздікілердің ойына неге келмейді екен?», деп мәңгі қазақы сұрақты өзімізге іштей қойғанымыз да рас... Сөйтсек, бізде де бар екен, айналып кетейін ақылды балалар!

Мысалы, жезқазғандық Арыстан Сембаев деген оқушы «Робот қол» ойлап тауыпты. Ол өзінің әлгі ақылды құрылғысын жергілікті дүкенге барып, іс жүзінде сынақтан  өткізген. «Құлтемір қол» иесі әмір берген бетте сөрелерден заттарды алып, себеттерді әп-сәтте толтырып тастапты. Супермаркеттің сатушылары мұндай қызықты ауыздарының суы құрып тамашалаған. Ал Арыстан болса, өзінің «Робоқолын» әрі қарай жетілдіруді ойластырып жүр екен. Жас өнертапқыш, сонымен қатар, арнайы қорғанышы бар маска-респиратор да ойлап шығарыпты.

Жезқазғандағы балалар мен жасөспірімдер сарайындағы шығармашылық даму орталығында өнер ұштап жүрген Арыстанның ұстазы Андрей Матвеев дарынды жастың ойлап тапқандары дәл қазіргі жағдайдың тамырын тап басатын бұйымдар екенін айтады. Ал Арыстанның арманы – алдағы уақытта дүкенге өзі барып, сауда-саттық жасайтын робот ойлап табу екен!

Жалпы, аталған орталықтың жас техниктері карантин кезінде гигиеналық және портативті ұстағыштар, робот-дезинфектор прототипін ойлап табу сияқты  басқа да пайдалы істермен айналысып жүр. Мысалы, Милена Чензе деген дарынды қыз үйде электр құралдары мен құрылғыларды қашықтан қосу және ажырату үшін смартфон немесе планшет арқылы басқарылатын ақылды розетка құрастырып шығарған.

Үйірме жетекшісі Андрей Матвеев үш 3D-принтерде күніне есік тұтқасына арналған 30 гигиеналық ұстағыш, 60 жеке портативті ұстағыш, маска-респиратордан және қорғаныс қалқандарынан құралған 30 жиынтық басып шығаруға болатынын айтады.

 – Қашықтан оқыту сабақтарында конструкторлық идеялар мен жобаларды әзірлейміз. Мәселелерді зерттейміз де, мидың көмегімен оларды шешудің жолдарын ұсынамыз. Алдымен ZOOM конференция режиміндегі сабақ барысында 3D үлгіні жасаймыз. Дизайн аяқталған соң, STL-форматтағы файлды жасаймыз. Оны слайсерде өңдеп және жетілдіргеннен кейін файлды G-кодқа аударамыз және 3D-принтерде басып шығаруға жібереміз, – дейді жас техниктер жетекшісі.

Қарап тұрсақ, біздің балалар жұрттікінен артық болмаса, кем емес екен. Тек, осы дарындарды қолтығынан демеп жіберетін қолдау болса дейсің!

 

 

Қарағанды облысы