Шымкент инвесторлар түстеніп, инвестициялық жобалар талқылайтын қалаға айналды. Құтпан жылының қорытындысы бойынша шуақты шаһарға 194,5 млрд теңге инвестиция тартылып, әлемнің жетекші кәсіпорындары елдің түстігіндегі қонақжай қалаға ағыла түсті. Нәтижесінде, қала аумағында шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Инвестиция көптеп салынса...
Бұл бірінші кезекте өңірдегі бұрыннан келе жатқан алпауыт кәсіпорындарды ұйқысынан оятып, әділ бәсекеге ынталандырды. Озған елдердің озық технологиясын енгізіп, экономиканы еселей түсуге жігерлендірді.
Инвестиция бірінші кезекте бизнеске қолайлы ортаны таңдайды. Кәсіпкерлікке ыңғайлы орта іздегендер әуелі бейбітшілік пен келісім ұялаған елдердің есігін қағатыны тағы бар. Себебі қоғамы тұрақты елдің экономикасында өсім көп болмақ.
Былтыр «Kazakh Invest» қолдауымен елімізге жалпы көлемі 55 миллиард долларға жуық 228 инвестициялық жоба тартылған. Шетелдік алпауыттар агроөнеркәсіп, машинажасау, тау-кен металлургиясы, мұнай-газ химиясы, көлік-логистика, жаңғырмалы энергетика және құрылыс индустриясы салаларына қаржы құя бастаған. Топ-инвестор елдердің қатарында елімізге Еуропалық одақ мемлекеттері, АҚШ, Ресей, Түркия, Сингапур мен Қытай көптеп инвестиция салуда.
Ал шетелдіктер қызығушылық танытқан салалардың ішінде соңғы кездері агроөнеркәсіп, мұнай-газ химиясы, құрылыс индустриясы үшінші мегаполисте жанданып келеді.
Жыл басында Шымкент қаласына Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері жұмыс сапарымен келген еді. Жүрген ортасында жаңа мүмкіндіктер іздейтін еуропалықтар осы сапарда шаһардың экономикалық жұмақ мекен, кәсіпкерлікке келісті кент екеніне көз жеткізіп қайтты.
Еуроодаққа кіретін 12 мемлекеттің елшілері әуелі қаладағы дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» АҚ зауытының жұмысымен танысты. Адам капиталын басты құндылық санайтын Еуропа үшін денсаулық сақтау саласының алар орны өзгеше. Елшілер де осыны ескеріп, қазақстандық медицинаның даму ерекшелігін көзбен көріп, фармацевтика өндірісінің перспективалары жайлы ой бөлісті.
Иә, 7,5 мың шаршы метр аумақта орналасқан «Химфарм» аты айтып тұрғандай, отандық фармацевтиканың басында тұрған жетекші кәсіпорын. Онда пероральды, парентеральды, стерильді және стерильді емес дәрілік препараттар шығарылады. Дәрі-дәрмектер төрт өндірістік желіде өндіріледі. Зауытта 251 адам ауысыммен аптасына 40 сағат, ал зиянды аймақта істейтіндері 36 сағат еңбек етеді. Осылайша өндірістің үзіліссіз жүруін қамтамасыз етуде.
«Химфарм» тек ТМД аумағында ғана емес, еуропалық жаңа технологияны да өндірісте кәдеге жарата білді. Мәселен, дәрі-дәрмектерді залалсыздандыру үшін таза бу және суды тазалайтын еуропалық заманауи қондырғылар қойылған.
Орташа есеппен әр екі қондырғы сағатына төрт мың литр су тазалап, сонымен бірге сағатына 2,5 мың кило таза бу өндіре алады. Таза су мен бу өндірістік желілерді, арнайы киімдерді, дайын өнімдерді стерилизациялау үшін пайдаланылады. Шетелдік қондырғылардың тетігін тауып, кәдеге жарату үшін 30 маманды арнайы оқытыпты. Тіпті жабдықтардың сапасын алты ай сайын тексеруден өткізіп тұрады екен.
Жұмыс бар жерде қатаң тәртіп болуы керек деп есептейді өндірістік мекеменің жауапты өкілдері. Сондықтан цехта өндірілген барлық дәрі-дәрмектің және оның ішіндегі жарамсыз болып шыққандарының түгелінің есебі қатаң жүргізіледі. Өйткені зауытта құрамында есірткілік зат бар морфин, промидол, фентанил сынды анальгетиктер де шығарылады. Дәрілік препараттар қорапқа салынып, қоймаға жіберілмес бұрын мамандардың жіті бақылауынан өтеді. Қызметкерлер арнайы бөлмеде сағаттап отырып әрбір дәріні көзбен тексереді. Осылайша препараттардың зауыттан кем-кетіксіз шығуына көп ретте осы бөлімнің мамандары жауапты болады.
«Шымкент қаласындағы біз көрген кәсіпорын бәрімізге де үлкен әсер қалдырды. Қазақстанда осындай заманауи өндіріс орындарының болуы экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылған саяси өзгерістердің нәтижесі деп білеміз. Иә, қазақ елі табиғи қазба байлықтарға өте бай мемлекет. Сондықтан болар, Қазақстан өндіріс саласында үлкен жетістіктерге жетуде. Экономикалық өсім мен тұрақтылық шетелдік инвесторларды да осы елге инвестиция салуға қызықтырып отыр. Әсіресе Қазақстанда балама қуат көздерінің өндірісінде біраз табыстар бар. Біздің ойымызша, инвесторларға бұл салада да мүмкіндіктер өте көп», дейді Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон.
Жаңа орталықтар ашылуда
Шымкентте соңғы жылдары медицина институттары көптеп ашылуда. Қалада орналасқан ірі медициналық жоғары оқу орындарының сұранысы осы қажеттілікті туғызғандай. Наурыздың басында елімізге танымал репродуктивтік медицина институты қалада филиалын ашып, жұмысын бастады.
Бүгінде шыр еткен сәбидің үніне зар қаншама отбасы бедеулік дертінің зардабын тартып келеді. Мегаполисте ашылған жоғары репродуктивтік технологиялар саласындағы соңғы жетістіктердің көмегімен бедеулікті емдеуге арналған жаңа әлеуметтік маңызы бар нысан қамкөңіл жандарға көмектесері анық. Бұл отандық денсаулық сақтау саласының жетістігі десек артық болмас. Клиникада тиімділікті барынша арттыру мақсатында әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеу қызметінің толық ауқымы ұсынылған. Мұнда ЭКО бөлімі, адам геномын толық зерттеуге арналған генетикалық зертхана, әйелдер кеңесі, жедел гинекология-лапароскопиялық орталық, жедел емдеумен қоса ерлер белсіздігін емдейтін андрология және урология бөлімі бар. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері мен курсанттарына арналған оқу базасы да осында орналасқан. Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Жылына 3 мың ЭКО бағдарламасын, 2 мың лапароскопиялық ота жасауға мүмкіндігі бар. Аталған орталықтың ашылуына репродуктивтік медицина институты 1 млрд 25 млн теңге инвестиция құйған. Алдағы уақытта 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде.