Алматыда коронавирус жұқтырған азаматтарға арналған аурухананың құрылысы басталды. Айтулы жобаны жүзеге асыру осы салада мол тәжірибесі бар отандық BI Group холдингіне жүктелді.
Кеше BI Group холдингінің қызметкерлері құрылыс жүріп жатқан жерге бір топ БАҚ өкілдерін апарып, өздерінің жұмыстарымен жан-жақты таныстырды. 1,9 гектарды алып жатқан аурухана қазіргі кезде 280 адамға есептеліп отыр. Ал қажеттілік туындаған жағдайда оның сыйымдылығын тез арада екі есеге дейін арттыруға болады. Бұл медициналық мекемеде карантинге арналған, қарқынды терапия, жансақтау бөлімдері қарастырылған. Олардың жеке биохимиялық зертханалары, рентген бөлімдері және компьютерлік томографиясы болады. Палаталарда теріс қысымды қамтамасыз ететін арнайы желдеткіш жүйе орнатылады. Осы арқылы медицина қызметкерлеріне төнетін қауіпті едәуір төмендетуге болады.
- Күллі әлемді коронавирус індеті шарлап, халыққа қауіп төніп отырған кезде BI Group холдингі осындай игі шараны жүзеге асыруды құп көрді. Бұл ретте біз пайда көруді ойлап отырған жоқпыз. Ең бастысы – халықтың амандығы мен саулығы. Одан құнды еш нәрсе жоқ. Өзімізге қандай жауапкершіліктің жүктелгенін де барлығымыз анық сезініп отырмыз. Сондықтан да құрылыс жұмыстарын қарқынды түрде бастап кеттік. Бұйыртса, 25 сәуірге дейін бұл нысан бой көтереді, - дейді BI Group AImaty компаниясының директоры Айдос Мұқатаев.
Қазіргі кезде аурухананың құрылысына 250 адам тартылып, олар күндіз-түні тапжылмай еңбектенуде. Соның нәтижесінде қазу жұмыстары аяқталып, іргетастарды да орнатып үлгерген екен. Тағы бір айта кетерлік жайт, өзге мемлекеттермен салыстырғанда, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында салынып жатқан ауруханалар ұзақ мерзімге есептелініп отыр. Яғни, коронавирус індеті сейілгеннен кейін де бұл нысандар түрлі бағыт бойынша жұмыс істей береді.