Түркістан облысы бүгінде «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы қаржыландырылған жобалар саны бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Ал, қаражаттың игерілуі бойынша төртінші орында.
Осы деңгейден түспеу мақсатында өңірде бірқатар іс қолға алынған. Ал күні кеше өткен онлайн басқосуда екінші деңгейлі банктермен және «Ауылшаруашылық несие корпорациясы» АҚ-мен «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын қолдау үшін CALL-орталық құру туралы келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде электронды пошта арқылы дайын құжаттарды қабылдайтын және онлайн режимде жіберілген түсініктемелерді өңдейтін жауапты қызметкерлер бекітілетін болды. Мобильді топтарға кәсіпкерлердің құжаттарына қатысты туындаған мәселелерін тез арада шешу жұмыстары жүктеледі.
Облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиевтің төрағалығымен онлайн режимде өткен аймақтық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жобалық кеңсенің кезекті отырысына Кәсіпкерлер және сауда басқармасының басшысы Н.Байғұт,кәсіпкерлер палатасының басшылық құрамы, екінші деңгейлі банк пен «Ауылшаруашылық несие корпорациясы» АҚ-ның өкілдері және «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының аймақтық мобильді топ мүшелері қатысты. Кәсіпкерлерге төтенше жағдай кезінде туындайтын қиындықтар жайы талқыланған жиында бұрынырақ алынған несиелерді өтеуді кейінге шегеру, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында құжаттарды жинау және екінші деңгейлі банктерге өткізу, Жобалық кеңсе хатшылығының қорытындылары, бизнес жобаларды қолдау жұмыстарының нәтижелері, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жайы және аудан қалалардағы мобильді топтардың кәсіпкерлерге онлайн режимде қолдау көрсету алгоритмдері кеңінен сөз болды.