Індеттің таралуын тежеу мен тоқтату мақсатында елімізде жарияланған төтенше жағдай мен Ақтөбе қаласында енгізілген карантиндік тәртіп талайдың қолын еріксіз байлап тастады. Әйтсе де облыста әлеуметтік маңызы жоғары нысандар құрылыстар қарқынын төмендетпеу жөнінде шешім қабылданды. Бұл ретте Ақтөбе қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтың құрылысы ауызға бірінші оралады.
Өңірде ешқандай баламасы жоқ нысанның сәулеттік жобасы арнайы медициналық мекеменің барлық талаптарына сәйкес келеді. Яғни, жобада аналар мен дүниеге келетін сәбилер үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. 190 төсекті орынға есептелген орталық құрылысы бой көтеріп келеді. Сонымен бірге кешен құрамына бір аусымда 120 адамды қабылдай алатын кеңес беру – диагностикалық орталық құрылысы да кіреді.
Бұдан үш жыл бұрын басталған ауқымды нысан құрылысын биылғы 2020 жылдың қыркүйек айына дейін толықтай аяқтау белгіленген. Қазіргі құрылыс қарқыны оны белгіленген уақытта пайдалануға беруге алғышарт қалай алады. Әйтсе де орынсыз асығу мен аттығу құрылыс сапасына нұқсанын тигізбеуге тиіс. Сондай-ақ бүгінгі коронавирус індетінің таралуы жағдайында қауіпсіздік пен сақтандыру шаралары ұдайы назарда болғаны жөн. Перинаталдық орталық құрылысының қазіргі жәй-күйімен танысқан Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин нысан құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ұйымға осы талаптарды шегелеп тапсырды.