• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Сәуір, 2020

Белгілі ақынның бесіктері

547 рет
көрсетілді

Биыл сәуір айы басталған күні белгілі ақын, ғалым Серікбай Оспанов 75 жасқа толды. Бір қолын шығанақтан жаудың оғы ұшырған майдангердің ұлы ғой. Жеңіспен құрдас екен.

Миллиондаған адамның қолын ғана емес, өмірін жұтқан екінші дүниежүзілік соғыстың ауқымы да коронавирус секілді жер жүзін түгел қамти алмап еді. Біздің ұрпақ естімеген нәубет жердегі пенденің барлығын бір тарының қауызына сыйғызып, бір уыс етті. Жер-ана бусанып, қым-қуыт жұмыстың басталар кезінде аяққа тұсау салынғандай, жұрт қамалып үйде отыр. Әйтеуір тығырықтан жол тауып тұрған интернет пен телефон ғана. Оқырмандары, қаламдастары, жолдас-жора, ағайын-жекжаты ақынды туған күнімен, мерей жасымен жапырлай құттықтап жатты. «Серікбай аға, жасай беріңіз! Қаламыңыз талмасын!» деген тілектер жылдағыдай ақын дастарқанының басында немесе оған құрмет көрсетілетін кездесулерде айтылмай, әлеуметтік желілерде тізбектеле жазылды. Осындай тілекті айтқан біз де, телефонның ар жағындағы ақынға:

– Серікбай аға, карантин болғалы үйде немен айналыстыңыз? Жазу шығар? – дейміз.

– Иә, жазу қалмайды ғой. Бірақ мен оның сыртында бесік жасап жатырмын. Үйде отырғалы алты бесік жасап қойдым, – дейді Серікбай аға.

Қазақ әдебиетіне лирикалық поэзиясымен салым салған, ал соңғы жылдары Ыбырай Алтынсаринді зерттеп, ыбырайтануға сүбелі үлес қосып жүрген Серікбай Оспанұлын жұрт қолөнер шебері ретінде де жақсы біледі. Әкесі Оспаннан дарыған өнерді Серікбай ағай өгейсіткен емес. Ол жасаған домбыра, сандық, үстел, тағы басқа бұйымдар сұлулығымен ерекшеленеді. Бүгін де өзі тұратын жер үйдің ауласын­дағы күншуақта отырып, бесік жасайды. Ақын­ның осы жолы ұлттық нақышпен көмкерілген қасиет­ті бесік жасауды қолына алуы кездейсоқ емес секілді.

– Коронавирусқа осылай қарсыласып жатырмыз, – деп қояды ақын біздің ойымызды оқығандай. – Сұмдық-ай, үйге адам келмейді, өзіміз үйден шықпаймыз. Хабарласқандар арасында үйде жатып, іші пысқандар да баршылық секілді. Қарап отыру өзім үшін қиын іс. Мені жазудан демалдыратын да, шаршағанымды басатын да осы қолөнерім.

 Оның жасаған бұйымдарын сұраушылар да жеткілікті. Ел іші емес пе, сандық та, домбыра да көп күттірмей, иесін тауып кетеді. Бірақ осы жолы оған бесік үшін ешкім алдын ала сұраныс бермепті. Өзі жасап, қаз-қатар қойып жатыр. Қазақтың басынан қандай нәубет өтпеді? Халқымыздың қынадай қырылған кезі тарихта аз емес. Торғай өңірінде балаға шығатын қызылшадан үй босап қалған кездер де болған екен. Оның шет-жағасын ақынның өзі де біледі. «Қанша нәубет болса да, келіндер бесік тербетсін, ел іргесі аман болсын» деген тілекпен қасиетті бесік жасауды қолына алды-ау» деп ақынның ойын біз де оқығандай болдық. Шебердің қолынан шыққан бұйым жерде қалмайды дедік. Жақсы ырым екенін айтсайшы!..

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

 

ҚОСТАНАЙ