Бұл топтамада әлемнің 185 елінде тараған COVID-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.
14 сәуірде Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 1 920 618, өлім саны - 119 687, айыққандар саны - 449 949 адам болды (жаңартылған уақыты 09:47).
18:17
Еурокомиссия шектеуді бәсеңдетуге қатысты мәлімдеме жасады
Еуропа елдері экономикалық себептерге байланысты пандемиямен күресте енгізген шектеулерді бәсеңдету туралы жоспарымен бөлісті.
Осыған орай, Еуропалық комиссия одаққа мүше елдерді бірлесе әрекет етуге шақырды. Қазір коронавирустың ошағына айналған Еуропа елдері індетпен күресте өз бетімен әрекет еткені белгілі, ендігі жағдай қиын. Бірқатар ел шектеуді бәсеңдетуге кірісіп кетті, алайда вирустың одан әрі өршуін тоқтату үшін Еурокомиссия бірлескен әрекетке шақырды.
Осы аптада комиссия Еуродақ мүшелеріне шектеуді бәсеңдетуге арналған арнайы нұсқаулық жариялайды.
Кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы да брифингте осы мәселеге тоқталған еді. Бұл шешімді қабылдамас бұрын, ол мемлекет көшбасшыларына, ең алдымен, халықтың денсаулығын ойлауға және вирус туралы ақпаратты толығымен меңгеруге кеңес берді.
Ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебреисус бұл жаңа вирус және коронавирус тудырған алғашқы пандемия екенін еске салды.
Испанияда құрылыс және өндіріс саласындағы кәсіпорындар кешеден бастап ашыла бастады. Словакия үкіметі келесі аптадан бастап дүкендердің қайта ашылу кестесін хабарлайтынын айтты. Аустрия бүгін бір ай шектеуден кейін шағын дүкендер мен саябақтардың қайта жұмыс істеуіне рұқсат берді.
Ал Францияда шектеу шаралары 11 мамырға дейін жалғасатын болды.
16:54
Белгияда 4 мыңнан астам адам қайтыс болды
Бельгияда коронавирустан қайтыс болғандар саны 4 157 адамға жетті.
Бельгия Еуропада вирустан ең көп зардап шеккен елдер қатарына қосылды. Бұл көрсеткіш індеттің ошағы болған Қытайдан да көп.
Елде тіркелген өлім санының 46% қарттар үйінде болған. Барлығы 31 119 жағдай тіркелген.
15:23
Ингушетияның бас мүфтиі коронавирустан қайтыс болды
Ингушетияның орталығы Назран қаласында елдің бас мүфтиі Абдурахман Мартазанов қайтыс болды.
Өңірдің денсаулық сақтау өкілдері оның жергілікті аурухананың бірінде көз жұмғанын айтты. Ауруханаға түскен күннің ертесіне жағдайы ауырлаған, сараптама нәтижесі вирус жұқтырғанын көрсеткен.
13:02
Қытайда Ресеймен шекаралас мекенде науқастар анықталды
Кеше Қытайда вирус жұқтырудың 89 жаңа дерегі тіркелді. Ал жексенбі күні 108 адам анықталған еді.
Шетелден келген 79 науқас Қытайдың солтүстік-шығысында орналасқан Ресеймен шекаралас Хэйлунцзян првонциясында тіркелген.
Вирустың ошағы болған Хубэй провинциясы вирус жұқтырудың жаңа жағдайы мен қайтыс болғандардың жоқ екенін мәлімдеген.
Қытайда вирус жұқтырған 83 302 науқастың 78 148-і жазылған, ал қайтыс болғандар саны - 3 345 адам.
09:58
Италияда коронавирусты тағы 3 153 адам жұқтырғаны белгілі болды.
Бұл елде COVID-19-ды жалпы 159 516 адам жұқтырған.
Бұған қоса, жақында тағы 566 адам көз жұмды. Италияда барлығы 20 465 адам коронавирустан қайтыс болды. Қазіргі таңда 1 046 910 тест жасалған. Соңғы мәлімет бойынша 3 153 адам жазылып шыққан, жалпы 159 516 адам ауруынан айыққан.
Францияда коронавирусқа байланысты қойылған шектеулер 11 мамырға дейін ұзартылды.
Үндістанда бір тəулікте коронавирус жұқтырған 1 248 жағдай анықталды.
Барлығы 10 453 адам вирус жұқтырған. Қайтыс болғандар саны 358-ге жетті.
Украинада COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 325 адам анықталды.
Бүгінде Украинада вирусты жұқтырғандар саны 3 102-ге жетті. Жақында 10 адам көз жұмды. Жалпы қайтыс болғандар саны — 93.
Ресей Федерациясында коронавирусты жұқтырған тағы 2 558 адам тіркелді.
Барлығы 18 328 адам вирус жұқтырған, 1 470 науқас жазылса, 148 адам қайтыс болды.
Елде 1,3 млн адамға тест жасалған.
Арменияда ТЖ режимі тағы 30 күнге — 2020 жылғы 14 мамыр сағат 17:00-ге дейін ұзартылды. Тиісті шешімді Армения Үкіметі қабылдады.
Беларусьте коронавирусты тағы 341 адамның жұқтырғаны анықталды.
Бұл елде барлығы 2 919 адам COVID-19-ды жұқтырған. 55 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жақында тағы 3 адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың жалпы саны — 29.
COVID-19-ды анықтауға тестілеудің көбеюіне байланысты Нидерландта медицина қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары артып келеді.
Вирусты жұқтырған 6 мыңнан астам адам — денсаулық сақтау саласының мамандары.