• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Карантиннің қарбалас тірлікке кедергісі жоқ

143 рет
көрсетілді

Карантин екен деп қарап жатуға болмайды. Бір күні жылға азық дейтін көктем мезгілі де жетті: қалыптасқан жағдайға қарамастан, екі білекті сыбанып, көктемгі дала жұмыстарына кірісетін кез келді.  Одан беріде сай-саладағы қар түгел еріп болмаған, яғни қарғын су қаупі әлі де болса сейіле қойған жоқ. Сонымен қатар, дәл қазіргі қиын-қыстау кезеңнің кәсіпкерлерге де оңай тимей тұрғанын ескерген жөн.

Шаруаға шарапаты тисе игі

Көктемгі дала жұмыстарының басталуына санаулы күндер қалды. Жер емген шаруалардың қазіргі бас ауруы – қолжетімді бағаға тыңайтқыш, сапалы тұқым және жанар-жағар май сатып алу.

Жалпы, жергілікті атқаушы билік тарапынан биыл да ауыл шаруашылығымен айналысатын кәспкерлерге қолдау болады. Мысалы, «ҚазАгро»-ның филиалдары өңірдегі егіс жұмыстарына несие беру үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөліпті. Бұған қоса фермерлер үшін арзандатылған дизель отынын жеткізу де жоспарда бар екен. Яғни, биліктің шарапаты тисе – шаруаның шаруасы тоқтамайын деп тұр.

Негізінде, облыста су тасқыны кезеңі ресми түрде аяқталды. Төтенше жайттар тіркелмесе де, кейбір өңірлерде әлі де болса су жүру қаупі бар.

Айта кету керек, облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Өңірдегі өзендерде мұз кептелісі болмау үшін 17 учаскеде мұз жару жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, автомобиль және темір жолдардағы 4 900-ге жуық су өткізу құрылыстары тазартылды.

Жалпы, биыл облыс бойынша барлығы 2 млн 855 мың текше метр қар сыртқа шығарылыпты.

 

Birgemiz – берік іргеміз

Карантиннің ұзартылуына байланысты облыста дағдарыстың алдын алу жөніндегі іс-шараларға баса мән берілуі тиіс. Ең басты мақсат – мұндай қиын-қыстау кезеңде әрбір адам мемлекеттік қолдауды сезінуі керек. Бұл туралы селекторлық аппарат жиынында облыстың әкімі айтты.

«Бірінші кезекте, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау жасалғаны жөн. Оларға қаражаттың түгелдей жетуі қатаң бақыланады және ол ашық түрде жүргізілуі керек. Медициналық қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен және тиісті еңбек және демалыс жағдайларымен қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда болуы тиіс», деді ол.

Сонымен қатар, өңір басшысы табыссыз қалған азаматтарға қолдау көрсетуді тапсырды және қоғамның әлсіз жіктерін, аға буын өкілдерін барынша қорғау керек екенін атап өтті.

Nur Otan партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова өңірде Birgemiz-Qaragandy деп аталатын қор құрылғанын хабарлады.

– Жалпы, Birgemiz қорының қамқоршылық кеңесі елдің 150 мыңнан астам азаматына 50 мың теңге көлемінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл дағдарыс пен карантиндегі қиындықтарға тап болған 23 ірі қаланың тұрғындары, – деп атап өтті ол.

Бүгінгі күнде облыста аталған көмекті Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларындағы жеті санатқа енетін 13 674 адам алды.

 

Кәсіпкер де көмекке зәру

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласындағы ірі сауда орталықтарының иелері төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін жалдау ақысын тоқтатқан. Қалыптасқан жағдайдың салдарынан шағын және орта бизнес өкілдерінің  шаруасы қаңтарылып тұр. Облыста жұмысы уақытша тоқтаған кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлері басқа амалдың жоқтығынан 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемді алу үшін өтініш жасауда. Яғни, бүгінгі күнде кәсіпкерлер қолдауға аса зәру...

Осы орайда облыс әкімдігінде өткен селекторлық аппарат жиынында кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева шағын және орта бизнесті қолдау үшін жылдық 8% жеңілдікпен несие берудің жаңа бағдарламасының жүзеге аса бастағанын мәлімдеді.

– Бұл ретте жеңілдетілген несие беру бағдарламасында ешқандай салалық шектеулер қарастырылмаған. Тіпті қызметкерлерге жалақы төлеуге, шарттық міндеттемелерді орындауға несие алуға болады, – деп атап өтті ол.

Облыста төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету штабы жұмыс істейді. Оған кәсіпкерлер палатасы мен басқарма мамандары кіреді. Бүгінгі күнге дейін бұл мамандар төрт мың өтініш қабылдапты. Мұнда күн сайын келіп түскен 250-ге дейін қоңырау өңделеді екен.

  

Қарағанды облысы