Карантиннің арқасында қазақ ертегілері французша сөйлей бастады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Бұрынғы шымкенттік ару, қазір Францияда тұратын Ләззат Атабек-Трюффо карантин уақытында өз қыздарына арнап ертегі бейнебаяндарын түсіріп, оны әлеуметтік желіге салып отырған. Ләззат Атабек-Трюффо қызы Данель екеуі қазақ ертегілерін француз тіліне аударып, иллюстрация жасап, әрі оны өздері дыбыстауды карантин уақытында қолға алған. Кәсіби дизайнер Ләззаттың бұндай шаруамен айналысуға уақыты жеткіліксіз екені түсінікті. Ол тек карантин уақытын пайдаланып, ертегі бейнебаяндарын жасай бастаған. Бұлай жасаған себебі, ең алдымен өз қыздарын анасының тіліне қанықтыру болса, екіншіден, француз аудиториясын қазақ мәдениетімен таныстыруды жоспарлаған.
– Бастапқыда ертегілерді тек қазақ тілінде жасаймыз деп ойладық. Яғни, бар материалды жақсартуды ғана ойлағанбыз. Кейіннен неге француз тілінде де жасап көрмеске деген ой пайда болды. Француздардың тарабынан да көп жағымды пікірлер айтылып жатыр, ал қазақша материалдарымыздың Ютубтан көп дауыс жинағаны мені таңқалдырды, -дейді кейіпкер.