Арамызда спортқа кештеу келгенімен, толағай табысқа қол жеткізген азаматтар жоқ емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Руслан Сейілханов. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында туып-өскен ол әскерден оралғаннан кейін ғана балуандық өнерге мықтап ден қойды. Соған қарамастан, биік белестерді бағындырып, көпшілік назарын бірден өзіне аударды.
Тоқсаныншы жылдары Сейілхановтың есімі тек Қазақстанға емес, күллі әлемге мәшһүр болды десек, артық айтпағанымыз. Ол күрестің үш түрінен елеулі табыстарға қол жеткізіп, қалың көрерменнің көзайымына айналды. Бастапқыда Руслан самбошылардың сайысында алдына жан салмады. Алғаш рет 1992 жылы Таразда өткен ел чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Шыны керек, бұған дейін жастар арасындағы додаларда ащы тері сығылмаған спортшыдан ешкім де дәл осындай нәтиже күткен жоқ еді.
Тараздағы табысының кездейсоқ еместігін дәлелдеу үшін өжет жігіт жаттығу залында көп тер төгіп, әр жарыста өз мықтылығын паш етуге тырысты. Нәтижесі жаман болған жоқ. 1992-1996 жылдар аралығында елшілік жарыстарда қарсыласқа шақ келтірмей, халықаралық аренада да мол олжаға кенелді. Атап айтсақ, 1992 жылы Владивостокта өткен Азия чемпионатында күміс медальді мойнына ілсе, Алматыда жалауы желбіреген әлем кубогы жолындағы жарыста бас жүлдені олжалады. 1993 жылы Омбыда әлемнің вице-чемпионы атанса, 1994 жылы Нови Садта қола жүлдені иеленеді. Сол жылы Азияның теңдессізі деп танылып, студенттер арасындағы әлем біріншілігінде үшінші орынға табан тіреді. Басқа да халықаралық турнирлерде топ жарған Сейілханов ел спортының мерейі өсуіне елеулі еңбек сіңірді.
Самбо – Олимпиада бағдарламасына енбеген спорт түрі. Сол себепті де самбошылардың дені нағыз толысқан, кемелденген шағында дзюдоға ауысып жатады. Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында жапон күресіне ден қойған қазақ жастарының қатары қалың еді. Бәрінің де арманы – 1996 жылы Атлантада алауы тұтанатын Олимпия ойындарында бақ сынау. Солардың санатында Руслан Сейілханов та болды.
1995 жылы дзюдодан Қазақстан чемпионаты Павлодарда өтті. Атлантаға баруды армандаған белді балуандардың барлығы да Ертіс өзенінің жағалауында бақ сынады. Ақтық сынға алқынбай жеткен Руслан финалда Марат Айдашевпен айқасты. Бұл тартыс жергілікті спортшының пайдасына шешіліп, кейіпкеріміз күміс медальді қанағат тұтты. Алайда Олимпия ойындарының басталуына әлі бір жылға жуық бар еді. Дұрыстап дайындалса, Атлантаның да ауылы алыс емес екенін ол анық сезінді.
Арада бірер ай өткеннен кейін есімдері жоғарыда аталған қос мықтының жолы Алматыда өткен Санжар Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде қайта қиысты. Бұл жолы Руслан күмәнсіз жеңіске жетті. Сол мезетте ұлттық құрама бапкерлері «Атланта Олимпиадасында
78 кило салмақ дәрежесінде ел намысын Сейілханов қорғайды» деген кесімді сөздерін айтты. Бірақ алыстағы Америкада тек Русланның ғана емес, барлық қазақстандық дзюдошылардың бағы жанбады.
Дзюдо күресінен 81 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Руслан Сейілханов елшілік жарыстарда ешкімге есе жібермеді. Жеті жыл бойы ол чемпиондық тұғырды бір босатқан жоқ. Қарсы келгендерін алып та, шалып та жықты. Сонымен қатар халықаралық аренада да толағай табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, 1996 жылы Хошиминде және 1997 жылы Манилада өткен құрлық чемпионаттарында қола медальді иеленсе, 2000 жылы Осакадада Иранның атақты балуаны Казем Саризаниге ғана жолы беріп, күміспен күптелді. 1998 жылы Бангкокта алауы тұтанған Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Р.Сейілхановтың қазақ күресінен өткен жарыстарда да жасындай жарқыраған кезін көзіқарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Оның талай дүбірлі додаларда дара шығып, алты бірдей «темір тұлпарды» тізгіндегені де күні бүгінгідей көз алдымызда. Барлығы ол 15-тен аса жарыста «Түйе балуан» атанған екен. Әрине бұл тек айтуға ғана оңай. Әйтпесе өзінен әлдеқайда еңгезердей апайтөстермен алысу көп күш пен жігер, қажыр мен қайрат, намыс пен табандылықты қажет етеді. Сол қасиеттердің барлығы да кейіпкеріміздің бойында бар. Олай деуге негіз, салмағы 85 килодан аспайтын Сейілхановтың төл өнеріміз бойынша өткен жүбірлі додаларда талай алыптың аяғын аспаннан келтіргенін көзіміз көрді. Русланнан жығылғандар арасында салмағы 120 килодан асатын, тіптен 130-140 килоға жуықтаған Вячеслав Бердута, Қуат Байқожаев, Ерболат Юсупов, Ғалым Ахметов, Елдос Ықсанғалиев сынды апайтөстердің де болғанына дүйім жұрт куә. Расында да, Сейілхановтың күресу мәнері өзгеше еді. Ол ешкімнен қаймықпайтын. Алдында қандай дүлей күш иесі тұрса да, мысын бірден басып тастауға тырысатын.
Әлі есімізде, 1994 жылы Жамбыл облысында қазақ күресінен ірі халықаралық турнир ұйымдастырылып, жартылай финалында Руслан Сейілхановтың жолы Өзбекстанның атақты балуаны Армен Бағдасаровпен қиысты. Қарсыласы әлдеқайда еңселі әрі салмағы біршама ауыр болғанына қарамастан қандасымыз оған сан соқтырып кетті. Сол сәтте жекпе-жек десе, қаны қыз-қыз қайнайтын қазақ жанкүйерлері бас жүлденің өзге елге емес, өзімізде қалғанына қатты қуанып, Русланға ақ алғыстарын жаудырды. Финалда Кендібай Әбішевтен айласын асырған Сейілханов айтулы жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Ал қазақтың қайсар ұлының мықтылығын мойындаған Өзбекстанның өрені көп ұзамай Атланта Олимпиадасы мен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Азия чемпионаттарында екі рет бас жүлдені олжалап, екі рет қола медальді мойнына ілді. Бұл күндері Армен Бағдасаров Халықаралық дзюдо федерациясында лауазымды қызмет атқаруда.
2002 жылы үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Р.Сейілханов кеден саласында қызмет атқарды. Бұл салада да өзінің біліктілігі, білгірлігімен көзге түсті. Кезінде Шығыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан «Майқапшағай» кеден бекетін басқарды. Подполковник шенін алды.
Бір ғажабы, қай салада қызмет атқарса да, кейіпкеріміз бауыры ыстық боз кілемнен еш алыстаған жоқ. Ол спортты өмірлік серігіне айналдырды. 2012 жылы Руслан қазақ күресінен Астанада өткен «Қазақстан барысы» турнирінде бақ сынады. Дзюдодан 2013 жылы Туринде алауы тұтанған ардагерлер арасындағы Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы атанды. Майами мен Әбу-Даби қалаларында жалауы желбіреген әлем чемпионаттарында қатарынан екі рет бас жүлдені олжалады. Мальоркадағы додада күміспен күптелді. Міне, Қазақстанның белді балуаны Р.Сейілхановтың қол жеткізген жетістіктері осындай.