Облыста биыл әлеуметтік саланың 26 нысанының құрылысын жүргізу көзделген. Тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 19 жалдамалы, 3 несиелік тұрғын үй салу қолға алынды.
Облыстық құрылыс басқармасының мамандары карантин кезінде құрылыс нысандарында санитарлық талаптың қатаң сақталуын бақылап отыр. Карантин шараларына қарамастан, облыс орталығында құрылыс қарқынды жүруде. Жыл басынан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысына 26,7 миллиард теңге бөлінген. Оған «Жол картасы», «Ауыл-ел бесігі» сияқты жаңа бағдарламалар қосылып, қаржы көлемі 36,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.
–Биыл құрылыс көлемі көбейіп келеді. Мәселен, құрылыс көлемінің индексі 1 тоқсанда 117 процентті құрады. 151 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл құрылыс жұмысын қарқынды жүргіземіз деп жоспарланып отырмыз,–дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Ысқақова.
Мемлекеттік бағдарлама аясында соңғы 3 жылда 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сөйтіп, 13 мыңнан аса ақмолалық баспанамен қамтылды. Жеке құрылыс компаниялары да тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізуде.