Бүгінде «іргедегі көлімізге аққу ұшып келіп қонды» деген хабарды еліміздің әр өңірінен жиі еститін болдық. Аққулар тіпті қала ішіндегі үлкен тұрғын үй кешендері құрылысының дамуына байланысты соңғы жылдары пайда болған жасанды көлшіктерге де келіп қонуда.
Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі қыс ызғарынан әлі толық арыла қоймаған кейбір өңірлерге аққуардың ертерек келіп жатқаны байқалады. Мәселен еліміздің шығыс өңіріндегі кейбір аудандар қар құрсауынан әлі босаған жоқ. Жекелеген елді мекендер айналасында қалыңдығы бір метрге жуық қар жатқаны жуықта ғана жазылды. Бірақ соған қарамастан осы өңірлерге де құс киелісі аққулардың ертелетіп ұшып келіп жатқандығын жергілікті тұрғындар қуанышпен хабарлауда.
Мәселен, жоғарыдағы суреттегі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Біржан ауылдық окургіне қарасты Шеген фермасының іргесіндегі шағын көлге төрт аққу келіп қонып, жүзіп жүргендігін бізге осы ауданның Алматы қаласында тұрып жатқан тумасы Гүлжанат Иісова хабарлап, суретін қоса жолдады.
«Аққулар шағын көлге осыдан бірер күн бұрын ғана ұшып келіп қонақтаған екен. Көлдің қары әлі толық еріп болмаса да олар осында тұрақтап қалған. Осы жайды ауыл мен аудан тұрғындары бір бірінен естіп, жан-жаққа қуанышпен хабарлауда. Халық мұны жақсы ырымға балап отыр. Тіпті аққуларды көру үшін шетте жатқан фермаға арнайы бармақшы болып отырғандар да аз емес екен. Бірақ оған елдегі карантин жағдайы кедергі келтіруде» дейді Гүлжанат.