• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Сәуір, 2020

Бюджеттің бүйірі қалай толады?

415 рет
көрсетілді

Жаһанды шарпыған коронавирус пандемиясы әлемдік экономиканың кежегесін кейін тартып, дамушы, дамыған елдерді де жаппай шығынға ұшыратуда. Қазына қаражаты шикізатқа тәуелді елдердің жағдайы тіптен тығырыққа тірелді.

Бюджетке түсетін түсім азайды

Елімізде қара алтын баға­сының төмендеуі мұнай компанияларынан мемлекеттік бюджетке түсетін төлемдерді 3 есеге қысқартып отыр. Бұл ретте бюджетке түсетін барлық түсімнің 40%-ы мұнай-газ секторына тиесілі. Мемлекетке бас-аяғы ірі салық төлеп отырған 30 компания барын ескерсек, солардың 18-і мұнай және газ өндірумен айналысады. Былтыр бұл компаниялардың қазынаға аударған төлемдері 4,3 трлн теңгеден асқан болатын. Биылғы төлемдер бұл көлемге жетуі екіталай... 

Экономикасы мұнайға тәуелді елдер үшін қаржылық қиын­дықты еңсеру оңайға түспейін деп тұр. Кейбір елдер алдын ала жоспарланған мемлекеттік бюджеттің қайта қаралуына, резервтегі қаражаттың әлеу­меттік салаларды қашанға, қаншалықты жететінін екшеп алуға кірісіп кетті. Өйткені «жығылғанға жұдырық» болған коронавирустың салдарынан жаппай карантин жарияланып, қазынаға бизнестен түсетін табыс кемуде. Оның үстіне жұмыссыз халықтың қарасы көбейді. Соңғы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда төтенше жағдай салдарынан 39,3 мыңға жуық адам мерзімсіз демалысқа жіберілген. Оның ішінде жұмыстан босатылғандар да бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалдамаға 2 мыңнан астам компаниядан 154,4 мың адам қатысқан. 10 сәуірдегі жағдай бойынша 2 мыңнан астам кәсіпорын мерзімсіз демалысқа 35,7 мыңға жуық қызметкер жіберсе, ал 3,6 мыңға жуық қызметкер жұмыстан босатылған.

Мерзімсіз демалысқа жібе­рілгендер арасында 12,8 мың адам құры­лыста, ал мейрамхана бизнесінде – 3,7 мың, көлік және логистика саласында – 3,6 мың, өңдеу өнеркәсібінде – 3,6 мың, білім саласында – 2,7 мың, сауда саласында 2,3 мың адам жұмыс істеген. Мүлдем жұмыссыз қалғандар саны ауыл шаруашылығында 718 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 672, құрылыста – 633, мейрамхана бизнесінде – 400, білім саласында 270 адамды құрайды.

Індеттің шарықтау шегі алда екенін ескерсек, жұмыссыздар саны артуы әбден мүмкін. Елдегі кәсіпорындардың уақытша жұмысын тоқтатуы мемлекеттік бюджетке айтарлықтай салмақ салуда.

Таяуда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әли­хан Смайылов коронавирусқа байланыс­ты республикалық бюджеттің кіріс­тері 10,5%-ға төмендегенін айтқан болатын. Салық түсімінің кемуі нәтижесін­де мем­лекеттік бюджеттің кірістері 89,9%-ға, республикалық бюджет – 78,8%-ға, жергілікті бюджет 121,4%-ға орындалғаны белгілі болды.

–  Біріншіден, импорттан түсетін қо­сым­­ша құн салығы кеміді. Үшінші елдер­ден келетін импорттық тауарлардың қыс­қаруы салдарынан 87 млн доллар түсім қысқарып отыр. Импорттың қыс­қаруы­на байланысты 11,4 мың салық төлеу­шіден 49,1 млрд теңге көлеміндегі бюд­жетке түсетін түсім кеміді. Оның ішін­де көтерме және бөлшек сауда бойынша 6 жарым мың салық төлеуші, өңдеу өнер­кәсі­біндегі 1,3 мың, тау-кен өнеркәсібі саласы бойынша 130 мың салық төлеушіні атап өтуге болады, – деді Ә.Смайылов. Сонымен қатар ол I тоқсанда Қытайдан келетін автокөлік құралдарының саны да 29,3%-ға кемігенін назарға алды.

Қазынаға түсетін қаражаттың кемуіне әсер еткен екінші фактор – кор­поративтік табыс салығының түспеуі. Бұл сыртқа экспортталатын шикізат бағасының соңғы уақытта тым құлдырап кетуіне байланысты. Ресми мәліметке сүйенсек, шикі мұнай бағасы 22,1%, мырыш – 20,8%, мыс – 9,4%, алюминий – 9,7%, қорғасын – 10,1%, феррохром 11,6%-ға арзандаған.

Шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында уақытша салықтан босату бюджетке түсер табыстың кемуіне кері әсер етіп отыр. Соның салдарынан бюджет ішкі тұтыну тауарларына төленетін 132 млрд теңгені құрайтын қосымша құн салығынан қағылды.

̶  Қалыптасқан экономикалық жағ­дай­ға қарамастан, біз бизнес алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындаймыз. Карантин кезінде кәсіпкерлерге 193 млрд теңге қайтарылды. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда биыл қосымша құн салығын қайтару сомасы 84 млрд теңгеге өсті. Нақтыланған республикалық бюджетте кірістер бо­йынша жылдық жоспар 6,4 трлн тең­гені құрады. Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 134 млрд теңгеге асыра орындалып, 759 млрд теңгені құрады, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі. Сөйтіп, карантин кезінде республикалық бюджеттің кірістері 10,5% -ға төмендеп отыр. Республикалық бюджетке 1,4 трлн теңге сомасында кіріс түскенімен алдын ала жоспарланған 378 млрд теңгенің орны толмай отыр.

 Кәсіпкерліктің хәлі қалай?

Covid-19-дың таралуының алдын алу мақсатында елде өнеркәсіптік өн­діріс қысқарды. Карантин режіміне көш­­кен сәттен бастап шағын және орта кәсіп­­керлікпен айналысатын көпте­ген ком­пания­лар қызметтерін тоқтату­ға мәж­бүр болды. Қызметкерлері қысқар­тылды немесе ақысыз демалысқа жібе­ріл­ді. Бұған дейін де елдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының мейманасы та­сып тұрған жоқ еді. Бүгінде кәсіп­кер­­лік­тің шағын және орта түрімен айна­лы­­сатындар саны 1,3 млн-нан асады деген ақпарат бар. Десе де, 2020 жыл­дың 1 наурызындағы жағдай бойын­ша шығарылатын өнімдердің 87%-ы 265,8 мыңға жуық заңды тұлға ретін­де тіркелген кәсіпкерлерге ғана тиеслі екен. Дәл қазіргі карантин режімін­дегі жағдайда шағын және орта кәсіп­керліктің жағдайы қиын әрі уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Бұл салада экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 36%-ы, яғни 3,3 млн қызметкер барын ескерсек, саланың қайтадан жандануы үшін мемлекет барынша қолдау көрсетуге ниетті.

Кез келген дамыған елдің экономикасы үшін негізгі драйвер саналатын шағын және орта кәсіпкерлік халықты жұмыспен қамту мәселесін шешумен қатар, экспорттық әлеуеттің өсуін және ішкі рыноктың тұтыну тауарлары мен қызметін қамтамасыз етеді. Бұған қоса бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайтады және халықтың әл-ауқатын арттырады. Сондықтан да Үкімет шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы­на басымдық беріп, түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар көлемін арттыруды көздейді.

Елдің ІЖӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі жоғары болған сайын, халықтың әл-ауқаты соғұрлым жоғары және экономика қарқынды дамиды. Дамыған елдерде бұл үлес 50%-дан асады. Мысалы, Ұлыбританияда 51%, Германияда 53%, ал Жапонияда-75%-ды құрайды. Қазақстанда 2019 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі – 29,5%. Үкімет 2050 жылға қарай 50%-ға қол жеткізуді жоспарлап отыр. 2020 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда шамамен 1,6 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген, олардың 1,3 млн-ы белсенді кәсіпорындар санатында. 2019 жылмен салыстырғанда биыл жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 4%-ға артқан. Кәсіпкерлікпен айналысатындардың басым бөлігі Алматы қаласында, Түркістан облысында және Нұр-Сұлтан қаласында шоғырланған. Бұл өңірлер жалпы өңірлік өнімнің 35%-дан астамын, бюджетке түсетін түсімдердің 50%-дан астамын құрайды. Бұл көрсеткіштен басқа өңірлердің үлесі аз екенін көруге болады.

Біздегі кең таралған кәсіпкерлік қызмет түрі көтерме және бөлшек сауда. Бұл салада ШОБ субъектілерінің үштен бірі немесе 442 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығында 252 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 2019 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі 21,1 трлн теңгені құрады. Ескеретіні, бұл ретте жеке кәсіпкерлер өнімнің 7,7%-ын ғана шығарған. Негізгі 87% шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғаларына тиесілі. Қалған 5,2% шаруа қожалықтарына тиесілі екен. Біз шағын және орта кәсіпкерлік дегенде алдымен шаруа қожалықтарын көзге елестетеміз. Бізде шаруа қожалықтарынан гөрі негізінен алыпсатарлықпен айналысатын кәсіпкер ретінде тіркелген заңды тұлғалар саны басым болып тұр. Сол себепті елдегі шағын кәсіпкеріліктің 20%-ы сектордағы жалпы түсетін табыстың 60%-ын тауып отыр екен. Ал халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс шағын шаруа қожалықтары өлместің күнін көріп жүр.

Осы ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет экономиканы тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар легін қабылдады. Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындарды төтенше жағдай кезінде уақытша салық пен төлемдерден босатып, салықтық тексерулер тоқтатылды. Екіншіден, жылдық мөлшерлемесі 8%-дан аспайтын 1 жылға арналған жеңілдетілген несие берілмек. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін 600 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса, «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру көлемі артып, отандық бизнесті қолдауға 1 трлн теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар 700 млрд теңге қайта өңдеу мен өндіріске, ал 300 млрд теңге өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерге бағытталады деп жоспарлануда.

Алдағы уақытта бұл саланың бағыт-бағдарын айқындап, алыпсатарлардың емес, отандық өнім өндіріп, халықтың аузын асқа, қолын іске жарытатын шаруа­ларға басымдық беру қажеттігі туын­дайды. Қысқа күнде қырық құбыл­ған қар­жылық дағдарыс сыртқы өнімге тәуелділіктен арылуды көрсетті.