• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2010

ҚҰПИЯСЫ АШЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР

782 рет
көрсетілді

Жүйелі де жігерлі, жаңаша атқарылған істің шырайы шығады. Оны жалпақ жұрт іле сезе қояды. Соған ықы­ласы ауып, ала­бөтен құмартып, жан байлы­­ғына кенелгендей кере­мет бір күй кешіп жүре­ді. Астаналықтар жа­қын­да сондай бір жар­қын істің нәтижесін тамашалады. Бәріне ұйытқы болған Астана қалалық мұрағаттар және құжаттамалар бас­қармасының бастығы Сұлтанбек Ысқақов еді. Сұрапыл жылдардың Ақмола өңіріне қатысты тылсым сырларын бүккен әлі талай құжаттар құрдымға сіңген судай жым-жылас кеткенін іші сезетін. Соларды Ұлы Жеңіс қарсаңында бел­­гісіздік ұйы­ғынан шым-шымдап тар­тып, халық жа­дының игілігіне айналдырса де­ген мазасыз ойы маңайына нұр шашқандай болды. Індете іздегені табылды. Сөйтіп ақ түйенің қарыны жарылды. С.Ысқақов Подольскідегі РФ Қорғаныс ми­нистрлігінің орталық мұрағатына тың де­ректерге қатысты сұрау салғанда, өтініш­терінің кемінде бес айға созылып орында­­лар-орындалмасына дүдәмалданған. Бұрын­нан белгілі жайт қой. Тіпті бұдан да ұзақ мерзім­ге діңкелететін. Бұл жолғысы таңыр­қатып тастады. Бас-аяғы бір ай ішінде 500 беттік 20 құжат қолдарына тиді. Кейін білді ғой, осы жауапты міндетті өз иығына алған Астана қалалық мемлекеттік мұрағат ди­рек­торының орынбасары Б.Баймағанбетова мен бөлім меңгерушісі Д.Дисенбаева По­дольск мұрағатымен хабарласқанда, бұрын Ақмо­лада осы салада еңбек еткен Попов және Горн деген қызметкерлердің қамқор­лығымен істерін жедел тындырып алыпты. Істің қыбы табылса, бағы жанады екен. Мың алғыс оларға! Және қандай деректер десеңізші. Сонымен, Ақмолада жасақталған атқыш­­тар дивизияларының жауынгерлік жолда­рына қатысты “құпия” құжаттардың сыры ашылды. Қуаныштарында шек болмаған олар іле “Елі ерге сенген, ері елге сенген” атты көрме ашып, әлгі құжаттарды көпке жария ету рәсімін өткізді. Егер олардың мазмұнын түйіндеп айтар болсақ, былайша жіктеледі: әрбір дивизияның қалыптасу та­рихы; жауынгерлік командирлердің жоға­рыға жеткізген мәлімдемелері; коммунистер­дің тізімдері; жауынгерлік іс-қимылдың карталары; дивизиялардың жауынгерлік жолының тарихы; жауынгерлік іс-қимылдың жазбалары, т.б. құнды деректер соғыс болмысының беймәлім тұстарын мейлінше тарқата түседі. Ақмола қаласында Ұлы Отан соғысы жыл­д­арында үш атқыштар, бір атты әскер­лер дивизиялары жасақталған. Алғашқы 310-шы атқыштар дивизиясы Орталық Азия әскери округі әскери кеңесінің 1941 жылғы 15 шілдедегі бұйрығы бойынша құрылған. Жауынгерлер қабылдау, әскери өнердің қыр-сырына қанықтыру қауырт жүргізіліп, бас-аяғы бір айдан аса мерзімде – 18 та­­мызда тәмамдалады. Негізгі тірегін Солтүс­тік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қара­ғанды облыстарының 36-40 жас аралығын­дағы азаматтары құрайды. Кейін бұл ди­визия “Новгород атқыштары” деген атқа ие болып, Псков, Новгород, Ленинград об­лыстарын неміс-фашист басқыншыларынан азат ету шайқастарының бел ортасында жан­қиярлық ерлік көрсетеді. Сондай-ақ екінші Беларусь майданындағы сұрапыл ұрыстарда да ерекшеленген. 1945 жылдың қаңтарында аталған дивизия 19-армияның қарауына беріледі. Өмір мен өлім белдескен 800 ша­қы­рымнан астам жорық жолдарын жүріп өту, қазір ойласаңыз, ақылға сыя ма? Бұл атқыштар дивизиясында қатардағы ақ­молалық жауынгер Никифор Иваненко, тә­жірибелі командир Борис Житяев, саяси же­тек­ші Тауқыбай Сәрсембековтер болды. Олар ұрыс даласында ерлікпен көз жұмды. Ең бір қа­сіреттісі сол, аталған дивизия алғаш рет жау­мен айқасқа түскенде, тәжіри­бе­сіздіктен 5408 жауынгерінен айырылып қалыпты. Бұ­рын мұндай шындық айтылушы ма еді? Ке­ңес­тік насихаттың қарысқан жағын кім аша алды? Құпиядан азатталған Қызыл тулы 387-ші Перекоп дивизиясы туралы не айтуға болар еді? Ақмолада жасақталған бұл дивизияның басы-қасында дивизия командирі, полковник Максим Сущенко, комиссар Артем Шкумат секілді ыс­ыл­ған коман­дир­лер бо­лыпты. Оның қата­ры­на алын­ғандардың 60 пайыздайын Қызыл Армияның қысқа мерзімді курста­рын­да оқып, әскери өн­ер­дің әліппесін әжеп­тәуір меңгергендер құ­рап­ты. Дивизияны жа­сақ­тау мен әскери жат­тығудан өтулеріне 1941 жылғы тамыз­дың 20-сынан қа­ра­шаның 6-сына дей­інгі аралық бөлін­ген. Алғашқы ди­визияны жасақтауға 1 айдан аса уақыт белгіленсе, бұл жо­лғы шақы­рылған­дарға өткен­нің са­бағын ескере оты­рып, 2,5 айдай уа­қыт бөлінген. Шы­ң­дап, ширық­тыру жа­ғы қатты ескерілген ғой. Желтоқсанның ортасында 387-ші атқыштар дивизиясы Сталинград майданына, екінші гвардиялық армияның құрамына беріледі. Оларға Сталинградтық топтың айналыс иі­нінде қоршауда қалған Паульстің 6-армия­сын кері жібермеу міндеті жүктелген. Бұл дивизияның жауынгерлік жолы кейін Севастополь өңірінде жалғасты. Кескілескен ұр­ыстарда шыңдалып, жаудың талай қиын шеп­терін аз шығынмен алудың қаһарман­дарынан жасақталған осынау дивизияға “Перекоптық” атауы беріліп, Қызыл Ту орденімен марапат­талады. 1945 жылдың наурызында атына заты сай болған дивизия құрамы Бухаресті азат етуге, ал маусымда Болгария аумағына жіберіледі. Енді 29-шы атқыштар дивизиясын жа­сақтау жайына келетін болсақ, ол қауырт міндет 1941 жылдың 15 желтоқсанында қолға алынған екен. Бұл жұмысқа бұрынғыдай бір, екі жарым ай емес, бақандай 4 ай мерзім бөлінеді. Демек, бастапқыдай жинап алып, ұр­ыс­қа іле салып жіберудің зардабын тарт­қанның сабағын жіті ескерген секілді. Дивизия 1942 жылдың 10 шілдесінде Сталинград майданына қосылуға бұйрық алады. Дивизия командир­лігіне подполковник Анатолий Колобутин, комиссарлыққа Иосиф Шурша, штаб басты­ғына Дионисий Цалай бекітіледі. Аталған дивизияның құрамында ақмолалық майдангер-жазушы А.Ф.Дубицкий болды. Оның осы дивизия өміріне қатысты бірер жинағы жарық көрді. Аталған дивизия кейін ерлік қимылда­ры­на орай гвардиялық Қызыл Ту орденді ат­қыштар дивизиясы атанды. Дивизия Сталин­град, Харьков, Красноград, Кировоград қа­лала­рын азат етуге қатысты. 1945 жылдың 24 шілдесінде осы дивизияның тоғыз жауынгері мен командирі екінші Украин майданы жиынтық полкінің санатында Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысу бақытына ие болды. Сөз кезегінде ендігі бір тылсымның жай-жапсарын қысқаша баяндап көрелік. 106-атты әскер дивизиясы Ақмола қаласында 1942 жылдың көктемінде жасақталыпты. Әйтсе де ол туралы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатында жарты бетке әзер жететін анық­тамадан өзге ештеңе жарытып сақталмапты. Соған да қанағат. Тек бір сүйінерлігі – Ақмола қаласынан осы дивизия құрамында жорыққа аттанған Қайырден Қапажановтың 1942 жылғы мамырдың 23-інде жазған соңғы хаты туыстарына жіберілгені туралы мәлімет бар екен. Сондай-ақ қатардағы жауынгер, пулеметші Мұхтар Жаманбаевтың ғана қоршаудан шыққаны жөніндегі деректі де осы тілдей анықтамадан біліп отырмыз. Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты қорларының Ұлы Отан соғысына қатысты құжаттары жыл сайын жүйелі түрде толық­тырылып келеді. Мұнда басқарма мен мұрағат ұжымдарының зор үлесі бар. Сонымен бірге “Мемориалдық аймақ” іздестіру отрядының командирі, ақмолалық Майдан Құсайынов­тың ізденгіштік еңбегі айрықша атап өтуге тұрарлық. Осы бір іске мығым, білімпаз, тынымсыз азамат ақырын жүріп анық басып, ұрпақ үшін аса маңызды жұмыстар тынды­ру­да. Сөйтіп майдан жауынгерлері алдындағы парызы мен қарызына адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүр. Ол осыдан 21 жыл бұ­рын ізшілер отрядын құрып, Санкт-Петер­бург, Мәскеу, т.б. қалалардың мұрағаттарын аралаумен бірге, бұрынғы ұрыс далаларын­дағы елеусіз жатқан қорымдарды қазып, тосын жаңалықтарға кенеліп қайтып жүр. Со­дан тапқан олжаларын әспеттеп әкеліп аста­на­лықтардың назарына ұсынуда. Бұл деге­ні­ңіз, соғыс даласындағы елеусіз жатқан мате­ри­алдық, құжаттық негіздерді жете танып біліп, ұрпақ кәдесіне жаратудың тамаша тәсілі дерлік. Бір жағынан сұрапыл жылдардың өшпес даңқын нақты деректермен дәйектен­діріп, өшпес ерлік иелерінің рухын мәңгілікке жаңғыртудың тамаша мысалы ретінде бағалануда. Бір сәт осы ізшілдердің қадамына зер салып байқасақ, олардың ажалмен бетпе-бет келетін тұстары да жиілеп жататын көрінеді. Тіпті күтпеген жерден минаға түсіп, жанын қиғандар да ұшырасады. Сондай қайғылы қазаның бірнешеуін М. Құсайынов та кө­зімен көріп, қан жылағаны бар. Қасын­дағылардың кейбірі мұндай жан алып, жан беруден жүректері шайлығып, келесі жо­рыққа беттемей қойғанда да командирлік берік шешімді бірбеткейлігімен ол ешнә­р­седен қаймықпай, келесі сапарларға құл­шыныспен аттанып кете беретін. Бір жолы, Северо­дви­нск қаласы іздестіру отрядының мүшелері Л. Пастухов пен В. Поповтың Лау­хи поселкесі маңындағы жерде жаяу әскерге қарсы қолданылатын жау миналарын тазартуда қазаға ұшырағанының куәсі болды. Табан астында жылдар бойы жасы­рылған мина жарықшағы мәскеулік Н. Симонованың, новго­род­тық А. Беловтың, то­­больс­кі­лік А. Корневаның, курскілік И.Рудяковтің күлін көкке ұшырғанын да көріп-білген-тін. Бәрібір қалта­рыс­та құпия жатқан тылсым де­рек­терді тауып, ел игілігіне жа­ра­тудың қамымен Майдан тек­тес асыл азаматтар құс ұй­­қылы боп жүр екен. Міне, солардың ізденісінен ізгілікті де ғанибетті іс балалап жатыр. Ұлы Жеңістің биылғы жыл­ғы белесінде соғысқа қа­тысты құпиялы құжаттар қа­тары мейлінше сирей түскені оңды болар еді. Осындай мақ­сатпен астаналық мұра­ғат­­шылар жиі-жиі көрме ұй­ым­дастырып, тұрғындар жа­дына жаңартылып, жаңғыр­ған құжаттарды молынан ұсын­баққа бекінген. Нәтижесі көңіл қуантады. Көрмеге барсаңыз, көп нәр­сеге қанығып қайтасыз. Мәселен, соғысқа дейін 32,5 мың адамы бар Ақмола қаласында 6 кәсіпорын, оның үшеуі республикалық деңгейде жұмыс істепті. Оларға 800-ден астам адам тартылыпты. Сондай-ақ мұнда одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындары көшіріліп, майданға қажетті өнімдер шығара бастайды. №317-әскери зауыты мен “Ка­захсельмаш” зауыты соның кепіліндей. 1944 жылы 3 мыңдай адамды топтастырған үлкенді-кішілі 16 кәсіпорынның қайтарымы күткендегіден де асып түскен. Сырттан қо­ныс аударылған 30 мың адамның тегеурінді қимылы әлі күнге өлшеусіз өнеге бастау­ындай боп көрінеді. Ақмолалықтардың майданға көрсеткен қолғабысы да толықтырылып, кеңінен баяндала бастағандай. Қиын-қыстау кезеңде қала жұртшылығы Жеңісті жақындату үшін бейтарап қалмапты. Арнаулы танк колон­насы мен авиаэскадрильясын жасақтауға 3 миллион 719 мың сом қаржы жинап, 5 мил­лион 666 мың сомның лотереясына жазыл­ған. Өзіне емес, майданға болсын дейтін жанкештілік қасиет қандай қыр­ғын­нан да алып шығарын сол мықшегедей асылда­ры­мыз жан-тәнімен сезінген-ау! Сол ерліктерін бүгін бүкпесіз ғып айтып, құпиясыз, бүге-шігесіне дейін мәлім етсек, жарасымын табар, жетіспей жатқан жерін жабар. ... Ақмоладан өз еріктерімен майданға аттанған 9783 адамның 7414-і кері оралмай қалыпты. Қаншама қиылған арман де­сеңші. Тұлдыр тағдырлар. Түбірімен ке­сілген да­рақтар. Бүгінгі тарих қана осын­дай ақтаң­дақтардың беймәлім па­рағын парақтар... Сұрапыл соғыс жария жүрген, жаппай жайпаған жан-жағын. Неге оның сонда құпиялы мезеттері болуға тиіс? Әр жауынгер құпия емес, ашық шайқасқа түскен. Жеңіс құны жариялылығымен баршаға аян. Ендеше құпиялық құлпын ашып тастайтын кез келгенін сезінейік. Соған сай із кесейік, ізденейік. Қайсар ӘЛІМ. АСТАНА.