Соңғы деректерге қарағанда Ақтөбе қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған 4 адам тіркелген. Сөйтіп облыста бүгінгі күні індет жұқтырғандырдың саны 18 адамға жетіп отыр.
Бір жағымды жәйт Ақтөбеде індет жұқтырған төртінші адам толық айығып үйіне шығарылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша соңғы тіркелген төрт адамның төртеуі індет жұқтырған он төртінші науқастың туыстары. Яғни қызы мен екі немересі екен. Бұған КВИ жапсырып алған ата-әжесінің үйіне бірнеше рет қонаққа барыпты.
-Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға үйден шықпауға ұдайы кеңес беріп отырмыз. Алайда оған құлақ аспайтындар да бар. Ағайын туыс болғанның өзінде бір-біріне баруды тоқтатқан жөн. Сақтану шараларына салғырт қарағандардың жай-күйі қандай болатыны әркімге де түсінікті шығар. Әзірге облыста эпидемиологиялық жағдай күрделі жағдайға жете қойған жоқ. Дегенмен қауіпсіздік іс-шараларын одан әрі күшейте түсуіміз қажет. Сонда ғана аурудың алдын ала аламы. Әрі оның одан әрі таралуына жол бермейміз. Тұрғындар осыны ескеруі керек. Бұл кәдімгі тұмаумен салыстырғанда 30 есе тез жұғатын өте қауіпті жұқпалы дерт деді Egemen.kz тілшісіне Ә.Ә.Қалиев.
Ал төртінші науқас қылмыстық ісі бойынша қамауға алынып, сол кезде індет жұқтырғаны анықталған. Эпидемиологиялық зерттеулер кезінде оның ата-анасының үйі коронавирус жұқтырған науқастың үйімен көрші екені белгілі болды. Қазіргі таңда ауру жұқтырған адамдар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бокс-палатасына орналастырылған. Олардың жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде. Бәріне де тиісті емдік шаралар жасалу үстінде.