Қоғам болғаннан кейін, сол қоғамда түрлі көріністер мен мәселелер де болады. Адамзаттың бәрі бірдей емес, сондықтан да олардың наным-сенімі мен кәсібі де әртүрлі болып келеді. Бүгінде қала көшелерінен өткен-кеткен көпшілікке алақан жайып, қайыр сұрап отырған жандарды жиі көреміз.
Әрине, тағдырдың теперішіне тап болған, денсаулығы жоқ, халі мүшкіл адамға көмектесу адамдық парыз. Садақа беру сауапты іс. Алайда, балиғат жасына да толмаған көп балалардың қоғамдық көліктердің ішінде қасиетті Құран аяттарын оқып, қайыр тілеп жүргенін де жиі кездестіреміз. Тіпті базар маңына барсаңыз да алдыңыздан Құран оқып, алақан жайып шыға келетін балалар көп.
Жуырда қала ішіндегі қоғамдық көліктердің біріне міне бергеніміз сол еді, артынша жасы он-он бірлер шамасындағы бір бала да көлікке көпшілікпен қатарласа мініп, Құран оқи жөнелді. Ұлты сыған әлде тәжік сияқты. Оның Құранды асығып оқып отырғанын байқадық. Өйткені, келесі аялдамадан түсіп қалып, басқа бір қоғамдық көлікке мінуге үлгеру керек. Халық әйтеуір бес-он тиынын беріп жатыр. Әлгі бала Құранды оқып болғаны сол еді, егде жастағы бір жолаушы «Сен не оқып отырғаныңды өзің түсінесің бе? Неге қате оқисың? Қасиетті нәрсені көрінген жерде оқуға болмайды ғой», деп тастады. Әрине, бұл мәселе де көптің көкейінде жүрген нәрсе. Шынында да қасиетті Құранды оқудың өзіндік тәртібі мен белгіленген жері бар ғой. Ол әрине, кез-келген жерде оқи беретін жай нәрсе емес екені белгілі. Әрі-беріден соң бұл Құдайдың құдіретті сөзін саудаға салу болып та шығады. Мұхаммед (ғалейһиссалам) пайғамбардың өзі қайыр сұрауды ұнатпағаны жайлы да риуаяттар бар. Ендеше өзін Құдайдың құлы, пайғамбардың үмбеті санайтын әрбір адам Құранға құрметпен қарауы керек емес пе?!. Осындай мәселе жөнінде пікірін білмек болып Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаевқа хабарласқанымызда, ол қасиетті Құранды көрінген жерде оқи беруге болмайтынын айтты. «Бұл – дұрыс емес. Ол адам Құранды нәпақа табуға айналдырған болып есептеледі», деді наиб имам. Әрине, көлеңкелі болмаса, қазір кәсіппен айналысуға шектеу жоқ. Бірақ қасиетті Құран сөзі кәсіптің көзі болмауы керек.
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы» трактатында «Ұлы қоғам – жер бетін мекендейтін барша адамзат қоғамдарының жиынтығы, орташа қоғам – қандай болсын бір халық түріндегі қоғам, ал шағын қоғам – қайсыбір халық мекендейтін аймақтың белгілі бөлігін алып жатқан қайсыбір қала тұрғындарынан құралған қоғам», деп жазған еді. Жалпы, қоғамның бір нәрсеге деген көзқарасы өзге дүниеге деген көзқарасты өзгертуі мүмкін. Ол ұлы болсын, орта болсын, шағын болсын – қоғамның аты қоғам. Мұнда да ортақ мәміле қажет. Қазіргідей түрлі көзқарастар қайшылығы шарпысқан кезде ортақ құндылықтардың бәріне абай болған дұрыс-ау...
Жамбыл облысы