• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2010

ҚЫРУАР ҚАРЖЫ “ЖОЛҒА” КЕТЕ МЕ, “СОЛҒА” КЕТЕ МЕ?

743 рет
көрсетілді

немесе қоян терісі құрлы жоқ жолдар жайлы ойлар Жақында еліміздің Көлік және коммуникация вице-министрі А.Бектұров Жамбыл облысындағы жиналысқа келді. Ауа райының қолайсыздығынан Астана-Тараз ұшағы болмай қалып, Алматы арқылы автокөлікпен жетуге мәжбүр болыпты. Жиналысқа кешігіп келгеніне кешірім өтінген вице-министр “Алматы мен Тараздың арасында 8 сағат жүруіме тура келді. Жолдың сиқы адам шошырлық. Түгелдей дерлік ойылып кеткен” деді. Рас, жолдың жөні түзу кезінде бұл екі аралықты жүрдек көліктер 5-5,5 сағатта зулап өте шығатын. Бірақ... Бүгінде Жамбыл облысының қаласы мен даласындағы жол ой-шұңқырға толып кетті. Жақында Құлан, Меркі, Қордай бағытына біздің де жолымыз түскен. Жолдың сиқы, шынында да, адамның жағасын ұстатқандай. Ошақтың орнындай болып үңірейіп қалған жол жүргізушіге де, жолаушығы да, тіпті, автокөлікке де ауыр тиеді. Дік-дік, тарс-тұрстан автокөлік доңғалағының резеңкесі жарылып та кетеді екен. Шұрқ тесіктен қашып, дұрыстау жермен жүрем деген қарсы бағыттағы көліктер бір-бірімен соқтығысып немесе жолдан шығып кетіп жатыр. Біреулер бәлкім “Жыры бітпей­тін бұл неғылған жол? Үкімет те, жергілікті билік те жол маша­қа­ты­нан құтылайық деген жақсы ниет­пен жыл сайын қыруар қаржы бө­ліп жатқан жоқ па?” дер. Рас. Өт­кен жылы қыркүйек айының со­ңын­да облыс әкімдігінің мәжі­лісінде өңірдегі жол құрылысына жауапты басқарманың сол кездегі бастығы облыстық және аудандық мәндегі автомобиль жолдарының жағдайы жөнінде анықтама берген. Анықтама бойынша, Жамбыл об­лысының автомобиль жолдарының жалпы ұзақтығы 4999 шақырымды құрайды екен. Оның республи­ка­лық мәндегісі – 847, облыстық мән­дегісі – 2224,3, аудандық мән­дегісі 1927,7 шақырым болып шық­ты. Міне, облыстық және аудандық мәндегі осы автомобиль жолдарын жөндеу үшін 2006-2012 жылдарға арнайы бағдарлама жасалыпты. Оған арналған қаржы да қыруар – 5788 млн. теңгені құрайды. Атап айтсақ, 4088 млн. теңге респуб­ликалық, 1700 млн. теңге жергілікті бюджет­терден бөлініпті. Дегенмен, әлгі бас­тық анықтама берген күнге дейін жол жөндеу жұмыстарына бө­лінген қаражат бағдарлама бой­ынша қарастырылған 5788 млн. теңгеден асып кетіпті. Яғни, 2006-2008 жылдар аралығында жергі­лік­ті мәндегі автомобиль жолдарын  жөндеуге 3096,7 млн. теңге бөлі­ніп, бұл қаражат толығымен иге­рілген көрінеді. 2009 жылға жер­гі­лікті мәндегі автомобиль жолда­рын қаржыландыру көлемі 2133,0 млн. теңгені құрапты, оның ішінде республикалық бюджеттен 1132,7 млн. теңге көлемінде трансферт алынса, облыстық бюджеттен 775,3 млн. теңге және аудандық бюд­жет­терден 225,0 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, “Жол кар­тасы” бағдарламасы бойынша қосымша жол жөндеу жұмыс­тарына 1730,5 млн. теңге бөлініпті. – Сонымен, – деген басқарма бастығы, бағдарламаның іске асы­рылу барысында бүгінгі күнге дейін 6960,2 млн. теңге бөлініп, иге­рілуде. Бәрін айт та, бірін айт, басқар­ма бастығының анықтамасын тамсанып қойып тыңдар құлақ болса тамаша-ақ енді. Бірақ... осы 6960,2 млн. теңге “жұмсалған” жұ­мыс неге көзге көрінбейді? Кей бөліктердегі жолдың асфальт жа­мылғысы бір қысқа да шыдамауы қалай? Биылғы қыстың бір айы, яғни желтоқсаны Тараз қаласында қарсыз, борансыз, жауынсыз, жады­рап өтті. Сонда жөнделген жол­дың қауқары қаңтар мен ақ­панға да жетпегені ме? Қазақ “қоян­ның терісі бір жылға шы­дайды” деуші еді, Жамбыл облысы жолшылары “төсеген” немесе “жамаған” асфальттың сапасын қоянның терісімен де салыстыруға болмағаны-ау сонда. Тараз қаласының оңтүстік баты­сына таман Ықылас Дүкен­ұлы (бұрынғы Почтовая) атындағы көше бар. Қазір сол құдыретті қо­бызшының аты берілген көшемен жүру оңай емес. Бірақ біз тәуекел етіп көрдік. Адам шошырлық көріністі тәптіштемей-ақ қоялық. Ал Қазыбек би көшесі мен Әйтиев көшесінің қиылысы қаланың қақ ортасында. Бұл жердегі асфальт та бейбіт заманда бомба түскендей шұрқ тесік болып жатыр. Құра­лай­ды көзге атқан сұр мерген Ыбы­райым Сүлейменов атындағы ұзын көше бар. Сол көшенің ортасы­ның да ойылып, топырағы шашы­лып жатқанына бір жарым жыл болып қалды-ау. Бірақ осы уақыт ішінде Тараз қаласы әкімінің не­ме­се орынбасарының “Ау, бұл қалай? Қане, тез жөндеңдер!” деп, жолға жауапты мекеме басшы­ла­ры­на тапсырма бергенін көрмедік. Абай мен Сухамбаев көшесінің қиылы­сында байқамасаң беліңді үзіп жібере жаздайтын бір ойдым жер бар. Тура жолдың ортасында. Тараздың шұңқырға толы жол­да­рын бес саусағындай білетін әккі жүргізушілер болмаса, Алматы жақ­тан ағызып келе жатқан ағай­ын­дардың оңбай қалуы бек мүмкін. Ойланатын жәйт... “Өлең шіркін, өсекші жұртқа жаяр”, Тараздың тар көшелерін­де­гі жолдарың қайсыбір кемшілігін “түгендей” берейік, бірақ айтпаса атасы өлетін бір сорақы жәйт тағы бар. Ол мынандай мәселе. Бір ме­кеме, кәсіпкер немесе қарапайым тұрғын да болуы мүмкін, көшенің бір бетінен екінші бетіндегі ғима­ратына немесе үйіне құбыр тартуы керек болса жолды арық тарт­қан­дай қақ жарып, “жырта” салатын болып алды. Әрине, бетін жапқан болады. Бірақ ол “жамау” ас­фальт­тың бұрынғы сапасымен, қа­лың­дығымен және тегістігімен сәйкес келмей “арық-атыз” болып қала береді. Бұл мысалға көз жет­кізу үшін “ана көше, мына иін” деп атын атаудың қажеті шамалы, қызығушылық танытқан басшыға Тараздың кез келген көшесінен тауып беруге болады. Тіпті облыс әкімі ғима­ратының тура іргесіндегі жолда да осындай “тыртық” бар (Қазыбек би көшесі, ғимараттың сол жағы). Мұндай кемшіліктер қала сыр­тындағы жолдарда да анықталып отыр. Мысалы, Күйік-Қара­бас­тау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент жо­лының кейбір телімдерінде атқа­рылған күрделі жөндеу жұ­мыс­тары барысында салынған асфальт тө­се­нішінде ақаулар анық­талған. Үш­арал ауылына кіре­беріс  пен Төле би-Шоқпар жол­дарында жол үсті жұмыстары сапасыз орындалыпты. Өңірде сапасыз салынған немесе жүрдім-бардым жөнделген бұдан басқа жолдар қаншама? Облыстағы жөнделген жолдар мен оған қолданылатын құрылыс материалдарының  сапасына “Жам­­былжолзертхана” мемлекет­тік мекемесі мен техникалық және авторлық қадағалау мекемелері бақылау жасауы керек. Бірақ бұл мекемелер бір қысқа жетпей ойы­лып қалған асфальт жолға жауап­ты немесе көше жолын “арық-атыздарымен” қақ бөліп тастаған заңды және жеке тұлғалар алдында дәрменсіз сияқты. Облыс экономикасы күрет­амы­рының” бірі  автожол екені белгілі. Бірақ Жамбыл облысының орта­лығы Тараз қаласынан бас­та­лып Тұрар Рысқұлов атындағы, Меркі, Шу және Қордай аудан­дарымен Алматы, Қарағанды, Астана асатын жолдың маңызы ешкімді ойлан­дырмайтын сияқты. Әлде басшылар енді басталғалы отырған “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” күрежолы бар қиын­дық­тан құтқарады деп қол қусырып қарап отыр ма? Оның құрылысы 2,5 немесе 3 жылға созылуы мүмкін. Оған дейін жо­ға­рыда аты аталған аудандарға халық қалай қатынайды? Мекеме, кәсіп­орын­дар өзара қалай байланыс жасай­ды? Барыс-келіс, алыс-беріс қайтіп жүзеге асады? Тұрар Рысқұлов атындағы ауданнан қайтып келе жатқанда жұмысшылардың жол үстіндегі шұңқырларға құм төгіп жүргенін көрдік. Иә, кәдімгі сусылдаған құм. Ол жаңбырлы көктемде бір күн­ге де жетпей лай боп, ағып кет­пей ме? Жоғарыда айтылған анықтамада “Ағымдағы жылға жос­парланған жол жөндеу жұмыс­тарынан бөлек биыл (2009 ж. айтып отыр – К.С.) “Жол кар­тасы” бағдарламасы аясында жөн­деу жұмыстарына барлығы 1730,5 млн. теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1 250,3 млн. теңге, жергілікті бюд­жеттерден – 480,2 млн. теңге. Бұл қаражатқа 27 жоба іске асырылуда, барлығы 296 шақырым жол жөн­делетін болады. Оның ішінде, жер­гілікті мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеу бойынша 16 жоба – 268,9 шақы­рым және Тараз қаласы ішіндегі кө­шелерге күрделі жөндеу бойын­ша 11 жоба – 27,1 шақырым” деген сөздер де айтылған. Сұрақ: сонда осыншама қы­руар қаржы қайда кетті? “Жолға” ма, әлде “солға” ма? Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.