• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Сәуір, 2020

Ұлт руханиятының жанашыры

2552 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының қай-қайсысы да қазақ руханияты үшін үлкен мәнге ие. Бұл бағытта атқарылатын мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіні сөзсіз.

Мемлекеттік бағдарламалар бо­йынша қабылданған шаралар үкімет тарапынан қаржыландырылуы заңды құбылыс десек те, ұлттық құн­ды­лық­тардың бүкілхалықтық қолдауға ие болуы бәрінен маңызды. Бұл ретте мәдени мұраны түгендеуге барынша атсалысып жүрген ғалымдарымыздың еңбегін айрықша атап өткім келеді. Шетелдік архив қорларынан табылған құндылықтарды ғылыми айналымға түсіру, ғылыми және танымдық еңбек­т­ерді жарыққа шығару ісінің қай-қайсысы да қашанда қаржыға келіп тірелетіні сөзсіз.

Міне, осындай сәтте көмек қолын созатын зиялы азаматтардың арамызда болуы халқымыздың ұлттық кодынан берік орын алған жомарттықтың көрінісі дер едік. Игі іске үнемі мұрындық болып, жомарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген сондай абзал жанның бірі – Ғани Смаханұлы.

Алаш қайраткерлерінің ұлтты ұлықтаған ұлы істері мен өнегесіне мектеп қабырғасынан қанып өскен ол Алаш қозғалысының 100 жыл­ды­ғы аталып өтіп жатқан тұста ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары, құжаттары мен фотолары жинақталған көлемді кітапты өз қаржысымен жарыққа шығарды. Мамандығы дәрігер-терапевт бол­ға­нына қарамастан жан-дүниесі ұлттық жауһарларға жақын ұлтжанды азамат қашанда рухани істердің жанашыры. Тарихқа үңілсек, қазақта мұндай Атымтай жомарттар аз бол­маған. Мұндайда есімі мұз айдынымен танымал Медеу қажы Пұсырманұлының Алматы қаласында мешіт-медресе, мектеп салдырғаны, жарлы-жақыбайларға арнап шайхана ашқаны, әйгілі Алматы апортының Жетісу жеріне кеңінен таралуына тікелей ықпал еткені тілге тиек етілетіні сөзсіз. Еліне сіңірген ұшан-теңіз еңбегіне қарамастан жаны жомарт тұлғаның елеусіз қалып, қабірінің басына әлі күнге дейін қол қысқалығынан ескерткіш-белгі орнатылмай келгенін біреу білсе, көпшілігіміз біле бермейміз. Міне, сол айтулы тұлғаның есімін ұлықтауда Ғани Смаханұлының еңбегін айрықша атап өткім келеді. Меценат азаматтың демеушілік етуімен Медеу қажы Пұсырманұлы мен әке дәстүрін жалғастырушы ұлы Жайшыбектің Алматы облысы Іле ауданындағы қабірлерінің басы қарайтылып (арада 100 жылдан астам уақыт өткенде), құлпытас орнатылған болатын.

Ел үшін ерен еңбегімен танылған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың өнегесін ол бо­йына терең сіңіріп өскен азамат. Ұлы­ла­рымызды ұлықтауға қызмет етіп келе жатқан қоғамдық ұйымдардың бастамаларын да назардан тыс қалдырмай, үнемі қолдау білдіріп отырады. Ғани Смаханұлының риясыз көңілімен қолұшын созған игі істерінің бірі – ұлтымыздың тау тұлғалы қос мақтанышы, он үш жыл Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төра­ға­сы болып қызмет атқарған көр­нек­ті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновқа, сондай-ақ «қазақ мұнайының атасы», белгілі мұ­найшы Сәфи Өтебаевқа қоладан құй­дырып жасатқан кеуде мүсіндері болашақ өскелең ұрпақ үшін тағы­лы­мы мол тәрбие мектебі саналады. Сайып келгенде, қарапайым қазақ баласының демеушілігі арқасында тұлғалардың ескерткіштері өз тұғы­ры­на орнатылып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Ғани Смаханұлы ұлт рухания­ты­ның алдыңғы шебіндегі ға­лым­дар­мен де ағалы-інідей тығыз шы­ғар­машылық байланыста екенін айта кету парыз. Сондай сыйлас аға­ларының бірі, қазақтың белгілі ғалымы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешов болатын. Әбдуәлі ағасының ұстазы, атақты ғалым Евней Бөкетовтің 95 жылдығына арналған «Елу жыл ғылым мен білім жолында» атты еңбегінің 3 мың таралыммен жарық көруіне демеушілік жасауы – азаматтық қырының тағы бір жарқын көрінісі.

ҰҒА академигі, тарих ғылым­да­рының докторы, еліміздің тұңғыш антрополог-ғалымы, профессор Оразақ Смағұловтың есімін жұрт жақсы біледі. Жаңашыл идеясы үшін, қайта құру қарсаңында жарыққа шығарған еңбегі тоталитарлық қо­ғам­­­ның идеологиясы тарапынан ұлт­шыл деп айыпталып, біршама қуғын-сүргінге ұшырағанынан да құлағдармыз. Солай десек те, Оразақ ағаның қазақтың алғашқы диссиденті Махмет Құлмағамбетовпен бала кезінен достық қарым-қатынаста болғанын, құжаттар негізінде ұзақ жылдар «Қазақтың айбарлы диссиденті» (Махмет Құлмағамбетовтің өмір жолы)» атты көлемді қолжазба дайын­да­ғанын көбіміз біле бермейміз. Аты­нан ат үркетін, кеңестік билікке қарсы шыққан айтулы азамат туралы ащы ақиқат алға тартылған кітапты қаржыландырып, жарыққа шығара қою оңай іс емес екендігі әу бастан белгілі еді. Оразақ аға бұл еңбекті шығаруды ел тәуелсіздігі жолында қиын жолды таңдаған досының алдындағы парызым деп түсінді. Ал Ғани Смаханұлы Махметтей аза­мат­тың тұтастай коммунистік жүйе­ге қарсы шыққан жанкешті қыз­ме­тіне, әруағына бас иіп, осы игілікті іске мұрындық болуды ұйғарды. Мұны өзінің ұлт алдындағы азаматтық мінде­тім деп санады. Бұл қолжазба да Ғани Смаханұлының демеушілігімен мың дана таралыммен жеке кітап болып басылып шықты.

Сол сияқты 2013 жылдан бері жарық көрмеген ақын-жырау Сар­дар­бек Омарұлы Қожағұловтың абыз, әулие, батыр Райымбек Түкеұлы Хан­келді немересіне арналған «Райымбек» жыр-дастаны кітабы да мың дана таралыммен қалың оқыр­ман­ға жол тартты.

Қазақ руханиятына ғана емес, бүкіл түркі әлемі мәдениетіне ортақ тұлға, қазақтың алғашқы кәсіби дип­ломаты Нәзір Төреқұловтың бір­неше жылдан бері тартпада жатып қалған Сәрсен Бек Сахабат дайындаған «Нәзір әлемі – Мир Назира» атты еңбегі меценат Ғани Смаханұлының демеушілігімен таралымы екі мың данамен оқырманға ұсынылды. Менің пайымымда, ру­ха­ниятқа риясыз қызмет ету қолы ашық, жаны жомарт жандардың ғана қолынан келеді. Руханиятқа құйған қаржысының қайтарымын күткен адамның әрекеті жомарттыққа жатпайды, ол – таза бизнес. Дәрігер-терапевт Ғани Смаханұлы сияқты меценат азаматтардың мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарып келе жатқан мұндай қайырымдылық әрекеттері ұлтымыздың рухани жаңғыруындағы айшықты дәстүрдің үлгісі ретінде сүйіспеншілік туғызады.

 

Хазретәлі ТҰРСҰН,

тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры