Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов онлайн-конференцияда айтты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздегі жоғары оқу орындары 16 наурыздан бастап қашықтан оқытуға көшті. Осыған орай министрлікте бірқатар университеттердің ректорларымен дипломдық жұмыстардың қорғалу жайы талқыланды.
Министрдің орынбасары егер карантиндік шектеулер алынбаса, онда дипломдық жұмыстар қашықтан қорғалатынын жеткізді. Өйткені, оның айтуынша, студенттер дипломдық жұмыстарын ақпан-наурыз айларында алдын-ала қорғаған болатын. Демек, негізгі жұмыс атқарылды. Сондықтан дипломдық жұмыстарды төтенше жағдайда қашықтан қабылдауға әбден болады.