Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жоғары оқу орындары 16 наурыздан бастап қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Осы орайда студенттердің емтихандарына қатысты бірқатар сұрақтар туындады. Бұл сауалдарға Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов онлайн-конференцияда жауап берді.
Қазір университеттегі маңызды топ – соңғы курс студенттері. Олар кешенді емтихан тапсыруы керек. Бұл жұмыс қалай жүргізілмек?
Министрдің орынбасары М.Дәуленовтың айтуына қарағанда, кешенді емтихан қабылдауда әрбір ЖОО үш нұсқаның бірін қолданады:
Кешенді емтиханды қашықтан тапсыру форматында өткізу; Жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою; Кешенді емтиханды кешірек мерзімге ауыстыру (жазға немесе күзге).ЖОО министрлік тарапынан рұқсат алмай-ақ, жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою арқылы кешенді емтихандарды өткізбеу туралы шешім қабылдай алады. Себебі 2018 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары академиялық дербестік алды, соған байланысты негізгі таңдауды университет өздігінен жасауға құқылы.