• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 23 Сәуір, 2020

Тұтқындар тағдыры толық ашылмады

163 рет
көрсетілді

ІІ Дүниежүзілік соғыстың үлкен трагедиясының бірі – әскери тұтқындар тағдыры. Кеңес өкіметі әскери тұтқындар туралы 1907 жылғы  Гаага конвенциясын мойындамағандықтан және Женева конвенциясына мүше болып енбегендіктен Вермахтқа қолға түскен біздің әскери тұтқындарды қорғайтын ешқандай халықаралық құжат болмаған. Осының өзі немістердің дерегі бойынша тұтқынға түскен 5 млн 270 мың адамның тағдырын ойыншық қылды деген сөз.

Дарынсыз қолбасшылардың кесірінен қоршауда қалып, амалсыз берілгеніне немесе жараланып, тіпті есінен айрылып қалып, жаудың қолына түсіп қалғанына қарамастан Сталин барлық тұтқынға түскендерді «сатқындар», «Отанға опасыздық жасағандар» деп бағалады. Мұның өзі тұтқындағы 5 млн солдаттың халін тіпті ауырлата түсті. Тіпті олардың тылдағы туған-туысқандарына да қысастық жасалып, «сатқынның отбасы» деген жала жабылды. Мұндай отбасыларға өкімет беретін жәрдемақы мүлде қысқартылды. Олардың балалары мен әйелдері үнемі шетқақпайлық көріп, жалтаңкөз болып жүрді. Оқуға, жұмысқа қабылдауда оларға шек қойылды.  

1945 жылы соғыс аяқталғанда босатылған барлық тұтқындарды НКВД қайтадан тұтқындап, бірнеше жылдан бас бостандығынан айырды. Ал өркениетті, мемлекеті халқына қызмет ететін Германия тұтқынға түсіп, Кеңес түрмесінде зардап шеккен өзінің тұтқындарына бірнеше жыл бойы өтемақы төлеп тұрған. 1956 жылдан 2015 жылға Бундестаг бұл шығынға 70 млрд еуро жұмсаған екен. Ол ол ма, Германия өкіметі немістердің тұтқынында болған Кеңес азаматтарына да 2500 еуродан өтемақы төледі. Мұны бұрынғы тұтқындар арасынан 367 адам алды.  

Әскери тұтқындарды және олардың отбасы мүшелерін ақтау туралы Қаулыны Кеңес өкіметі тек, 1956 жылы ғана қабылдаған. Бұл құжаттың атауы «Об устранении последствий грубых нарушений законности в отношении бывших военнопленных и членов их семей» деп аталатын еді. Ол тұтқынға түскендер мен олардың отбасыларын ақтағанымен ешқандай өтемақы төлеу туралы мүлде ауызға алмады.

Германиядағы Кеңес тұтқындарының тағдыры да өте ауыр болған. Соғысқа дейін Германия Освенцим (1940 ж.), Бухенвальд (1937 ж.), Маутхаузен (1938 ж.), Штутгоф (1939 ж.), Равенсбрюк (1938 ж). тұтқындардың концентрациялық лагерьлерін тұрғызған. Кеңес солдаттары осы лагерьлерде болған. Сонымен бірге Шталаг деген қосымша, тұрақты лагерьлер ұйымдастырылған. Ал Дулаг дегендері теміржол бойына әкелінген тұтқындарды уақытша қамайтын орын болған. Әрине, миллиондаған тұтқындарды орналастыру, оларға жұмыс тауып беру немістерге де оңай болмаған. Олар Шталагтарды Кеңес одағынан басып алған жерлерге де ұйымдастырған. Мәселен, Смоленск қаласында 1942 жылы 20 мың, 1941 жылы Ригада 40 мың адам сиятын Шталагтар ұйымдастырған.

Германияның өзі соғысқа дейін 17 әскери округке бөлінген. Олар Рим цифрларымен белгіленген. Мысалы, Кенсберг «І» округ болса, онда ұйымдастырылған Шталаг І деп белгіленеді. Сондай-ақ Мюнстер округы VІ санымен белгіленген.

2010 жылы Германиядағы Қазақстан елшілігі ГФР өкіметінің қолдауымен «Арманда кеткен боздақтар» деген кітап шығарған. Онда ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында Германияның лагерьлерінде болған алты мыңнан артық қазақстандықтардың тізімі бар. Соның ішінде 200-ден артығы солтүстікқазақстандықтар.

Осы кітаптың арқасында көптеген жерлестеріміз өздерінің «хабарсыз кетті» деген қағаз келген аталарының деректерін табуына мүмкіндік алды. Соның ішінде Шталаг VІ лагерінде болған бірнеше қазақ бар. «VI» саны көрсетілген соң ол Мюнстер округындегі лагерь деген сөз екені белгілі. Осы лагерьде болып, қаза тапқан Сұлтанғалиев К.С. деген марқұмның дерегі де бар. 1904 жылы туған ол 1942 жылы Курскінің түбінде тұтқынға түскен екен. Лагерьде қайтыс болып, Больхен деген зиратқа жерленген.

1904 жылы Солтүстікте туған тағы бір ағамыз Тұрғымбаев Оспан 1942 жылы Харьковте тұтқынға түсіпті. 1944 жылы лагерьде қаза табады. Сондай-ақ солтүстікқазақстандықтар арасынан лагерьлерде қаза болған Рамазан Әлғапаров (М.Жұмабаев ауданы), Айтмағамбет Балтабаев (әскерге Петропавл қаласынан шақырылған), Темірғали Жұнысов (Аққайың ауданы),  Есжан Сақыпкереев (Сұлукөл ауылы) және басқалардың есімдері белгілі болып отыр.

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуына қарағанда, өкінішке қарай, есімдері белгілі болған ағаларымыздың ешқайсының да туыстары табылмаған. Бәлки, басқа жерлерге көшіп кетті ме немесе ұрпақ қалмаған болды ма, белгісіз.

Әрине, адамның өлген соң топыраққа айналатынын айтып біздің халқымыз олардың рухына құран бағыштаумен ғана шектеледі. Дегенмен, туыстарының қай жерде жатқанын білгеннің артығы болмайды ғой.  

Солтүстік Қазақстан облысы