• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Сәуір, 2020

Мұнайлы экономика көп кемшілігімізді байқатпады

327 рет
көрсетілді

Енді ауылдағы ағайынның әңгімесі мұнайдан басталатыны үйреншікті құбылысқа айналып барады. Қалада да, ауылда да мұнайдың бағасын ғаламтор арқылы бақылап отыр. Бүгінгі таң шикі мұнайының құны 0 доллардан да төмендеп кеткенін хабарлаудан бастады. Сарапшылар мұның уақытша құбылыс екенін айтып, жұртты сабырға шақырып жатыр. 

«Нью-Йорк Таймс» газетінің дерегінше, әлем қоймаларында 6,8 млрд  баррель шикізат сақтайтын қойманың  60%-ы толық, 40 пайызы бос тұр. Мәселе мұнайға деген сұранысқа байланып тұр. Себебі сұраныс мәз емес. Бұрынғыдай ұшақтармен сапарларға аттанбайды, халықаралық сауда болса, күрт бәсеңдеп кетті. Болжамдарға қарағанда, Кариб теңізі жағалауындағы, Оңтүстік Африкадағы, Анголадағы, Бразилиядағы, Нигериядағы энергетикалық шикізат сақтайтын қоймаларда алдағы бірнеше күнде орын қалмауы мүмкін. «Рейтер» агенттігінің мәліметінше, бүгінге дейін жер шарында 160 млн баррель шикізат танкерлерге тиеліп, порттарда тұр. Дүйсенбіде өткен брифингте президент Дональд Трамп мәлімдегендей, «АҚШ үкіметі 75 млн баррель мұнайды Стратегиялық Мұнай Резервіне жеткізу жолдарын қарастырып жатыр. Бұл қор 1973-1974 жылдардағы мұнай эмбаргосынан кейін құрылып, оған энергетикалық дағдарыстар кезінде қажет болатын шикізат сақталды.

Экономистердің есебінше, әлемде мұнайға сұраныс тәулігіне 29 млн баррельге азаяды. Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, Сауд Арабиясы мұнай өндірісін мамырды күтпей, мейлінше таяу арада қысқартуға кірісу жолдарын қарастырып жатыр.  Rystad Energy орталығының дерегінше, АҚШ-та мұнай бағасы 20 долларға дейін түссе, 533,  ал  10 долларға дейін арзандаса, 1100-ден астам мұнай компаниясы 2021 жылдың соңына дейін банкротқа ұшырайды.  Әлемдік  өндірістің әлсірегені туралы деректер де мұнай бағасына қысымды екі өкпеден қысып жатыр. Германия  экономикасы да  мәз емес, Жапония экспорты болса, наурызда соңғы төрт жылдағы минимумға дейін азайған.

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, сейсенбі күні WTI маркалы мұнайдың мамырда жеткізілетін партиясы 1,10 долларға дейін қымбаттаса, оның маусымдық тапсырысының бір баррелінің нарқы 22.15 долларға саудаланған. Бірақ мұның бәрі де алдамшы үміт.  Соңғы күн, экономистердің және жалпы әлемдік қауымдастықтың назарын WTI американдық мұнайға ауды.  Бұл туралы KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Джаромир Рабай  WTI американдық нарыққа жататынын,  Қазақстандық мұнайдың негізгі тұтынушысы - Еуропа нарығы екенін айтыпты. «Біздің мұнай Brent брендіне тиесілі. Біз Brent туралы көбірек тоқталамыз. Біздің мұнайымыздың бағасы Еуропадағы мұнайға деген сұраныс пен мұнай қорына байланысты болады. Егер қорлар толып кетсе және коронавирустық пандемияға деген сұраныс аз болса, онда біздің баға төмендеуі мүмкін», - дейді маман.  

Brent маркалы мұнайға мамыр фьючерстерінің бағасы төмен болса да, маусым мен шілдеде бағалар тұрақтануы мүмкін. Енді бүкіл нарық бұдан кейін не болатынын күтіп, іштен тынып тұр. Ендігі мәселе  еуропалық елдердің пандемияны қаншалықты тез шешетіндігіне және қазіргі жағдайда өз экономикаларын қалпына келтірудің тиімділігіне байланысты. Сарапшылар мұнай бағасы бұрынғы қалпына ешқашан оралмайтынын сезіп отыр. Экономикасын аяғына тік тұрғызған елдер үшін мұнайдың арзандағаны трагедия емес. Ертең пандемияның беті қайтса, өндіріс ошақтары қалпына келіп, халықаралық сауданың күре тамырына қан жүреді. Саясаттанушы Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында тұңғиықтың түбі» деген осы екенін  айтыпты. «Мұнайды тұтыну осымен бітпейді. Дегенмен, мұнай өзінің әлемдік экономиканың басты факторы рөлін біртіндеп жоғалтары анық. Бізге бұл фактордың екі жағы бар. Нашар жағы, бюджеттің 60% мұнай өнімдерін сатудан қалыптасады. Мұнай өнеркәсібінде біздің азаматтар еңбек етіп жатыр.Мұнай өнеркәсібінің қосалқы саласында қаншама адам жұмыс істеуде. Еліміздің экономикасына кері әсері әжептәуір болмақ. Бұл бүгінгі күннің күйбің тіршілігі.Мұнайдың біздің елімізге, экономикасына орасан кері әсері де бар.Еліміздің экономикасы «голланд ауруына» шалдыққан» дейді Ерлан Саиров.

Одан әрі саясаттанушы мұнайсыз да ата-бабамыз өмір сүрген, бала-шағасын асыраған, болашаққа нық қарағанын, болашаққа осылай нық қараудың жолын іздеу керектігін де тілге тиек етіп өткен. «Ол жол бар.  ауылшаруашылығын дамыту, сандық технологияны игеру, адам индексін арттыру, сол мұнайды терең игерудің кластерін ұйымдастыру. Ғылыми-техникалық прогрессті айналымға енгізу. Біз НИОКР дегенді ұмыттық, ғылыми- техникалық даму дегеннен жұрдай болдық. Демократиялық жүйеге жеделдеп өту маңызды. Қазірде демократиялық кешенді бағдарлама қабылдау керек. Еуропа елдері, Скандинавия, Балтық елдері ешқандай шикізатсыз экономиканың арқасында демократия құрып жатыр. Азия елдері, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия шикізатсыз кемелденген экономика құруда. Бізге де осыған дағдыланып, кемелденген халықтық демократия жолына бұрылу керек. Коронавирустан кейінгі қоғамдық ландшафт дегеніміз осы» дейді Ерлан Саиров.

Мұнайлы экономика біздің көп кемшілігімізді сырт көзге байқатпайтынын, экономикалық дағдарыс мұнай түгесілген соң басталатынын Францияда тұратын Берлин Иришев рет айтқан. «Біз мұнайлы экономикадан кейінгі кезеңге өзімізді ғана емес, балаларымызды да бейімдеуіміз керек. Ол кезде біздің шетелдік сарапшыларға төлейтін  қаламақымыз болмайды. Бізді тығырықтан өзіміздің ғалымдар ғана алып шығады. Себебі елдің болашағы солардың қолында» дейді  Берлин Иришев.     

АЛМАТЫ