Дүниежүзілік кітап күніне орай Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, ата-аналары өздері оқыған туындылар мен кітап оқуға қызығушылықты арттыру туралы онлайн пікір алмасты.
Осы мектепте оқушының анасы Бағымкүл Мұратбайқызы кітаптың баланың тұлғалық қасиеттерін дамытудағы маңызы ерек екендігін айтады.
Өзім бала кезден бастап кітап оқуға әуес болдым. Қазақ ақындарының біразын оқыдым. Жұбан Молдағалиевтің шығармаларына құрметім ерекше, – деген ол ақынның 100 жылдығына орай шығармашылығын насихаттаудың бастамасы ретінде өлеңдерін оқыды.
Заманауи технологиялар қарыштап дамыған қазіргі заманда да кітап рухани байлықтың өлшемі болып қала беретіні анық. Мектептің 10-сынып оқушысы Нұрай Өмірзақова үшін «Дүниежүзілік кітап күні» ерекше мейрам болып саналады. Абай өлеңдерін 10 жасында оқи бастаған жас зияткер бүгінде ұлы ақынның 200-ден астам шығармасын жатқа біледі.
– Бірда анам Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқуға кеңес берді. Соңына дейін бас алмай оқып шықтым. Онда айтылған орындарды, тарихи қоныстарды көзіммен көруге талпындым. Осыдан да бесінші сынып оқып жүргенде «Абай оқулары» байқауына қатысу үшін өлеңдерін жаттадым. Сөйтіп аудандық және облыстық байқауда жеңімпаз атанып, Абайдың дүниеге келген топырағы Семейге баруға мүмкіндік алдым, - дейді жас дарын.
«Кітап күнін» Зияткерлік мектеп оқушылары жыл сайын «Тәтті кітаптар» фестивалі, бір-біріне кітап сыйлау дәстүрі қалыптасқан «Кітап әлемді бағындырады» акциясы мен ауыл мектептерінің кітапханаларына жаңа әдебиеттермен қамтамасыз ету «Bookcrosing» шарасы секілді қызықты жобалармен атап өтеді.