Өткен аптада Йемендегі атысты уақытша тоқтату келісімі аяқталды. Осыған байланысты Сауд Арабиясы бейбітшілік жөнінде жаңа келіссөздер жүргізбек. Алайда хуситтер жағы ұсыныстан бас тартты.
Коронавирус пандемиясы мен мұнай құнының құлдырауы Сауд Арабиясына оңайға тимегені анық. Сондықтан Эр-Рияд билігі Йемендегі бес жылдан асқан азаматтық соғысқа ықпал етуін барынша төмендетпек. Осы мақсатта Сауд Арабиясы хуситтермен мәмілеге келуді жөн санап отыр.
Естеріңізге салсақ, Йемендегі қарулы қақтығыс 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақыттан бері шииттердің «Ансар-Алла» қозғалысына жататын хусит көтерілісшілері үкімет әскерімен соғысып жатыр. Сауд Арабиясы сунниттердің басын қосып, коалиция құрып, 2015 жылғы наурыздан бастап азаматтық соғысқа араласқан-ды. Үкімет әскеріне болысқан олар талай мәрте хуситтерге қарымта соққы жасады.
Алайда хуситтер 2014 жылы Йемен астанасы Сананы басып алып, үкіметті Сауд Арабиясына қашуға мәжбүрлеген-тұғын. Содан бері қарулы қақтығыстар сәл саябырсығанымен, мүлдем тоқтаған жоқ. Халықаралық қоғамдастық хусит көтерілісшілерін Иран қолдайды деп айыптады. Алайда оны Тегеран да, хуситтер де жоққа шығарды.
Өкінішке қарай, БҰҰ-ның бейбіт келісімге келу жөнінде әрекеттері нәтиже берер емес. Бүгінге дейін осы елде мыңдаған адам қаза тауып, миллионға жуық йемендік босқынға айналды.
БҰҰ тарапы ұсынған бейбіт келісім жасасуға бұған дейін екі тарап та ынта танытпаған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұнай бағасының құлдырауы мен коронавирус Сауд Арабиясының көзқарасын өзгертті. Әйтсе де хуситтер өздері қойған талаптар орындалғанда ғана үстел басына отыратынын жеткізді. Мәселен, көтерілісшілер өздерінің қарамағындағы Йеменнің солтүстік бөлігінен блокаданы алып тастауды талап етіп отыр. Сондай-ақ Санамен арадағы әуе қатынасын қайта қалпына келтіруді сұрады.
«Біздің талабымыз өте қарапайым. Елімізден кетіңдер, блокаданы алыңдар, бомбалауды доғарыңдар», дейді көтерілісшілер басшыларының бірі Мұхаммед Әли әл-Хуси.
Сонымен қатар хуситтер Йеменде шетелдік күштердің болмауын, коалицияға мүше мемлекеттер қираған үйлерді, зауыттарды және дүкендерді қалпына келтіру шығынын көтеруді, жұмысшылардың жалақысын 10 жыл бойы төлеп тұруды сұрап отыр. Сонда ғана көтерілісшілер Эр-Риядқа келіп, келісімге қол қоймақ. Бұған дейін хусит басшылары мәміле жасасу тек шетелде жүзеге асатынын мәлімдеген еді.
Сауд Арабиясы мен Йемен үкіметі БҰҰ-ның ұсынысын қабылдап, елде тыныштық орнатуға мүдделі екенін білдірді. Алайда көтерілісшілер ұйымның ұсынысына мүлдем қарсы. Жоғарыда айтылған талаптардан бөлек, хуситтер Сауд Арабиясын Йеменнің үкімет басшысы Мансур Хадиді қолдамауы тиіс деп есептейді. Дегенмен, көтерілісшілер Иранмен арадағы байланысты үзуге құлықты емес.
Халықаралық қоғамдастықтың Йемендегі азаматтық соғысқа қатты алаңдауының тағы бір себебі – коронавирус пандемиясы. Әзірге елдегі жағдай беймәлім. Сәуірдің басында бір адамның вирус жұқтырғаны анықталды деген ақпарат тараған. Кейін оның сау екені белгілі болды. Алайда COVID-19 жұқтырғандар туралы нақты мәлімет айту қиын. Алда-жалда вирус эпидемиялық сипат алса, ел билігі оны бақылай алмай қалуы әбден мүмкін. Өйткені Йемендегі ауруханаларда маман жетіспейді, құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Тіпті кей кезде электр жарығы өшіп қалады. Қысқасы, Йемендегі жағдай мәз емес.
Хуситтердің талабын халықаралық қоғамдастық та, Сауд Арабиясының да қанағаттандыруы екіталай. Біріншіден, елге әкелінетін тауарлар мен мұнай өнімдері порттар арқылы кіргізіледі. Яғни блокада бар деген сылтау шындықтың ауылынан алыс жатыр.
Екіншіден, Йемен үкіметін халықаралық қоғамдастық мойындаған. Әділ сайлау арқылы сайланған. Егер үкіметті қолдауға келген шетелдік әскер елден кетсе, бұл БҰҰ-ға да, халықаралық қоғамдастыққа да, Сауд Арабиясына да сын болар еді.
Мұны хуситтер де, Сауд Арабиясы да жақсы түсінеді. Wall Street Journal-дың пайымдауынша, көтерілісшілер мүмкін емес талап қою арқылы келіссөздерге ынтасыз екенін аңғартты.