Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Инвестициялық форумда мамандар пікір жарыстырып, еліміздің инвестициялық ахуалын арттырар жұмыстар, қолға алынған жобалар, жетістіктер мен жоспарлар жайындағы ақпараттармен бөлісті. Шараны Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ашып, сөз сөйледі.
«Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі осы конференцияның өтуін мемлекетіміздің іскерлік өміріндегі маңызды оқиға ретінде қарастырады. Бұл түрлі елдердің саяси және іскерлік шеңберімен диалог, тікелей қатынас орнатудың тамаша мүмкіндігі. Біз бүгінгі кездесуді еліміздің инвестициялық әлеуетінің ілгерілеуінің тиімді тәсілі деп білеміз», деді Ж.Қасымбек.
Конференцияда сөз алған Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы бөлімшесінің жетекшісі Джанет Хекман алдағы жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өсетінін айтты.
«Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанда барлық салаларды қаржыландырып жатыр. Сол себепті басқа xалықаралық ұйымдар мен донор компанияларға қарағанда, біз осы елдегі жағдайды жақсы білеміз. Бүгінде біз баспасөз беттерінде сан алуан болжамдарды оқып жүрміз. Дегенмен, біздің экономистер болашаққа оптимистік көзқараспен қарап отыр. Біздіңше, бүгінде Қазақстан мұнай-газ саласындағы экономикалық құлдырау кезеңінен өтті. Мемлекет аталған сынақты сәтті еңсере білді. Сондықтан биыл ішкі жалпы өнім шамамен 0,7 пайызға өседі деген болжам бар. Ал келесі жылы ол көрсеткіш 2,4 пайызға көтеріледі. Біздің есебімізге сәйкес, қазіргі кезде инфляция өзінің шарықтау шегіне жетті. Енді, ағымдағы жылдың аяғына дейін, сосын келесі айда ақша мен активтердің айналымы қалыпты деңгейге оралады», деді Джанет Хекман.
Конференция жұмысына 100 қазақстандық және агроөндірістік кешен, мемлекет-жекеменшік серіктестігі, кен-металлургия кешені, қуат, мұнай-газ және банк секторлары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инновация, көлік және логистика, тағам өндірісі, химиялық сала, машина құрастыру, кеме жасау, медицина және туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялардан 300-ге жуық адам қатысты.
Шара шеңберінде Қазақстанның индустриясына, инвестициялық қызметтің кеңеюі мен жоғары технологиялық өндірістің дамуына қосқан үлестері үшін шетелдік инвесторларды жыл сайынғы марапаттау рәсімі өтті. Айталық, Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын өңдеу және пайдалану бойынша «КПО» бірлескен кәсіпорны, «Tenaris» италиялық құбыр өнімін өндіруші және жеткізуші, жапониялық НауubeniCorporation уран өндіру, «HeidelbergCement» неміс құрылыс материалдарын өндірушісі, экологиялық таза отын дамытумен айналысатын «KOLON» оңтүстіккореялық компания, «ЭФКО» ресейлік май өндірушісі, «Kelun Kazpharm» қытай фармацевтикалық компаниясы, Қазақстанда ULKER деген атпен белгілі «Pladis» түрік кондитер бұйымдарын өндіруші компаниясы марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының дамуына қосқан инвестициялық белсенділігі үшін Еуропа қайта құру және даму банкі және Үкімет пен шетелдік инвесторлар арасында қатынас орнатудағы үлесі үшін «Шетелдік инвесторлардың Қазақстан кеңесі» ассоциациясының да еңбектері бағаланды.
Инвестициялар және даму министрлігі мен «KAZNEX INVEST» экспорттау және инвестициялау жөніндегі ұлттық агенттігі мұрындық болған бұл конференция аясында индустриялық-инновациялық жобалардың біртұтас көрмесі өтті. Оған 70 қазақстандық компания мен кәсіпкер қатысты.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»